Ықпалдастық – өмір талабы
Сенбі, 22 қыркүйек 2012 7:29
Болашақ Еуразиялық Одақтың бастапқы негізі – Біртұтас экономикалық кеңістік біздің халықтарымыздың бірлесе табысты дамуының ауқымды ареалы ретінде болмақ.
НұрсұлтанНАЗАРБАЕВ.
Сенбі, 22 қыркүйек 2012 7:29
Болашақ Еуразиялық Одақтың бастапқы негізі – Біртұтас экономикалық кеңістік біздің халықтарымыздың бірлесе табысты дамуының ауқымды ареалы ретінде болмақ.
НұрсұлтанНАЗАРБАЕВ.
* * *
Мен Еуразиялық Одақтың әрбір мүше елдің мүдделерін ескеретін, нақты да шынайы өкілеттіктерге ие, консенсус негізінде іс-қимылдар жасайтын ұлтүстілік органын құруды ұсындым. Бірақ бұл саяси егемендікті беру дегенді тіптен де қарастырмайды. Бұл аксиома. Негізіне интеграция бойынша әріптестердің теңдігі алынған Еуразиялық Одақ құрудың табысты тәжірибесі дәл осындай болмақ.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
ИӘ, МҰНЫ УАҚЫТТЫҢ ӨЗІ АЙТЫП ОТЫР
Бүгінде Еуразиялық экономикалық аймаққа бірігудің дүбірі тіптен жиі естіліп, бұл идеяның сөзден гөрі нақты іске аса бастағанын күнделікті өмірде көріп, біліп жүрміз. Жалпы осы ықпалдастықтың маңызы, мәні, әлеуеті қандай? Біз бұл жөнінде ғалым, саясаттанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Сапарбек САХОВТАН сұраған едік.
– Саясатта кез келген нәрсе бірден бола қоюы мүмкін емес,– дейді бұл жөнінде әңгіме иесі. –Кез келген идеяның екінші жағы да болады. Бір нәрседен ұтсақ, бір нәрседен ұтылуымыз мүмкін. Өмір философиясы талабының өзі сондай. Сол себептен бұл одақтың пайдасы не дегенде біз ең алдымен оның түбіне, тереңіне, болашағына үңілуіміз керек. Меніңше Еуразиялық аймаққа бірігу мәселесінің біз үшін маңыздылығы әлі де көп айтылмайтын сияқты. Насихат аз. Көбінесе Елбасының қозғауымен, талдап көрсетуімен білеміз. Сондықтан көзі ашық, оқыған азаматтар ғана болмаса, қарапайым халық бұл мәселенің тереңіне ой жібере алмай, жалпылама ғана біледі. Ал, бұл дегеніміз біздің тағдырымыз емес пе?! Оны үнемі талдап, зерттеп жүрген басылымдар, ғалымдар сиректеу. Сондықтан бұл экономикалық аймақтың маңызы, мәнін жете зерттеп, елге түсіндіру қажет. Пайдасы бар деп жалпылама айта салмай, ұңғыл-шұңғылын талдап, жілікше шағу қажет.
Саясаттанушы ретінде бұл ықпалдастықтың мән-маңызы туралы айтар болсам, ТМД аумағындағы елдер алдағы уақытта бірте-бірте экономика және мәдени мәселе жағынан жақындай түсіп, түбі еуразиялық экономикалық аймаққа бірігеді. Мұны өмірдің өзі қажет етіп отыр. Дәл қазір бұл идеяға Қазақстан, Ресей, Белоруссия және Қырғызстан президенттері бейіл болып жүр ғой. Алдағы уақытта бұл одаққа басқа да елдер бірігеді. Мен тіпті шикізат іздеу, сауда нарығы, мәдени қарым-қатынас жасау бағытында Балтық жағалауындағы елдер де осы идеяға жақындайтынына бек сенімдімін. Бұл үшін ең алдымен мемлекеттер демократиялық нормаларды сақтап, тәуелсіздік талаптарын орындап, елдер арасындағы өзара сыйластықты негізгі шарт деген ұғымды берік қалыптастыруы қажет.
– Сонда бұл экономикалық аймаққа бірігу – уақыт талабы, оны жағдайдың өзі қажет етіп отыр дейсіз ғой?
– Қазір ХХІ ғасыр. Бұл дәуірдегі саяси жағдай да, экономикалық тыныс-тіршілік те мүлдем бөлек. Жасыратыны жоқ, жер бетіндегі 200-ге жуық мемлекеттің бәрі бір-бірінен пайда көруге ұмтылады. Қазақстанның жері кең, қойнауы қазба байлыққа толы. Еліміздегі осы байлықты тек қорып қана, ешқандай әрекетсіз, тек алақан жайып отыра берсек, біз одан ұтыламыз. Бұл жерде бар мәселені сыртқы байланыс, қарым-қатынас шешеді. Біріншіден, біз ол байлықты өзіміз игере алмаймыз. Оны жүзеге асыратын техника, технология, тәжірибе. Ол жағы бізде жеткіліксіз. Екіншіден, жоғарыдағы байлықты игерген күннің өзінде де оны сыртқы нарық саудасына шығарудың, өнімді саудалаудың қиындықтары өте көп. Абайламасаң, қарызға батып қалуың мүмкін. Әлемде «үлкен сегіздік» деген атпен белгілі одақты білесіздер. Оған мүше елдер бір-бірімен ынтымақтаса, келісе отырып, өз мүдделерін қорғайды, өз саясатын жүргізеді. Одан бөлек Еуроодақ, «үлкен жиырмалық» деген ұйымдар бар. Сондықтан жер жүзіндегі дамыған мемлекеттер бір одаққа кіріп, екі жақты, одан топтық, аймақтық, құрлықтық келісімдер жүргізіп, өз болашақтарын жасап жатқан кезде, біз бір шетте бөлек, оқшауланып тұра алмаймыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев о бастан-ақ елді тығырықтан шығару, экономикамызды дағдарыстың толқынынан аман алып қалу жұмыстары осы бағытта өрбитінін айтқан болатын. ХІХ ғасырдағы Жапония сияқты ешкімді кіргізбейтін жабық ел болудың керегі жоқ. Сондықтан ХХІ ғасырда Еуразиялық экономикалық аймақ қажет.
Әрине, Қазақстанды бүгінде дүние жүзі таниды, барлық ел мойындайды. Әлемдік рейтингте 51-ші орынға көтерілдік. Сондықтан соңғы 20 жыл ішінде толағай табыстарға қол жеткізген еліміздің Еуразиялық экономикалық аймақта да салмағы басым, дауысы жарқын, беделі биік болатыны анық.
– Еуразиялық экономикалық аймақтың алғашқы қадамдары басталып та кетті. Кеден одағының құрылуы, ЕурАзЭҚ, көрші елдермен бірлескен кәсіпорындардың дүниеге келуі алдағы уақытта бұл ықпалдастықтың әлі де тереңдей, адымы ашыла түсетінін байқататын секілді.
– Бұл идеялардың барлығын алғаш рет Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көтергенін бәріміз жақсы білеміз ғой. Шынында бүгінгі саясатта кез келген ел достарсыз өмір сүре алмайтыны белгілі. Ал, біз неге досты алыстан, Африкадан немесе Австралиядан іздеуіміз керек? Кедендік одақ – Еуразиялық экономикалық аймақтың сөзден гөрі нақты іске көше бастағанының белгісі. Енді біздің елдің алдында тұрған басты міндет – БСҰ-ға мүше болу. Еуразиялық экономикалық аймақ Қазақстанның БСҰ-ға мүше болуына зор ықпалын тигізетіні анық. Сондықтан аймақтың тынысын ашып, елде біріккен кәсіпорындарды көбейту керек. Көрші елдердің экономика саласындағы жақындасуын заң жүзінде жүзеге асыру осы Еуразиялық экономикалық аймаққа жүктеліп отыр. Әйтсе де оның оқпанына жұтылып кетпей, басқа елдермен тереземіз тең болу үшін әлі де көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс. Ең бастысы – осы жүйені түсінетін, жағдайды екшеп, оң шешім қабылдай алатын білікті кадрлар дайындау қажет деп ойлаймын.
Әңгімелескен
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.