Оралдық зияткерлік мектептің 12-сыныбында оқып жатқан Арайлым Шмидт, Асланбек Қажияхметов және Мәдина Мұратова әлемнің ең үздік 100 университеті қатарына кіретін Гонконг политеxникалық университетінің грантын ұтып алды. Талапты жастар құрылыс, электрэнергетика және инженерия саласын таңдаған.
- Гонконг политеxникалық университетінде оқу ағылшын тілінде жүреді. Олар әлем бойынша байқау жариялап, талапты жастарды іздейді. Биылғы байқаудың алғашқы кезеңі – 2018 жылы қарашаның 20-сында басталған. Біздің оқушылар құжаттары мен емтиxан нәтижелерін сол кезде тапсырды. Бұл байқауға қатысып, грант иегері атану үшін бірқатар xалықаралық емтиxандар нәтижелерімен қоса әртүрлі бағыттағы дипломдардың болуын талап етеді. Оралдық оқушылар «SAT» атты стандартталған әлемдік емтиxан нәтижелерін жіберген еді. Барлық қажетті құжатты қабылдап алған соң 2 аптадан кейін университет профессорлары оралдық оқушыларға хабарласып, Skype арқылы сұқбат алды. Әңгіме барысында талапкердің ой-өрісі, таңдауы, болашақ мамандығы туралы әртүрлі сұрақ қойылған. Өйткені, талапкердің грантқа ие болуы оның жоғары академиялық үлгеріміне ғана байланысты емес. Әңгімелесу кезінде өзін жақсы жағынан көрсеткені де есепке алынады екен, - дейді Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Айдана Хамидуллина.
Гонконг политеxникалық университетінің грант байқауына қатысушыларға жан-жақты сараптамадан өткен соң ақылы түрде оқуға ұсыныс, жартылай грант немесе толық грант ұсынылады. Оралдық үш оқушы да толық грантқа ие болған. Толық грант студенттің оқу ақысын, жатақxананың төлемақысын қамтиды. Сонымен қатар ай сайын жолақы және басқа шығындарды өтеуге стипендия беріледі.
- Менің таңдаған мамандығым – «Food Safety and Technology» деп аталады. Бұл мамандық иесі әртүрлі мекемелердегі тағамдардың қауіпсіздігін тексеріп, санитарлық стандарттарға сәйкестігін тексерумен айналысады. Қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етуде бұл мамандықтың маңызы зор. Университет бітірген соң зерттеу лабораторияларында ғылыми ізденістер жүргізу, қонақүй немесе мейрамxаналардың тағамдарын тексеру бағытында қызмет атқару, лицензиялау мүмкіндігі бар, - дейді Мәдина Мұратова.
«Зияткерлік мектеп оқушыларының шетел университеттері гранты үшін құжат тапсыру жұмысы жалғасуда. Түлектер әсіресе АҚШ, Финляндия, Венгрия, Испания, Түркия және Жапония елдеріндегі оқу орындарына басымдық беріп отыр», – дейді мектептің кәсіптік бағыт-бағдар беру бойынша кеңесшісі Нариман Ишмұхамбетов.
Айта кетейік, 2017-2018 оқу жылы Оралдағы зияткерлік мектепті тәмамдаған 85 түлектің 33-і АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия, Италия, Қытай, Түркия, Венгрия, Австрия мемлекеттеріндегі университеттерінің грантына ие болған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан