Аймақтар • 07 Ақпан, 2019

Оралда зейнеткер әйелді тонаған қылмыскер ұсталды

385 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

4 ақпан күні кешкі сағат 5-тен өте Орал қаласы Гагарин көшесіндегі 99-үйдің ауласында қылмыс болды. Тепсе темір үзетін жас жігіт аулада, есік алдында демалып отырған зейнеткер әйелге қол жұмсап, ұрып құлатып, қалтасынан «Homtom HT16» маркалы ұялы телефонын алып кеткен.

Оралда зейнеткер әйелді тонаған қылмыскер ұсталды

1945 жылы туған қорғансыз әйелге қарсы жасалған осы қылмыс аулада орнатылған бейнебақылау камерасына бастан аяқ жазылып қалыпты.

Беті-денесі көгеріп-ісіп, дене жарақатын алған жәбірленушіні полиция қызметкерлері Орал қалалық көпбейінді аурухананың жарақат бөліміне жеткізіп, оған алғашқы медициналық жәрдем көрсетілген. «Ол амбулаториялық ем-дом алады», - деп хабарлады жергілікті денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Орал қаласы ПБ патрульдік-полициясы батальонының қызметкерлері осы қылмысты жасаған үшін 1981 жылы туған күдіктіні анықтап, ұстады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөліміне (тонау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде» деп хабарлады БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Әлия Наурызғалиева.

2018 жылы Орал қаласындағы бейнебақылау камералары арқылы 16 104 заңбұзушылық анықталған болатын.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан