Әлем • 12 Ақпан, 2019

Венгрияда көп балалы аналардың несиесі кешіріледі

511 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан көп балалы отбасыларға жеңілдіктер жасалатынын мәлімдеді. 

Венгрияда көп балалы аналардың несиесі кешіріледі

Осыған байланысты В.Орбан арнайы пресс-конференция өткізіп, биылғы жоспарымен бөлісті. «Бәрі Венгрия үшін» лозунгымен өткен жиында әлеуметтік-экономикалық мәселелер толыққанды талқыланды. 

Ел үкіметі биылғы ел бюджетінің жалпы резервтерінен немесе қосымша табыстарынан жаңа әлеуметтік бағдарламаға қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Орбан Еуропада бала туу көрсеткіші төмендеп кеткенін және бұл көрсеткіштің құлдырауы мәселесінің шешу жолын Еуропа көші-қонынан іздейтінін атап өтті. «Ал венгрлер басқаша ойлайды. Бізге цифрдың қажеті жоқ. Бізге венгр балалар қажет» деп мәлімдеді премьер.

Елде туу туралы көрсеткішін көтеру мақсатында екі баладан көп отбасыларға кеңейтілген кредит бағдарламаларын ұсыну жоспарланып отыр, бұл кредитке олар баспана ала алады. Сондай-ақ автомобиль сатып алуға субсидия беріледі. Сонымен қатар, бұл елде кемінде төрт бала асырап отырған әйелдерді табыс салығынан босату қарастырылып жатыр.

Премьердің айтуынша, 40-қа дейінгі әйелдер бірінші рет тұрмысқа шығып жатса, 33 мың доллар көлемінде субсидияланған кредит беріледі. Екінші баласын босанса, оның үштен бірі, яғни 12 мың доллары кешіріледі. Сондай-ақ несиені өтеу мерзімі үш жылға шегеріледі. Үшінші бала босанса, несие толығымен жабылады.

Сонымен қатар төрт баласы бар аналар табыс салығынан өмір бойы босатылады. Ал үш баласы бар отбасылар көлік алуы үшін 8,3 мың еуро субсидия алады. 

Бұдан бөлек елдегі әлеуметтік жағдайды жақсарту үшін көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, В.Орбан денсаулық сақтау саласын жақсарту үшін мемлекет қазынасынан 2,3 миллиард еуро бөлінетінін жеткізді.