11 Ақпан, 2019

Қылмыс неге көбейіп келеді?

1087 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы облысында өткен бір жыл мерзім ішінде аса ауыр қылмыс саны 13 пайызға, ал ауыр қылмыс саны 10 пайызға төмендеген. 

Қылмыс неге көбейіп келеді?

Бірақ, құқық қорғау сала­сын сауықтыруға қатысты қабыл­данған шаралар мен ішкі істер органдары қызметінің материалдық-техникалық базасының жаңар­ты­луына қарамастан 2018 жылы өңірде мал ұрлығы өршіп, қалтаға түсу мен үй тонау фактісі де жиі тіркелген. 

– Алматы облысы тұрғын үй­мен біріктірілген учаскелік полиция пункттерінің құрылысын республикаларда алғашқы болып бастаған аймақ. Бүгінгі күні жоспарланған 220 нысанның 162 нысаны пайдалануға беріл­ді. Біз еңбек ету жағдайларын жақ­сарту үшін қажетті көлікті, арнайы құ­ралдарды қамта­ма­сыз етіп келе­міз. Биыл 136 автокөлік пен 954 планшеттік компьютер сатып аламыз. Жол-патруль полициясының барлық қызметкерлері авто­кө­лік­тегі бейнетіркеу құрылғысы мен бейнежетондармен толық қам­тылды. Мұнан бөлек, Қапшағай қаласында, Қарасай, Панфилов аудандарында 500 бейнебақылау камералары орнатылады. Облыс орталығында қосымша 515 бейнекамера орнату тағы жоспарланып отыр. Ал облыс аумағында 968 бейнебақылау камерасы бар. Алайда, соған қарамастан, по­ли­ция қызметінің жұмысы төмен көрсеткішке ие, – дейді тәртіп сақшы­ларының жұмысын сын­ға алған облыс әкімі Амандық Баталов. 

Сынға өзек болғанындай, ай­мақтағы қылмыс жасау дерегі был­тырғыға қарағанда 7,8 пайыз­ға көбейген. Жалпы аймақ­тағы құқықбұзушылық көрсет­кіш­терін аудандарға бөліп қарас­тырған­да, негізінен Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле және Жамбыл аудандарында қылмыс­тық оқиға жиі орын алған. Об­лыс бойынша жасалған қылмыс­тың 60 пайы­зы осы аталған аудан­дар­дың еншісінде. Мәселен, Алматы қаласына жақын қоныс­танған Жамбыл ауданында 3 адамның өмірін қиған қылмыскер ұсталса, іргедегі Іле, Еңбекшіқазақ аудандарында да кісі өлтіргендер құрықталды. Тәртіп сақшылары бұл аудандардағы қылмыстың көбеюін мегаполис маңындағы қыл­мыстық ахуалдың тұрақсыз­дығынан деп түсіндіреді.

Рас, орган жұмысында оң нәти­же бар. Яғни, полицияның жедел қимыл әрекетінің арқасын­да аса ауыр қылмыстың ашылу көр­­сеткіші 92,9 пайызға және ауыр қылмыстың ашылу дең­гейі 66,4 пайызға жеткен. Мұ­нан бөлек, бұрын жасалған 3 мың­ға жуық қылмыс ашылып, кінәсі дәлелденген 2430 адам өткен жылы қылмыстық жауап­кер­ші­лікке тартылыпты. Ал облыс­тың тергеу органдары ұзын саны 5333 қылмыстық істі сотқа жолдаған. 

Жалпы, жергілікті атқарушы билік тарапынан полиция қыз­мет­керінің жұмыс істеуіне барлық қолайлы жағдай жасалғанын жоға­рыда айттық. Әсіресе ауыл­дық өңірлердегі құқық тәрті­бін сақ­тауға бағытталған шаралар жет­кілікті. Оның ішінде поли­цей­лердің әлеуметтік жағ­дайын жасау бірінші орында тұр. Алматы облысында өткен жылы тұрғын үймен біріктірілген 167 учаскелік полиция бекеті са­лынған. Бұл жұмыс әлі де жал­ғасады. Айтпақшы, биыл Қап­шағай көліндегі қауіпсіздікті қам­тамасыз ету үшін арнайы полиция қызметі құрылады. 

– Қапшағай су қоймасының жағалауында патрульдік полиция қызметін құру идеясына облыс әкімі тарапынан қолдау көрсетілді. Қазір жұмысты жандандыру үшін 2 қайық пен үш шаңғы қажет. Бұл мәселе жақын күндері шешіледі, – дейді Қапшағай қалалық полиция басқармасының бастығы, подполковник Эльдар Әбдікенов.

Шынында да, Қапшағай жа­ға­жайында жаз кезінде дем­алу­шы­лар қатары көбейеді. Қо­ғамдық тәртіпті құрлықта қада­ғалау оңай болғанымен, аза­мат­тардың судағы жеке қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету арнайы құралмен жабдықталған полиция жасағынсыз қиын болып отыр. Ал қыс мезгілінде де көл үстінде балықшылар мен саят­шылардың өміріне қауіп төнген мысалдар жеткілікті екен. 

Айтпақшы, облыс әкімі мен тұрғындардың полиция қызметіне қатысты сындарлы көзқарасы тәртіп сақшыларының жұмысын ширата түскен сыңайлы. Обалы не керек, тәртіп сақшылары тарапынан жедел әрекет жасалып жатыр. Олар жаңа жылдан бері суық жүріс пен ұрлықты кәсіп еткен бірнеше қылмыстық топты әшкерелеген. Ал жақында барымтаға кеткен мал аман табылып, иесіне қай­та­рылғаны жайлы да жағымды хабар жетті. Мәселен, Іле ауданы Қараой ауылының тұрғыны қора­сындағы 13 бас жылқының қолды болғанын айтып, ішкі істер бөліміне шағымданған екен. Із кесушілер жедел қимылдап, күдіктіні тапты. Ол 47 жастағы сол ауылдың тұрғыны болып шықты. Ұзамай жоғалған жылқының дерегі анықталып, көрші облыс аума­ғына асып кеткен 13 бас жылқы дін аман кері қайтарылды. 

– Қарой ауылының тұр­ғыны Іле аудандық ішкі істер бас­қармасына 13 бас жылқы­сының ұрланғанын айтып, 3 миллион 250 мың теңге шығын шеккені жайында арыз берген болатын. Полиция тарапынан жедел әрекет жасалып, 4 күн ішінде күдіктіні ұстадық. Жо­ғалған жылқы табылды. Қазір ол адамның үстінен тергеу басталып, басқа да мал ұрлығына қатысы бар-жоғы тексерілуде, – дейді Ал­маты облыстық ІІД баспасөз қыз­метінің өкілі Көбейхан Нұрахмет.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы