07 Ақпан, 2019

Артта қалу шалғайлықтан емес, шалағайлықтан

849 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тобыл-Торғай өңірінде барлық ауылдық округтер әкімдері тұрғындар алдында есеп берді, ендігі кезек аудан әкімдеріне тиді. Аудандар мен қалалардағы экономикалық өсу, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы мен әлеуметтік мәселелердің орындалуы облыстың экономикалық деңгейін құрайтыны анық. Сондықтан өңірдің нығаюы аудандар мен қалалардағы жұмыстардың деңгейіне тікелей тәуелді. 

Артта қалу шалғайлықтан емес, шалағайлықтан

Тұрғындар алдында есеп беруді Қамысты ауданы бас­тады. Бұл шараға облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің өзі қатысты. Аудан әкімі Ға­зиз Бекмұхамедов ауданда жыл төңірегінде атқарылған жұ­мыс­тарды атап өтті. 13 мың­­­­­­­­нан аса тұрғыны бар 
аудан ауыл шаруашылығымен ай­­налысады. Өткен жылы гектарынан 11,6 центнерден өнім алды. Бұл үшін ауданда біраз жұмыс жүргізілгені ай­тылды.

Алайда облыс әкімінің аудан­да атқарылған жұ­­мыс­тарға көңілі толмады.­ Неге? Өңір бас­шысы аудан­ның табиғи тұрғыдан қолай­лылығы бола тұра, әлеуметтік әлеуеті, экономиканы дамыту әрекеті уақыт талабына жауап бере алмай отыр деп бағалады. Архимед Бегежанұлы ауданда ең алдымен шағын және орта бизнестің көңілдегідей дамымағанын ортаға салды. Шағын және орта бизнесті дамытуға Елбасының аса мән беріп отырғаны бекер емес. Экономиканы дамытудың бұл саласы адамдарға жұмыс бе­­руді қамтамасыз етіп қа­на қоймайды, халықтың тұр­мысын көтеруге ықпал ете­ді. Ең маңыздысы, са­лық­ төлемін арттырады. Аудан­­­да­ғы 500 кәсіпкерлік субъек­­тінің 20 пайызы тоқтап тұр.­ Қамысты ауданының тұр­­­ғын­­дары өздерінің тұр­мыс­­­­тық қажеттілігін өтеу үшін көрші Жітіқара ауда­нына шапқылайды. Бел­сен­­ді кәсіпкерлер аудан ор­та­­­­­­лығынан дұрыс монша, шаш­­­тараз, жастар демалатын, бос уақытын өткізетін шатхана, спорт залдарын ашса, тұрғындар өзге ауданға жүгірмес еді. Тұрғындардың «балабақша қашан көгілдір отынға қосылады?» деген сұ­рағы да отқа май құйғандай болды. Аудан орталығына газдың келгеніне біршама жыл болса да, балабақша оның рахатын көрмеген. Об­лыс әкімі айтқандай, ұйым­дастыра білсе осының бар­лығы да жүзеге аспай қа­латын шаруа емес. Соны­мен қатар топы­рағының құ­­­­­на­ры аз, бонитеті төмен бол­­­­­ған­дықтан, мұнда егін ша­руашылығынан гө­рі ет ба­ғы­­тындағы мал шаруашы­лығына маңыз беру керектігін де еске салды. Өйткені ауданда өндірілген тауардың алдымен өзіндік құны арзандамай, жұмыс алға баспайтыны аян. 

А.Мұхамбетов аудан әкі­­­мі есебін қорытынды­ла­ған­да бүгін­гі уақыт тала­бына ілеспей, нарықтық, экономи­ка­лық тиімділікті зерттемей, есептемей ауданның еңсесі көтерілмейтіндігін айтты. 

– Ауыл шаруашылығына мемлекет үлкен қаржы бөліп отыр, түрлі бағдарлама бар. Тіпті бір мал шаруа­шы­­лы­­ғының өзіне қаншама субсидия береді, соның бар­­­­­­лығын аудан уақтылы, тиім­­­ді пайдалана алмайды. Жол, ауыз су, газбен қам­та­ма­сыз­ ету секілді басты шаруа­ мем­лекеттің көмегімен, рес­­­­­пуб­ликалық, облыс­тық­ бюд­­жеттің қаржылан­ды­ры­луымен шешімін табады. Ал ауданның көлемінде ат­қарылатын, ұсақ істерді тап-тұйнақтай атқаруға неге болмайды, – деді өңір басшысы.

Бұрын шалғайда жат­қан ауданға да, ауылға да ме­шеу­лік тән сияқты көрінетін. Қа­зір оған илануға болмайды. Бү­гінгі уақыт жылдамдығы мен мүмкіндігі «Айшылық, алыс жерлерден, жылдам хабар алғызды» деп Ыбырай Ал­тынсарин бабамыз айтқан болжамнан да асып кеткен. Жұ­мысқа деген ниет пен ба­с­тама болса, қалғанына мүм­­­кіндік мол. Осы орайда, шалғайдағы тұрмыстың жақ­­сы мысалын алыстан із­деу­дің де қажеті жоқ. Дәл осы Қамысты ауда­нын­­да­ғы «Алтын­са­рино» мен «Қарабатыр» жауап­кер­­шілігі шектеулі се­ріктес­тік­­терінің даңқы қазір об­лыстың сыртына кетіп қал­ған. «Алтынсариноны» Қа­зақ­­станның Еңбек Ері Бо­рис Князев басқарады. Оның шаруашылығын да, ауы­­­­лын да шөлдегі оазис­пен теңестірсе болады. Ал Марат Құдайқұлов былтыр шаруа­шылықтың есебінен 90 миллион теңгеге ауыл клу­бын жөндеп қойды. Онда Қызылорда облысынан қоныс аударған жас­тар жұмыс орнын тапты. Олар­ды көшіріп алуды, бас­панамен қамтамасыз етуді де шаруашылық өз мойнына алған. Іс дөңгеленді ме? Әрине! 
Интернет заманында­ «шал­­­­­­­­­­­ғайдағы аудан» деген­ тү­сі­нік­тің қолданыстан ке­тері де алыс емес шы­ғар. Бір Қамысты емес, об­лыс­та­ғы барлық 
ау­­­дан мен қа­ла әкімдерінің есе­бі тіке­­лей­ эфирден берілді, аудан­ тұрғындары интернет ар­қылы да сұрақ беріп жатты. Қайталап көреміз десе, ин­­тернетте тұр. Әкімнің есе­бі тыңдалған Алтынсарин, Мең­діғара, Жангелдин, Ұзын­көл, басқа да аудандарда мем­лекеттік бағдарламаларға қа­тысудың көрсеткіштеріне мән берілді және әлеуметтік мә­селелердің өзектілігі баса айтылды. Оның барлығы облыс орталығына жақындық немесе шалғайлықтан емес, шалағайлық болмаған жерде түзелерін уақыт сыбырлап та үлгерген секілді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

ҚОСТАНАЙ