Аймақтар • 08 Ақпан, 2019

Парламент Мәжілісінің депутаттары өңірдің ауыр өнеркәсіп жайымен танысты

364 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары Қызылжар өңіріне жұмыс сапары барысында  «С.М.Киров атындағы зауыт» акционерлік қоғамында болды.

Парламент Мәжілісінің депутаттары өңірдің  ауыр өнеркәсіп жайымен танысты

Халық қалаулылары кәсіпорынның ұжымымен кездесіп,  Жолдауда айқындалған міндеттерді жүзеге асыру барысы туралы әңгімелесті. Ірлегі өндіріс орны теміржол көлігі үшін автоматика, телемеханика, байланыс және қауіпсіздік жүйелері құралдарын жасап шығарады. Сондай-ақ, сандық теледидар, медициналық мекемелер үшін жабдықтар, мұнай-газ кешеніне өнімдер және байланыстың арнайы құралдарын өндірумен де айналысады.

«Өнімдерді  Қазақстанның барлық өңірлеріне жөнелтеміз. Олардың қатарында темір жол көлігі, энергетикалық өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, коммуналдық қызмет кәсіпорындары көптеп саналады. Соңғы уақытта осызаманғы талаптарға толық сәйкес келетін құрал-жабдықтарға сұраныс артып келеді. Тиісінше жаңа жұмыс орындары құрылды. Қазіргі уақытта  алты жүзге жуық адам жұмыс істейді. Орташа айлық жалақы 153 мың теңгеден айналады», деді «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ өндіріс бөлімінің басшысы Александр Криволапов.

Мәжіліс депутаттары Абай Тасболатов, Ирина Аронова, Тарас Хитуов, Серік Құсайынов пен Ирина Унжакова 3D-принтерлер, радио және әртүрлі техника үшін электронды платаларды өндіру цехында болды.  Бүгінгі таңда зауытта екіқабатты электрондық платаны әзірлеу желісі тиімді жұмыс істеп тұр. Болашақта көпқабатты платаларды шығару жоспарланып отыр.

 «Отандық өндіріске көп көңіл бөлу керектігін Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында атап көрсетті. Платаларды өндіру – уақыт талабы, олар электрондық жабдықтар, радиостанциялар үшін өте қажет. Ұлттық қауіпсіздік мәселесінде өте маңызды. Көптеген электрондық аспаптарда шетелдік өндіріс платалары орнатылған, енді біз оған отандық өнімді пайдалану мүмкіндігіне иеміз. Бұл елімізді ақпараттық және киберлік қорғау тұрғысынан өте қолайлы», – деді Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен  Қазақстан»

Солтүстік  Қазақстан облысы