Аймақтар • 07 Ақпан, 2019

Сыртқы істер министрлігінде дипломатиялық корпуспен кездесу өтті

598 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялардың және халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің басшылары үшін брифинг өткізді. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Сыртқы істер министрлігінде дипломатиялық корпуспен кездесу өтті

Ведомство басшысы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің басты міндеті - ел азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру екендігі белгілегенін атап өтті. «Сыртқы істер министрлігінің басты міндеті - саяси және дипломатиялық жолмен елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қолайлы сыртқы жағдайларды қамтамасыз ету», - деді кездесуді ашқан Министр.

Қазақстан көпжақты және көпдеңгейлі дипломатияны сыртқы саясаттың стратегиялық ресурсы ретінде қарастырады. Астананың месседжі анық - «блоктық ойлауды» жеңу және әлемнің күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша консенсусқа қол жеткізу үшін жетекші державалар арасындағы инклюзивті диалог қажет. Шиеленістер ұжымдық жауапкершілік қағидаты негізінде дипломатиялық жолмен шешілу қажет. Бұндай үндеулерді Елбасы барлық жоғары деңгейдегі трибуналардан жеткізеді. Оның жаһандық ойыншылар арасында (АҚШ, РФ, ҚХР, Еуропалық Одақ) кездесуді ұйымдастыру және Хельсинки актісін жаңарту бойынша бастамалары бұл мақсатқа жетуге бағытталған. Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалысты нығайту үшін белсенді жұмысын жалғастырады. Оған қоса, Алматыдағы БҰҰ Өңірлік хабын құру бойынша жұмыс жалғасады.

2019 жылдың күн тәртібінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы және Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесі аясында жоғары деңгейдегі іс-шараларды дайындау мәселелері бар.

Мемлекет басшысының бастамасы бойынша Астанада алғашқы Түркітанушылардың дүниежүзілік конгресінің өткізілуі жоспарлануда. Биылғы жылы ЕАЭО туралы шартына қол қойылуының 5 жылдығы және Президент Н. Назарбаевтың еуразиялық интеграция бойынша идеясының 25 жылдығы атап өтіледі. Сондай-ақ XII-ші Астана экономикалық форумы мен «Үлкен Еуразия. Диалог. Сенімділік. Әріптестік» тақырыбында Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV-ші кеңесі жоспарлануда. 2020 жылғы маусымда Астана қаласында Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші Министрлік конференциясы өтеді.

Қазақстан жанжалдарды шешуге қолғабыс көрсетуді жалғастырады, атап айтқанда Астана процесі шеңберіндегі Сириядағы дағдарысты.

СІМ басшысы Қазақстанның Ресей, Қытай, АҚШ, Орталық Азия, Еуропалық Одақ, ТМД елдері, Түркия, Иран, Шығыс Араб, Азия мен Африка мемлекеттері, сондай-ақ Канада және Латын Америка елдерімен өзара іс-қимылының басымдықтары туралы әңгімеледі.

Сыртқы істер министрлігінің жаңа функцияларын ескере отырып, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдіру бойынша кешенді жұмыс күшейтілетін болады. Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, Инвестицияларды дамытуға жәрдемдесу бойынша «Ұлттық инвестициялық бағдарламасы» әзірленіп қабылданды. Елдегі инновациялық және сервистік секторларды дамытуға бағытталған прагматикалық экономикалық қатынастардың географиясының кеңейтілуі күтілуде.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы, сондай-ақ ЭКСПО негізінде «AstanaHub» халықаралық IT-стартаптар технопаркінің іске қосылуы бірлескен бастамаларға жақсы мүмкіндік береді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын жан-жақты зерделеу және оны әлемдік деңгейде көтеру жөніндегі жұмыс күшейтілетін болады. Қазақстан мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық әлем елдерімен қарым-қатынаста маңызды факторға айналатынына сенімді.

Визалық режимді либерализациялау бойынша жұмыс жалғасады. Бүгінгі күні 45 елдің азаматтары отыз күнтізбелік күнге дейін Қазақстанға визасыз кіруге құқылы. 20 елмен азаматтық паспорттардың иелері үшін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойылған. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасында шетелдік азаматтар үшін электрондық форматта бірыңғай виза берудің пилоттық жобасы іске қосылған. Туристік электрондық визалар - 117 мемлекеттің азаматтарына, сондай-ақ іскерлік және емдеуге арналған визалар - 23 мемлекетке беріледі.