Өнер • 08 Ақпан, 2019

Отандық фольклортану ғылымының мақсаттары мен міндеттері хақында

1813 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлттық өнерді ұлықтаудың жаңа мақсаттары мен міндеттері айқындалды. Мұнда «Дала фольклорының көне сарындары», «Дала фольклорының антологиясы» сияқты стратегиялық маңызды жұмыстардың заман талабына сай зерттелуін, жаңа қоғамдағы дәріптелуі мен насихатын жаңа белеске көтеру міндеттері тарқатыла жазылған. Елбасы үндеуін орындау барысында отандық ғылымның алдын­да қандай қарекет-мұрат болмақ, ұлт өнерін жаңа деңгейге көтеруде, зама­науи цифрлы жұмыстарды іске асыру жолында әуелі не істемек керек дегендей сұрақтар туындайды. 

Отандық фольклортану ғылымының мақсаттары мен міндеттері хақында

Қазіргі кезде отандық ғылымға Елба­сы аманат еткен осынау толағай тап­сыр­маны қоғамдап, заманға сай сауат­ты бағдарлама жасау әрекеттерін ұсы­ну қажеттілігі туып отыр. Қазақ халқы­ның ауызша дамыған фольклорлық мұра­сы­ның болмысы әуелден біртұтас, дегенмен осы уақытқа дейін ол қалыптас­қан ғылыми тұғырларға сүйене отырып, жанры­на қарай – әдеби фольклор, музыка­лық фольклор деп екі айырыла зерттелгені белгілі. Бұлайша бөле зерттеу белгілі деңгейде өз жемісін бергенін айта кету парыз. Тәуелсіздігіміздің жаңа тарихында отандық фольклортану ғылымы тамаша табыстарға қол жет­кізгенін де ауыз толтырып айта аламыз. Мұнаралы (монументал) еңбектердің ішінде, әдеби салада – «Бабалар сөзі» көптомдығын, тарих саласында – «Түркі халқының тұғырлы тұлғалары» сериясын, музыкалық салада «Мәңгілік сарын», «Қазақтың 1000 күйі», «Қазақтың 1000 әні» сияқты сүбелі еңбектерді айт­сақ та жеткілікті. Ендігі жерде осынау қарқынды еселей отырып, фольк­лордың сөз өнері мен саз өнерін тарихи зердемен біріктіре зерттеудің де кезегі келген секілді. 

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының өзектілігі – дала фольк­­лорының әуелгі сафи болмысын сақтау, оның ішінде әдеби және му­зы­калық фольклорды кешенді түрде зерт­теу болып табылады. Яғни, біз осы­ған дейін фольклорлық мұрамыз­ды «сөз өнері», «саз өнері» деп жанрға бөле қарас­тырсақ, ендігі жерде оның синк­реттік табиғатын бұзбайтын һәм тарихи тұғырын таныта алатындай тұтас кешенділік қажет. ­Мәселен, күй жи­на­ғына қатысты аудио, видео немесе ноталық жазба түрін­дегі жинақтар құрас­т­ырар болсақ, күй мен оның аңыз-әңгі­мелері бірге өрілуі, музыкалық туын­­дыға қатысты тарихи-шежірелік дерек­тері бірге жинақталуы керек-ақ. Әл­бет­те, бұл әдістеме халықтың әнге де, дәстүрлі жыр мен терме, айтыс пен дас­танға да, тұрмыс-салт жырларына да қатысты болмақ. Себебі әдеби фольк­лордың музыкалық бейнесі (немесе кері­сінше, музыкалық фольклордың әдеби әдібі) ғылымда дербес бағыт болып есептелгенімен (филология, өнертану) синкреттік көзқараспен бағамдағанда бір-біріне бөтен жанр бола алмайды. Осы жерде фольклордың күрделі синкреттік қасиеті жөнінде бір ауыз айта кетпесек болмас. Фольклорлық туынды дәстүрлі өнер­дің әртүрлі саласын біріктіреді, мұн­да сөз, музыка, театр өзара қабыса дамып, табиғи келісім тапқан. 

Фольклорлық мұрамыздың тұтас­тығы арқылы жаһандағы жеті жұртқа ұлт­тық келбетімізбен, түркілік тамыр ны­шанымызбен танылу, руханияты­мыз бен мәдениетіміздің деңгейін әлем­дік биік деңгейге көтеру мақсаты тұр. Жер шарында өзіндік фольклоры арқы­лы мемлекеттік дидарын (брендін) қалып­тас­тырған, сол арқылы тарихта да, саясатта да ұлы жеңістерге жеткен ұлттар мен ұлыстар жеткілікті. 

Ұлы дала фольклорының мыңжылдық тарихын зерттеу – өте күрделі ғылыми сарапты талап ететін кірпияз жұмыс. Фольклордың тарихын зерделеудің жалпы ғылымға ортақ әдістемесі бар десек те, біздің дәуірімізге дейінгі, біздің дәуірімізден кейінгі ғасырлардағы фольклорымыздың хроникалық сипатын екшеу оңай іс емес. Себебі кәсіби ғылым салалары (тарих, жағырапия, архитектура, этнография, этнология, социоло­гия, культурология, әдебиет, музыка, хорео­графия, театр, сурет, қолөнер, т.б) біріз­ді болса һәм кешенді түрде жұмылса ғана іс оң нәтиже бермек. Мысалы, қа­зақ­­тың күй өнеріндегі ең көне туынды («Сарыөзен», Сарыатан», «Сынған Бұғы», «Ақсақ марал», «Аққу», «Қасқыр», т.б.) қай ғасырда туғанын анықтау үшін тек қана өнертану ғылымына жүгіну то­лық­қанды нәтиже бере алмайды, шы­ғар­маның кезеңін танып-болжау үшін іргелі тарих ғылымына сүйенуге тура келеді. Бұл әдеби фольклорға да қатысты мәселе.

Елбасының мақаласында айтылған міндеттерді қолға алу барысында әдеби-музыкалық мұраның табиғи дамуына қатысты тереңдетілген, жанры мен стилі айқындалған антологиялық зерттеу істері, олардың этнометодология­сы айқындалуы қажет. Ықылым заман, ежелгі дәуір, орта ғасырлық кезең, отар­шылық ғасырлары, кеңес дәуірі сияқты белестердің куәгері болған ұлы даланың абыз фольклоры келер ұрпаққа қастерлі мұра болып жалғасуға тиіс. Еңселі ел, егеменді отанымыздың рухани мұраны сақтау және дамыту барысындағы басты мұраты да сол. 

Ұлы дала фольклорын зерттеу саласына отандық және шетелдік мамандарды тарту жайлы айтқан Елбасы ұсыны­сы ұлттық руханияттың көкжиегін кеңейту­ге жасалған ізгі қадамдардың басы болуы тиіс. Бұл жерде қазақ фольк­лоры­ның көркем мазмұнын, миф­тік негіз­дерін сақтай отырып, жаңа фор­мат­пен күллі адамзат игілігіне ай­нал­дыру мұраты тұр. Әрине бұл жер­де шетелдік мамандармен бірге жұ­мыс атқару тәжіри­бесі біздің ғылыми орта­ның беделін көтере­тін болады. Еура­зия және алты құрлық әлемде өзге жұрт­қа жұғысты болған көшпенділердің мұ­расы мол. Ат тұяғы жеткен жерде баба­ларымыздан қалған аңыз-дастан, әп­сана-ертегі сюжет­тері осы күні зүмі­рет­тің сынығы секіл­ді шашылғаны, әлемнің әр тарапына тара­ғаны, кейіннен сол топыраққа сіңіп те кеткені аян. Қазақ эпостарының өзге елдерге тарап ва­рианттылық жағдаятымен сіңіп кет­кенін кезінде В.М.Жирмунский жаз­ғаны баршаға белгілі. Солардың бәрі жинақталуға, жүйеленуге тиісті. Ғы­лымға шетелдік мамандарды тарту ар­қылы жарқын болашақта Зарина мен Шырақ аңызын, Қорқыт баба сөз­дерін, жыл жырласа таусылмайтын қаһар­мандық дастандарымыздың иесі ұлы дала екенін әлем жұртшылығына паш ететін ғылыми тұғыр жасай аламыз.

Елбасының «Музыкалық дыбыстар мен әуендер табиғи аспаптармен ғана емес, олардың заманауи электронды нұс­­қалары арқылы да шығарылады» деген сөзі де ұлттық фольклорды қай­та түлетудің бір жолы екені даусыз. Бұл жерде төлтума қазақ музыкасын жаппай эстрадалық өңдеу қажет деген пікірден мейлінше сақ болуымыз керек. Өйткені Елбасы сөзі табиғи акусти­калық аспаптарда фольклордың орындалуы­на мысқал шектеу қоймай­ды, кері­сінше оның баламасы ретінде элек­тронды аспаптар шығару және сол арқылы дәстүрлі өнердің бұқаралық насихатын жаңа форматта қоса атқару жұмыстарын жандандыруды мегзейді. Фольклордың эстрадалық сипатын жасау – аса күрделі процесс. Қазіргі отан­дық эстрадалық білім ұлттық фольклор­ды сауатты өңдеуге әлеуеті толық же­те­ді, алайда қоғамда жеңіл музыкаға бейім­делген әуесқой көзқарас басым еке­ні рас, сондықтан әуесқойлыққа емес, кәсібилікке басымдық берілгені жөн. Бұл салада кәсіби эстрадалық оркестр­лер мен аспаптық ансамбльдер ұжымын жасақтау міндеті алдымыздан шыға келеді. Ұлттық эстрадалық мәдениетті қалыптастыру үшін қазақ радиосы мен ұлттық арна аясында эстрадалық-симфониялық оркестр қайта жасақталса (аталған ұжым бұрын радиода штатта болған, жетекшісі – композитор Кеңес Дүйсекеев еді, оркестр бұлағай заманда тарап кеткен) қыруар игі жұмыстар атқарылар еді. Осының аясында фоль­к­лор­дың классикалық-камералық өң­делуін де қамту мүмкіндігі бар.

Елбасының «Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлы форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс» деген сөзі жалпы ұлттық мұрамызды жаңғыртудың алғышарты болып табылады. Яғни, осыған дейінгі жинақтал­ған және жиналмақ музыкалық-әдеби фоль­к­лорымыздың шетелдіктерге де қол­жетім­ді бола алатындай мүмкіндіктерін табуы­мыз қажет. Бұл орайда әлемдік интер­нет аудиторияны қамти алатын digital сайттар мен электронды жур­налдар жасақтау бағыттары жандана түспек. 

Қазақ фольклорын жинақтау, фольклор экспедицияларын ұйымдастыру ісі де Елбасының мақаласында ерекше ескерілген. Бұл орайда Мәдениет және спорт министрлігі мұрағаттарды жи­нақ­тау жұмыстарын жақсы жолға қой­ға­нын атап айтуға болады. Десек те, осынау бастамаға қоғам болып қол­­дау білдіруі­міз қажет. Еуропа мұ­рағат­тарында, сақтал­ған жәдігер­лері­мізді былай қой­ған­да, Мәскеудегі, Таш­­кент­тегі архивтер мен дыбыс жазу қор­­ларында кеңестік дәуірдегі музы­­ка­­лық байлығымыз мол. Осы салада мем­лекеттік деңгейде келі­сім жұмы­старын жандандыру арқылы отан­дық зерттеу институттарына арнайы ғы­лы­ми жобалар тапсыруға болады. Сонымен қатар Түркия, Қытай, Моңғолия мемлекеттеріндегі баба тарихымызға тиесілі мүліктерімізді де түгендеу, оларды ел игілігіне айналдыру міндеттері  ғылыми мұратымыз болмақ. 

Жанғали ЖҮЗБАЙ,

күйші, өнертанушы