«Аякс» – «Реал Мадрид»
Бүгінгі ойындардың басты матчы – «Аякс» пен «Реал» арасындағы кездесу екені анық. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, «Реал» осыған дейін қатарынан үш рет Чемпиондар лигасын жеңіп алған болатын. Корольдік клуб бұл жолы да қос құлақты кубокты басынан асыра көтерсек деп армандайды. Екіншіден, «Аякс» та оңай шағылатын жаңғақ емес. Әрі кездесу Амстердамда өтетінін ескерсек, «құдайдың балаларын» қалпақпен ұрып алу қиынға айналады.
Алдағы кездесуде голландиялық клубқа шабуылшы Банде көмектесе алмайды. Ол жарақатынан әлі айыққан жоқ. Сондай-ақ орталық қорғаушы Френк де Йонгтың ойынға қатысуы екіталай. Ал «Мадрид» сапынан Льоренто мен Иско алаңға шықпайды. Қалған футболшылар матчқа сақадай сай.
Әсіресе, «Реалдың» асығы алшысынан түсіп тұр. Маусымды ала-құла бастаған корольдік клуб ақпан келгенде ашуына мінді. Әуелі «Камп Ноуда» басты қарсыласы «Барселонаны» біраз састырса, өткен аптада мадридтік дербиде «Атлетикодан» айласын асырды. Ал «Аякс» керісінше кейінгі үш ойынның екеуінде ұтылып қалған-ды.
Жалпы, екі команда өзара 12 мәрте кездесіпті. Соның 7-еуінде «Реал» басым түссе, 4 рет «Аякс» жеңіске бастар жолды жаңылмай тапты. Бір ойын ғана тең аяқталған екен.
Айта кетерлігі, кейінгі өткен 6 матчта «Мадрид» қатарынан жеңіске жетті. Екі команда үш рет қатарынан топтық кезеңде ойнаған-тұғын. Амстердамдықтар қанша талпынса да, қарсыласынан айласын асыра алған жоқ.
«Егемен» болжам: Бүгінгі матч «Йохан Кройф» аренада өтетініне қарамастан, «Реалдың» басым болуы ықтимал. Сондықтан «Егемен» осы ойында корольдік клуб 3:1 есебімен жеңіске жетеді деп есептейді.
«Тоттенхэм» – «Боруссия Д»
Осы кезеңдегі ең тартысты ойын «Тоттенхэм» мен «Боруссия Дортмунд» арасында өтетіні сөзсіз. Өйткені екі команда да шабуылдауды жаны сүйеді. Оның үстіне, екі команданың бір-біріне кеткен есесі жетерлік.
Былтыр Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде клубтар бір топқа түскен-тұғын. Өткен маусымдағы екі ойында да лондондықтар қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. Бірінші кездесуде 3:1 есебімен жеңіске жетсе, қарымта матчта 1:2 есебімен басым түсті. Ал одан бір жыл бұрын, 2015-2016 жылғы маусымда командалар дәл осы 1/8 финалда жолы түйіскен болатын. Сол кезде «Боруссия» екі ойында да жеңіске жетіп, ширек финалға шыққан еді.
Өкінішке қарай, екі клуб сапында да жарақат алған ойыншылар жетерлік. «Тоттенхэм» клубының сұрмергені Харри Кейн, орталық алаңда ойқастайтын Делле Алли, қорғаушы Бен Дэвис жарақатынан жазылған жоқ. Дэнни Роуздың алаңға шығу-шықпауы екіталай.
Ал дортмундтықтар сапынан қорғаушылар Аканжи, Лукаш Пищек, жартылай қорғаушы Марко Ройс пен шабуылшы Пако Алькасер матчқа қатыспайды. Олардың бәрі жарақатынан айығып үлгермеді. Ал Юлиан Вайгль тұмауратып қалған екен.
«Егемен» болжам: Екі команда да қарымта шабуылға иек артып, қарсыласының осал тұсын табуға тырысатыны сөзсіз. «Егеменнің» болжамы бойынша «Тоттенхэм» бір доп айырмасымен жеңіске жетуі мүмкін. Есеп: 1:0