Қазақстан • 11 Ақпан, 2019

Сапа стандартына сай медициналық мекемелер анықталды

939 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы еліміздегі медициналық ұйымдарды аккредиттеу бойынша 2018 жылдың қорытындысын жариялады.

Сапа стандартына сай медициналық мекемелер анықталды

Өткен жылы аккредиттеуге еліміздегі 95 медициналық ұйым қатысқан. Оның 65-і − мемлекеттік, 30-ы − жекеменшік медициналық ұйым. Сараптамалық бағалау нәтижелері бойынша қатысушы ұйымдардың 10-ы жоғары санатты, 43-і бірінші санатты және 38-і екінші санатты мәртебе алған. Ал қалған 4 медициналық ұйым сынақтан сүрінген.

Денсаулық сақтауды дамыту респуб­ликалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханованың айтуынша, бұл аккредиттеу медициналық қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруда ерекше рөл атқарады. «Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының ақпа­ратына сүйенсек, дамушы елдерде меди­циналық қызметтің 70-80 пайызы сапасыз көрсетіледі. Медициналық ұйым­дарды аккредиттеу әлемде бар баға­лау жүйесі. ТМД елдерінің ішінде тек Қазақстанда 2009 жылдан бері жұ­мыс істеп келеді. Өкінішке қарай, елі­міздегі 1378 медициналық ұйымның қа­зірге дейін 30 пайызы ғана аккредит­теуге қатысты. Олар сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсету талаптарын толық орындайтынын дәлелдеуі үшін 3 жылда бір рет ерікті түрде тексеруден өтіп тұрады. Бұл жүйе былтырдан бастап ақылы түрге ауысты. Оны 2017 жылы халықаралық International Society for Quality in Health Care сертификатын алған біздің орталық қолына алып отыр. Бізде 200-ден астам сарапшы бар. Оларды жылына екі рет курстан өткізіп отырамыз. Сарапшылардың арасында дәрігерлерден бөлек медбикелер мен денсаулық сақтауды ұйымдастыратын әкімшілік сарапшылар да бар», деді А.Айыпханова.

Сондай-ақ ол былтырдан бастап аккредиттеудің талаптары күшейгенін жеткізді. «Бұған дейін 200 түрлі талапты орындағандарға куәлік беріліп келсе, былтырдан бастап жаңа бағалау үлгісін енгізіп, 500-ден астам стандартты белгіледік. Онда медициналық қызмет көрсетудің жан-жақтылығы, яғни дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігінен бастап дәрі-дәрмек, тазалық, өрт қауіпсіздігі, тіпті науқасқа дайындалатын астың қауіпсіздігіне дейін тексеріледі. Бұл ерікті шара болғандықтан аккредиттеуден өтпей қалған ұйымдардың өзі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасып, олардан қаржы алуға мүмкіндігі бар. Егер аккредиттеу міндетті болып өзгеретін болса, жаңағы 70 пайыз ұйым қатыса алмайды да, халықтың қолжетімділігі төмендеп қалады. Сондықтан халықаралық тәжірибеге сай әрбір ел аккредиттеуді енгізгеннен кейін алдыңғы 20-30 жылда ерікті түрде жүргізеді», деді орталық басшысы. 

Жиында жоғары санатты алған University Medical Center КҚ, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ, «Репродуктивті медицина институты» ЖШС, «ЭКО орталығы» ЖШС, «Орталық қалалық клиникалық аурухана» ШЖҚ МКК, «Орталық клиникалық аурухана» АҚ, Шымкенттегі «Облыстық клиникалық аурухана» ШЖҚ МКК және Ақтау қаласынағы «Sofie Medgroup/Софи Медгрупп» көпсалалы клиникасы» ЖШС сияқты 10 медициналық мекемеге аккредиттеу куәлігі табысталды.  

Қазір елімізде 413 ұйымның қолданыстағы аккредиттеу мәртебесі бар. Олардың 271-і мемлекеттік, 142-сі жекеменшік мекеме. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Аккредиттеу жөніндегі комиссия мүшелері қатысқан басқосуда 2018 жылы аккредиттеуге қатысқан медициналық ұйымдардың үздік тәжірибелері сөз болды.

Майгүл СҰЛТАН, 

«Egemen Qazaqstan»

Суреттер ДСДРО Баспасөз қызметінен алынды.