Көздің жауын алатын алқызыл түспен боялған, шынымен қапталған, темірден жасалған аялдамаларды көптеп кездестіруге болады. Бір сөзбен айтқанда, ортақ бір стандарт сақталмаған. Әрине, бұл алабажақ аялдамалар мегаполис көркін бұзып тұр дейді тұрғындар. Егер қала көшелерін аралай қалсаңыз, тіпті, Кеңес Одағының көзіндей болған ескі аялдамалар да кездесіп жатады. Қаланың орталық көшелері мен шеткі аудандарындағы тұрғындар қоғамдық көлік күтетін орынның сыйқы осындай.
Шымкенттің көшелерінде жалпы 806 аялдама бар. Алайда, миллионды қала үшін жеткіліксіз. Мәселен, қала әкімдігі орналасқан Астана даңғылы бойында автобус кондукторларының аузында ғана айтылатын аты бар, заты жоқ «Метро» деген аялдама бар. Белгі ретінде тек қоғамдық көлік суреті салынған тақтайша тұр. Жаңа әкімшілік іскерлік орталығына жақын маңдағы Т.Назарбеков көшесінде де осындай жағдай. Аялдаманың белгісі болғанымен, өзі жоқ. Бұл олқылық жауын-шашын, қарлы күндері қоғамдық көлікпен қатынайтындарды әбігерге салуда. Сайда саны, құмда ізі жоқ мұндай аялдамаларды тізбелей берсек, таусылмас. Ең бастысы, республикалық мәртебеге ие шаһарға 325 аялдама жетіспейтіндігін жауапты басқарма өкілдері де айтып отыр.
«Шымкенттің қақ ортасында ғана жаңаланатын аялдамалар қандай стандарттарға сай болуы керек?» деген сұраққа қалалық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Бектұрсынов екіұшты пікір білдірді.
Айтуынша, аялдамалардың 95-і жеке меншік, 53 аялдама көп жылға жалға берілген және 100 қызыл аялдамаларды кәсіпкерлер салған. Олардың сапалық стандарттарына меншік иесі мен кәсіпкерлер өздері жауапты екен.
Жергілікті әкімдік өкілдері биыл мегаполисте 160 аялдама салу жоспарланған дейді. Оған қазынадан 70 млн теңге қаражат бөлінбек. Қазіргі таңда түрлі жобалар ұсынылып жатыр. Әрқайсысы 437 мыңға түсетін қоғамдық көлік күту орындарының стандарттық сапасы жауапты басқарма тарапынан қатаң қадағалауға алынбақ.
Анығында, әр жылы қазынадан сапалы аялдамалар орнатуға қыруар қаржы бөлініп жатыр. Алайда, аптап ыстық пен қақаған суықта көлік күткен қалалықтарға ыңғайлы әрі жылы аялдама жетіспей-ақ келеді.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент