Қазақстан • 08 Ақпан, 2019

Талдықорғанда таяуда ашылған «ақылды» аялдама  қайта жабылды

582 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласының көшелеріне smart-аялдамалар салынып жатқанын бұған дейін жазған едік. Өкінішке қарай, бірнеше көше бойына орнатылып, қала тұрғындарына көзайым болып үлгерген аялдамалар жұмысы тоқтатылды.

Талдықорғанда таяуда ашылған «ақылды» аялдама  қайта жабылды

- Бұл қалыпты жағдай. Қазір бірнеше аялдама кешені жабылды. Бірақ, уақытша. Қабанбай көшесіне қойылған аялдама аумақты кеңейту жұмыстарының басталуына байланысты сүрілді. Тағы бірнеше көшедегі аялдамаларды мердігер компаниялардың жұмысты талапқа сай атқармағанына байланысты уақытша жаптық. Сүрілген аялдаманы қайтадан қою жол жөндеушілер есебінен жасалады, - деді бізге Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныс.

Бірақ, қала тұрғындары алды 11 млн теңге, соңы 8 млн теңге қазына қаржысы жұмсалған «ақылды» аялдамалардың ашылмай жатып жабылуына наразы. «Талдықорғанда 8 млн теңгеге жаңа үйлерден бір бөлмелі пәтер алуға болады, ал ескі үйлерден 2 бөлме келеді. Сонда әкімдік ақшаны далаға шашқандай болып тұр ғой. Әрі бұл аялдамалардың іші отыруға ыңғайлы, жылы әрі тегін  Wi-Fi болған. Жастар үйрене бастап еді...» дейді қала тұрғыны Қайрат Әбдірахманов.

- Қаланың Жалайри көшесі бойына орнатылған аялдаманың құны ғана11 млн теңге, оны мердігер компания үлгі үшін орнатқан болатын. Әкімдік салу бағасы қымбат болғандықтан оны балансқа алмады. Ары қарай не болатыны белгісіз. Ал қалған аялдамаларды салуға 8 млн теңге шамасында қаржы жұмсалды, - деп түсіндірді баспасөз хатшысы Данияр Жаныс.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы