Білім • 07 Ақпан, 2019

Арзан атаққа алданған «ағартушылар»

2778 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мектеп – шығармашылықты шыңдайтын кіршіксіз тазалық ортасы яки ар мен ақиқаттың алаңы да болуы керек. Бүгінде ұят ұстаханасы ұлтқа білім берудің орнына, пайда табатын орынға айналып бара жатқандай.

Арзан атаққа алданған «ағартушылар»

Жуырда «Ұлт ұстазы» ата­ғын бес мың теңгеге сатып ал­ған мұғалімдердің сертификатта­ры ғаламтор бетін шарлап кетті. Абай атамыздың «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?!» дегеніндей, қазір ға­лам­тор бетінен ақылы конкурстар мен ақылы атақтар туралы жарнамаларды кезіктіруге болады. Ақшаң болса арзан атақты сатып алып, шартарапқа шекеңнен қарай бер. 

Міне, осы мәселеге келгенде мұ­раты берік мұғалімдер де екіге жарылып шыға келеді. Бірінші та­рап, әрине, әркім өресінің жет­кен жеріне дейін медаль ала беруді қалайды. Бұл үрдіс әлде­қашан белең алып кеткен. Екін­ші тарап болса, саналы ғұмы­рының жиырма-отыз жылында мұғалімдік қызметінде ешқандай атақ, санат, дипломды сатып алуды ар қылмысы деп санайды. Мұғалім мәртебесі биік болуы үшін мұғалімнің ой-са­насы да жоғары болуы керек. Дабылды алдымен ұятты ұстаз­дардың өздері қақты. 

Танымал мұғалім, «Qazbilim» республикалық орталығының директоры Аятжан Ахметжан бүгін­де мұғалімдер арасында ме­даль сатып алу сәнге айнал­ған­дығын жеткізді. Оның айтуынша, аталған марапаттардың қатарында «Ғасыр ұстазы» (13 мың теңге), «Алаш ұстазы» (10 мың теңге), «Ұлт ұстазы» (5 мың теңге), сондай-ақ, «Ұлағатты ұстаз» (20 мың теңге) атақтары сатылады.

«Ұстаздан ұят кетсе, ұлтта ар болмайды. Иә, өз басым «Ғасыр ұстазы», «Ұлт ұстазы», «Алаш ұстазы», «Ұлы дала ұстазы» деген медальдарды са­тып алу түгілі сыйлыққа берсе, та­­­­ғуға намыстанар едім. «Ұлт ұс­­тазы» деген атты тек Ахаңа – Ахмет Бай­­­­тұрсынұлына қолданып жүр­­міз. Ал олар атқарған істің жүзден бірін тын­дырмай, сол деңгейдегі атақты медаль ретінде сатып алу – ұятсыздықтың шыңы» дейді А.Ахметжан. 
Шынтуайтына келсек, «Ұлт ұс­тазы» деген атақ­ не үшін сатылуы тиіс? Мұн­дай атақты тағайындауға оған кім құ­қық берді? Осындай атақ тара­татындай, ол мекемелер бүкіл Қазақ­станға танылып, еліміздің білім беру ісінде жалпыға мойындалған ба? Егер ондай болмаса, сатып алушы үшін мұндай медальдан қандай қайыр-пайда бар? 

Біреулер сатушыларды кінәлайтын шығар, бірақ ақшада ар мен ұят болмайды. Бизнесте алушы болса, тауар өндіруші қашанда бар. Бизнеске айналдырып алғандар да сол арланбайтын қауымның бар екенін білетіндер ғой.

Ұстаздардың пайымдауынша, жо­ғарыда айтқан жеңіл марапаттарды таратушылар мектеп директорымен мәмілеге келеді екен. Жалпақ тілмен айтқанда, директор «үлесте» болуы мүмкін. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз, оны құқық қорғау органдары анықтар. Алайда, директор ұсыныс жасағанда бас тартқан мұға­лімге көзқарас қалай қалыптасарын шамалаймыз.

Алдымен мұндай жүйесіз жүл­­­де­лерді кімдер үлестіріп жүр деген жайтқа үңіл­дік. Бұл мара­пат­­тардың бір парасын респуб­ли­калық «Жаңа ға­сыр таланттары» интеллектуалды-олим­­­­­­­­­пиа­далық шығармашы­лық ор­­­та­­­­лығы тағайындаған. Шығар­ма­шылық орталықтың ди­­­­­­рек­­торы Алмагүл Өтегеева ке­зек­ті­ іс-шараның бірінде үкілі «үз­дік­терді» марапаттап: «Білімді ұрпақ тәр­­биелеген ұтады» деп ұлы абыз Қорқыт айтып кеткендей, «ұстаз» деген ұлы атқа лайық болу әрбір шәкірт тәрбиелеп отырған кез келген көшбасшы мұғалімге тән қасиет деп білемін. Жалпы, ұстаздық жұ­­­мы­сымен қатар көшбасшы, жан-жақ­ты және көшті бастай алатындай қайратты әрі шыдамды болуы керек. Осы сөзімнің дәлелі ретінде байқауға баптап, балаларын қосқан бүгінгі ұстаздарымызды атап көрсетуге болады», - деген. Соны айта келіп орталық директоры бірқатар мұғалімді «Ғасыр ұстазы» төс­белгісімен марапаттап, аудан әкімдігінің Білім бөлімінің басшысына алғысын білдірген. Бұл ақпарда іс-шараның қорытынды есебін жазған сайт ұстаздардың есімін ашық көрсетеді. Біз соның өзінде қателігін түзер деген қазақы жора бо­йынша арзан атаққа ұмтылғандарды әшкерелегіміз келмеді.

Жалпы, Білім және ғылым ми­­нистр­­­лігінің салалық көтер­­ме­леу жү­йесі бойынша «Білім туралы» за­ңында ве­дом­ство­лық наградалармен марапат­таудың негіздемелері темір­дей тәртіппен бекітіліп беріледі. Тіп­ті «Ы.Алтынсарин», «Ғы­лымды да­мы­туға сіңірген еңбегі үшін», «Білім беру ісінің құрметті қыз­мет­кері» төсбелгілерімен марапаттау ми­нистр­ліктің «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаты» болған жағдайда жүр­гізіліп, одан қала берді медальдар кеуденің сол жағына, төсбелгілер кеуденің оң жағына тағылатынына дейін белгіленген жоралғылары бар. Ал жоғарыда аталған жолшыбай жолданып жатқан сөлкебайларда бұл тәртіптердің бірі де сақ­талмайды. 

Медаль деген марапатқа кімдер лайық деуіміз керек. Айталық, «Ы.Ал­­­­тынсарин» төсбелгісіне ке­лер­­­ болсақ, білім беру мен тәрбие­­леу про­цесін ұйымдастыру мен жетіл­­дірудегі, оқыту мен тәрбиелеудің бір­тұтастығын қамтамасыз ету­дегі, білім беру және тәрбиелеу бағдар­ламаларын іске асыру­дағы елеулі табыстары, оқу­шы­лар­­ды, тәрбиеленушілерді прак­­ти­калық даярлаудағы, олар­дың шығармашылық белсен­ді­лігін да­мы­­тудағы табыс­тары, облыстық (аудандық), респуб­ликалық, халық­аралық білім бағдар­ламалары мен­ жобаларын­дағы жетістіктері үшін білім беру органдары мен ұйым­дарында 10 және одан да көп жыл еңбек өтілі бар қызметкерлер марапатталады. Ал жоғарыда айт­қан «Ғасыр ұстазы» медаліне қа­рап отырып, он жыл өтілің емес, он мың теңгең болса, аталған марапат­қа жетудің қиын еме­сін қи­нала мо­йындайсың.

«Ғасыр ұстазы» атанып жат­қан­дар, аты қарапайым бол­ғанымен, ата­ғы алты атанға жүк болатын «Еңбек ардагері» меда­лі­мен 40 жылдан астам, оның ішінде бір салада кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ, еңбек қызметінде жо­ғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер және зей­нет­к­ер­­лік жасқа жеткен адамдар ма­­рапат­талатынын біле ме? Білген жағ­дайда, әлдебір жиында сондай атағы бар адаммен қатар отырып қалса қан­дай күй кешеді екен?.. 

Бұл атышулы атақтар жайлы Бі­лім және ғылым министрлігіне сұрау салғанымызда, ведомство білім беру жүйесінің қызмет­керлерін ынталандыру және ма­ра­пат­тау Білім жә­не ғылым министрлігінің салалық көтермелеу жүйесін бекіту туралы» Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушысының 2013 жылғы 8 тамыздағы № 324 бұйрығына сәй­кес жүзеге асырылатындығын мә­лімдеді. «Білім және ғылым сала­сындағы қызметкерлерді марапаттау туралы ұсыныстар Ұлттық мереке – «Тәуелсіздік күнін», кәсіби мерекелер – «Ғылым қызметкерлері кү­нін», «Білім күнін», «Еңбек күнін» және «Мұғалім күнін» мерекелеу жағ­дайы бойынша министрлікте қа­ралады. Министрліктің ведом­ство­лық марапаттау­ларына тек «Ы. Ал­тын­са­рин» төсбел­гі­сі, «Қа­­зақ­стан Рес­пуб­­ли­ка­сының ғы­­­лы­мын да­­­­­мытуға сі­ңір­­ген еңбегі үшін» төс­­­­белгісі, «Қазақ­стан Рес­пуб­ли­ка­сының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі және Білім және ғылым ми­нистрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты жатады. Жоғарыда көрсе­тілген марапаттаулардан басқалары министрліктің марапаттауларына жат­пайды және олар сатылмайды. Себебі әрбір облыс білім саласында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген үздік ұстаздарын марапаттау туралы ұсыныс мате­риалдарын министрлікке жолдай­ды. Марапаттау материалдары­ министрліктің ведомстволық на­­градалар жөніндегі комис­сия­сы­ның отырысында қара­лып, ше­шім шығарылады. Жоғарыдағы баян­далғандардың не­гізінде мұ­ға­лім­­­дерді аттестаттау ке­зінде ми­нис­тр­­­ліктің марапаттаулары ғана еске­рілетінін мәлімдейміз» дейді БҒМ Мектепке дейінгі және ор­та білім департаментінің бас сарапшысы Ай­ман Дүйсенбаева.

Заманында шынайы ұлт ұс­тазы бола білген Ахаңа, яғни Ахмет Бай­­тұрсынұлына бейресми болса да беделі мен берері зор аяулы атақ­ты алғаш рет педагог, ақын Мағ­жан Жұмабайұлы өз мақаласында қол­данып, әрі қарай Ахаң­ның төл пас­портына айналған екен. Ал бүгінде ат­тап бассаң, «Алаш ұстазына» ұшы­расасың...

Мирас АСАН,

«Egemen Qazaqstan»