07 Ақпан, 2019

Депутаттар ел ішінде

701 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттарының аймақтарға жұмыс сапары жалғасуда. Халық қалаулылары облыстардың шалғай ауылдарына дейін барып, жергілікті тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесіп, мемлекеттік бағдарламалардың мақсат-міндеттерін және заң шығару үдерісінің жай-жапсарын түсіндіріп жатыр, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Депутаттар ел ішінде

Атырау облысына жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаттары Амангелді Дәуренбаев, Асылбек Смағұлов және Бақытгүл Хаменова Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында «Жылоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының тыныс-тіршілігімен танысты.

Депутаттар Мемлекет басшысы белгілеген экономикалық өсімнің жаңа моделін жасауға мүмкіндік беретін еліміздің экономикалық дамуының негізгі басымдықтары туралы және Мәжілістің заң шығарушылық қызметі жөнінде кеңінен әңгімелеп, өндіріс  қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді.

* * *

Мәжіліс депутаттары Түркістан облысына сапары аясында «Нұр Отан» партиясы, Отырар аудандық филиалының кезектен тыс конференциясына қатысты.

Жиынға қатысушылар  еліміздегі негізгі саяси күш – «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл толғанын ерекше айта келіп,  ұйым Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын басшылыққа ала отырып, заман талабына сай жаңа биіктерді бағындырып келе жатқанына тоқталды. 

Мәжіліс депутаты Майра Айсина бастауыш партия ұйымдары әрдайым партияның алғы шептегі қозғаушы күші болғандықтан, оларға жүктелетін жауапкершіліктің де зор екенін алға тарта келіп, ұйымның 20 жыл ішіндегі жетістіктеріне тоқталды. 

* * *

Ал депутаттар Арман Қожахметов, Снежанна Имашева, Ольга Шишигина және Құралай Қаракен  Қостанай облысының Қарабалық ауданында ірі мал бордақылау алаңы бар «Астық индустриясы» агрохолдингінің жұмысымен танысты.  

«Астық индустриясы» агрохолдингінің бас директоры Дәулет Ахметқалиевтің айтуына қарағанда, алдағы уақытта компания 5 мың тонна ет өндіріп, 2 мың тоннасын сыртқа жөнелтуді межелеп отыр. Шаруашылықта цифрлы технологиялар да кеңінен қолданылуда. «Ақылды ет фермасы»  өз тиімділігін көрсетіп, шығынды азайтуға мүмкіндік берді. Ірі қараға арналған арнайы азық беру жүйесі де құрастырылған. 

* * *

Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Әбдіманап Бектұрғанов Алматы облысына жұмыс сапары барысында Ескелді ауданындағы ГЭС-2 құрылыс алаңында болды.

Депутат өткен жылдың қазан айында басталған құрылыс жұмыстары барысымен танысып, құрылысшылармен және энергетикалық компания өкілдерімен кездесті.

Жаңа электр стансасының маңыздылығын атап өткен Мәжіліс депутаты оның іске қосылуы аймақтағы электр қуатының құнын төмендетуге көмектесетініне сенім білдірді.

* * *

Солтүстік Қазақстан облысына сапары барысында депутаттар Ирина Аронова, Серік Құсайынов, Абай Тасболатов, Ирина Унжакова, Тарас Хитуов және Юрий Тимощенко Киров атындағы зауыттың еңбек ұжымымен кездесті. 

Қазіргі уақытта зауыт теміржол автоматикасы, телемеханика, байланыс және теміржол көлігі үшін қауіпсіздік жүйелері құралдарын жасайды. Бұдан басқа, цифрлы теледидарға арналған, медициналық мекемелер үшін жабдықтар, мұнай-газ кешені үшін өнімдер және байланыс құралдарын шығарады.

Кездесу барысында депутаттар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамаларының маңыздылығына тоқталып, олардың ішінде отандық өндірушілерді қолдау, инновациялық және сервистік секторларды дамытуға бағытталған жұмыстарын ерекше атап өтті. 

* * *

«Нұр Отан» партиясы Жуалы аудандық филиалының кезектен тыс конференциясына Мәжіліс депутаттары Бақытжан Ертаев, Сапар Ахметов, Серік Сейдуманов, Фахриддин Қаратаев, сондай-ақ партия ардагерлері, Жуалы аудандық мәслихатындағы депутаттық фракция мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.

Конференцияда төрт мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. 

* * *

Ал Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданында Мәжіліс депутаттары Марат Бопазов пен Артур Платонов 2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерді аралап көрді.   

Бұдан соң Мәжіліс депутаттары «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде аудан жастарымен кездесті. Сонымен қатар аудан орталығындағы жаңадан жабдықталған балалар шығармашылығы және жаңа технологиялар орталығында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.