– Жұмажан Қамкенұлы, қоғамдық қабылдау бөлмелері «Нұр Отан» партиясының сайлаушылар арасындағы абырой-беделінің артуына тікелей әсер ететін құрылым екені белгілі. Алдымен Қабылдау бөлмелерінің тарихына аз-кем тоқталып өтсеңіз?
– Қоғамдық қабылдау бөлмелері 2005 жылы Елбасы, партия Төрағасының тікелей тапсырмасымен ашылды. Сол жылдың өзінде-ақ олардың саны еліміз бойынша 215-ке жетіп, 4500-ден астам азаматтың арыз-өтініштерін тыңдаған еді. Ал бүгінде біздің қызметке жүгінетіндер саны жылына 230 мыңнан асып жығылады. Сондықтан қазіргі таңда қабылдау бөлмелері азаматтарға заң аясында қызмет көрсетіп, өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететін халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналып отыр.
– Жалпы, халықты қандай мәселелер алаңдатады? Келіп түскен өтініштердің дені қай бағытта?
– Партияға келіп, қолдау сұрайтындардың басым бөлігі көбіне әлеуметтік мәселелерді қаузайды. Соның ішінде баспана мәселесі өте өзекті болып тұр. Сондықтан біз осы мәселеге қатысты мамандарды шақыртып, мемлекеттік бағдарламалар, оларға қатысу, құжат жинау сияқты бағыттарда кеңестер береміз. Кейбіреулер мемлекет есебінен берілетін тұрғын үйлердің кезегіне алаңдаушылық білдіріп жатады. Қазір бұл жағдайды әкімдіктердің сайттарынан қарап, бақылап отыруға болатыны белгілі. Егер кезекте тұрған адам себепсіз шығарылған жағдай болса, партияның араласуына тура келеді. Тәжірибемізде ондай да жағдай болды.
Сондай-ақ жетімдерді баспанамен қамту мәселесінде де Қоғамдық қабылдау бөлмесі айтарлықтай жұмыстар атқарды. Мәселен, бұрын олар 29 жасқа дейін өзі тіркелген жергілікті атқарушы органдардан жалпы кезекпен үй алуға құқылы болатын. Егер оған дейін кезегі келмесе, автоматты түрде кезектен шығарылады. Әрине бұл әділетсіз. Сондықтан біз Парламентке ұсыныс жіберіп, 29 жасқа дейін кезекте тұрған азаматқа ол жастан асып кетсе де күндердің күнінде өз пәтеріне қол жеткізу мүмкіндігін қарастырдық.
Тағы бір еңбек қатынастары мен Еңбек кодексінің бұзылуынан туындайтын мәселелер бойынша да көмек сұрап келетіндер қатары қалың. Өкінішке қарай, мәселеге заңдық тұрғыдан қарағанда кейде жәбірленуші болып келген азаматтың өзі кінәлі болып шығып жатады. Сондықтан азаматтар еңбек қатынастарын реттейтін заңды оқып, өз құқықтарын біліп, қандай жағдай болмасын заңға сүйеніп әрекет етсе деймін. Әрине біз алдымызға келген азаматқа өзі кінәлі болған жағдайда да қолдау көрсетіп, қол ұшын созуға тырысамыз.
– Шыны керек, қоғамдағы дау-дамайдың басым бөлігі заңды дұрыс білмеудің салдарынан туындап жатады. Осыны ескерген «Нұр Отан» партиясы халыққа қолданыстағы заңнамаларға қатысты тегін кеңес беруді қолға алғанын білеміз. Бұл жұмыс та Қоғамдық қабылдау бөлмелері арқылы жүргізіледі ғой?
– Иә. Партияның басты міндеті халықты толғандырған мәселелердің оң шешілуіне ықпал ету болғандықтан, осындай бастаманы қолға алдық. Бұл бір жағынан, азаматтардың өтініштеріне жасалған талдаулардың да жемісі. Нәтижесінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, жетімдерге, көп балалы аналарға кәсіби заңгерлерді жұмылдыру арқылы тегін кеңес беру мүмкіндігіне қол жеткіздік. Осы ретте бүгінде «Нұр Отаннан» басқа әлеуметтік аз қамтылған жандармен осындай жұмыс жүргізіп отырған бірде бір партияның жоқ екенін айта кеткен жөн.
Қазір Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында «Заңгерлік көмек» партиялық жобасы жүзеге асырыла бастады. Жоба аясында мамандардың кеңестерінен бөлек, істің басынан соңына дейін мұқтаж азаматтарға кешенді қызмет көрсетіледі. Соның нәтижесінде тек Астана қаласында адвокаттың қызметіне ақы төлеуге мүмкіндігі жоқ 57 азаматтың өтініші бойынша мәселе оң шешімін тапты.
Қабылдау бөлмелерінің жұмысы да жүйелі жүргізіліп келеді. Белгіленген кесте бойынша орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, Парламент депутаттары, жергілікті атқарушы орган басшылығы қабылдаулар өткізеді. Тіпті өз мәселесін тікелей орталыққа жеткізгісі келетін аймақтардағы азаматтар үшін бейнебайланыс режімін іске қостық. Мұндай қызметке «Цифрлы әлеуметтік мониторинг картасы» арқылы қол жеткіздік.
– Қабылдаулар кезінде жеке бас мәселесінен бөлек, бүкіл қоғамды алаңдатқан жайттар да сөз болатын шығар.
– Әрине. Мен әлеуметтік, еңбек қатынастары деп негізгі мәселелерді айтып отырмын. Ал жалпы алғанда қоғамдағы ахуалды айтып келетіндер де аз емес. Соның ішінде ұлттық құндылық, тарих, қоршаған ортаны қорғау сияқты ауқымы кең мәселелерді көтеретіндердің де бар екенін ерекше атап өткен жөн. Бұл уақыт өткен сайын халықтың санасы жаңғырып, қоғам алдындағы жауапкершілігі артып келе жатқанын білдіреді. Сондықтан Елбасының сенімді тірегі ретінде «Нұр Отан» партиясы қабылдау бөлмесіне келген әр азаматтың өтінішін аяқсыз қалдырмай, заң аясында қолдау көрсетіп келеді.
Әңгімелескен Әсем ЕРЕЖЕҚЫЗЫ