Қазір Қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар әзірлеп жатыр. Өйткені қоғамдық кеңес институты пайда болғалы олардың жұмысын ұйымдастыру мен жүргізуге байланысты ұсыныстар мен сын-ескертпелер көбейген. Ол ұсыныстардың негізгілері Астанада қоғамдық кеңестердің II республикалық мәжілісінде талқыланып, оның нәтижесі мәжілістің қорытынды қарарында көрсетілді.
Елімізде 2016 жылдан бері Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша 229 қоғамдық кеңес құрылған. Атап айтқанда, қазір 16 республикалық және 213 облыстық деңгейдегі қоғамдық кеңестер жұмыс істеп тұр. Олардың жұмысына төрт мыңға жуық адам тартылған.
Алайда, Қоғамдық даму министрлігі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сын-ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып, қоғамдық кеңестердің жұмысын одан әрі жетілдіруге ниетті.
Республикалық мәжілісте жасаған баяндамасында Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев қоғамдық кеңестер жұмысына талдау жасай отырып, қазіргі қалыптасқан ахуалға байланысты сын-ескертпелерін де жеткізді.
Министр, біріншіден, қоғамдық кеңестер жергілікті мәслихаттардың құзыретін қайталамауы тиіс екендігін ескертті.
Сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы қоғамдық кеңестердің құрамындағы үкіметтік емес ұйымдардың үлесінің аз екендігіне назар аударған. Қазіргі уақытта олардың үлесі 35 пайыздан аспай отыр. Оған қоса, кеңестердің құрамын ардагерлер ұйымдарының өкілдерімен, саяси партия мүшелерімен, бұрынғы мемлекеттік қызметкерлермен толықтыра салу үдерісі белең алған. Сондықтан да халықаралық ұйымдар азаматтық қоғамның елдегі қабылданатын шешімдерге ықпалын төмен бағалаған.
Осы көріністерге байланысты Д.Кәлетаев қоғамдық кеңестердің «ақсақалдар жиналысына» айналып кеткендігін сынға алды.
– Қазір қоғамдық кеңестер құдды бір «ақсақалдар жиналысына» айналып кетті. Кеңес мүшелерінің 60 жастан асқандарының үлесі 35 пайыздан асады. Оның үстіне мүшелерінің төрттен үші – ер-азаматтар. Демек, гендерлік тепе-теңдік сақталып отырған жоқ. Ал жастардың үлесі 5 пайыздан аспайды, – деді Қоғамдық даму министрі.
Сонымен қатар облыстарда қоғамдық кеңестерді құруда халық саны есепке алынбаған. Бұл тұрғыда қоғамдық кеңестерді көбейтіп жіберген Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары мысал ретінде айтылды.
Қоғамдық даму министрі қоғамдық кеңестердің шешімі мемлекеттік органдарға тек ұсыныс түрінде берілетіндіктен, жұмыстың нақты нәтижесі мен орындалуын бақылау оңайға соқпайтындығын айтты. Оған қоса, қоғамдық кеңестердің сайттары тек жалаң ақпараттармен, жеңіл-желпі есептермен толықтырыла салған.
Алдағы уақытта қоғамдық кеңес мүшелері аймақтың халық санына шақталуы, жұмысының тиімділігін анықтауға бағытталған іс-шаралармен қатар, әрбір азаматтың, ұйымның белсенділігі де талданып, сыйақы төлеу жүйесі енгізілуі мүмкін.
– Қоғамдық кеңес мүшесі үш жиынға қатыспаса, мүшеліктен лезде шығарылады. Сондай-ақ басқа кеңестерге кіруіне шектеу қойылады. Бір сөзбен айтқанда, енді «қара тізім» жасалады, – деді Д. Кәлетаев.
Жалпы, арада үш жыл салып ұйымдастырылған республикалық мәжіліске еліміздің барлық аймағынан келген қоғамдық кеңес өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың 300-ге жуық өкілі қатысып, ойларын, жоспарларын ортаға салды.
Осы жиында белгілі болғандай, қоғамдық кеңестер азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, міндеттеріне қатысты 12 мыңнан аса нормативтік-құқықтық актілер жобасын қараған, мемлекеттік қызметтер сапасы мен басқа да мәселелерге қатысты 1069 қоғамдық тыңдау ұйымдастырған, түрлі деңгейдегі 213 әкім мен 16 орталық және 1300-ден астам жергілікті өзін-өзі басқару органының басшыларын тыңдаған.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»