14 Ақпан, 2019

Қазақ халқы «Қара майорымен» қоштасты

501 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атынан аңыз ерген полковник Борис Керімбаев қазақ жұртшылығына ғана емес, тұтас ТМД мемлекеттеріне таныс тұлға. Елім деп еміренген есіл ердің есімі тарихта Ауған соғысымен қатар аталады. Әскери өмірдің айнасына айналған аяулы азамат  71 жасында қалың қазақтың қабырғасын қайыстырып кетті. Марқұмның өмірінің сәулелі сәттері өткен Алматыда қараорман халқы батыр ұлын ақтық сапарға шығарып салды.

Қазақ халқы «Қара майорымен» қоштасты

Қасқайып өткен қайсар жанды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі нағыз әскерилерге тән дәстүрмен өтті деуге болады. Қолдарына гүл шоқтары мен марқұмның суретін ұстаған жүздеген сарбаз, таң азанымен «Офицерлер үйіне» жиналған ауған соғысының ардагерлері, әскерилер мен зиялы қауым, батыр тұлғаны құрметтеген қала жұртшылығы өмірі өнегеге толы өрелі тұлғаның өмірден озғанын көрсетті. Жаназа намазы оқылғаннан кейін қаралы қауым Панфиловшылар саябағы  аумағындағы Ауған соғысы ардагерлерінің алаңқайында жалғасқан қаралы шеруге қатысты. Мұнда майдан шебіндегі көзсіз ерлігі үшін «Қара майор» атанған Борис Керімбаевтың ғибратты ғұмырынан сыр шертетін әсерлі естеліктер айтылды.

Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаров бұл күллі қазақстандықтар үшін орны толмас қаза екенін айтып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту хатын оқып берді.

«Ауған соғысының аңызға айналған қаһарманы Борис Төкенұлы Керімбаевтың өмірден озуына байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып көңіл айтамын. Даңқты сардар Борис Керімбаев бұрынғы Кеңес әскерінің құрамындағы арнайы жасақтың командирі ретінде Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, өзін нағыз ержүрек командир, тамаша тактик, қарамағындағы жауынгерлердің шынайы қамқоршысы, тәлімгер ұстазы бола білді. Осындай қасиеттері үшін оны әскери қолбасшылықта қарамағындағы жауынгерлер ерекше құрмет тұтса, қарсыласушы дұшпандар қазақ сардарының ерлігі мен тапқырлығына тәнті болды. Борис Төкенұлы елге оралған соң өзінің әскери білімі мен бай тәжірибесін Тәуелсіз Қазақстан әскерінің жас сарбаздарына берумен айналысты. Оның ерлігі мен елге сіңірген еңбегі өз Отанын сүйетін әрбір жасқа жақсы үлгі. Қазақстандықтар оның есімін әрдайым жүректерінде сақтайды деп ойлаймын. Марқұмның топырағы торқа, жаны жәннатта болсын», –  делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту хатында.

Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев  бастаған зиялы қауым өкілдері мен батырдың замандастары ер есімі ел жадынан өшпейтінін ескеріп, жасампаз жұрты даңқты сардарын  әрдайым жүрегінде әлдилейтінін тебірене жеткізді. Өмірінің соңына дейін Отан қауіпсіздігі жолында қалтқысыз қызмет еткен қаһарман ұлын Алатау ата мәңгі құшағына алды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»