14 Ақпан, 2019

Былтыр республикадағы қауіпті өндірістік нысандарда 27 оқиға тіркелді

820 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы 9 мыңнан астам өнеркәсіптік кәсіпорынға және 220 мыңға жуық қауіпті өндірістік нысанға мемлекеттік қадағалау жүргізеді. Сондай-ақ комитетке қарасты аумақтық бөлімшелердің қызметін бақылайды. Комитет пен оның аумақтық бөлімшелері «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-тарауына сәйкес қауіпті өндірістік нысандарда болған оқиғаларды және апаттарды тіркеп, тексерумен айналысады.

Былтыр республикадағы қауіпті өндірістік нысандарда 27 оқиға тіркелді

Жазатайым оқиға болған кезде қауіпті өндірістік нысаны бар ұйымдар уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне Заңның 1-бабында көрсетілген терминдер мен анықтамаларды басшылыққа ала отырып, оқиғаның негізгі себептерін көрсетеді және өз құзыреті шегінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жазатайым оқиғаларды жүйелеп, тексеруді ұйымдастырады.

Барлық басқа оқиғалар инцидент ретінде жіктеледі және қауiптi өндiрiстiк нысанды пайдаланатын ұйым дербес тексередi.

2018 жылы республикадағы қауіпті өндірістік нысандарда 27 оқиға тіркелді, онда 17 адам жарақат алып, 6 адам қайтыс болды. Барлық апат тексеріліп, тиісті шаралар қабылданды.

Атап айтқанда, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ нысандарында өнеркәсіптік қауіпсіздіктің төмен деңгейі белгіленді. Онда 2018 жылы 4 апат болған:

  • 10.03.2018 жылы Костенко атындағы шахтада конвейрлік лентаның, көмір ұнтағының (шаңы) және конвейрлік квершлагтағы кабельдік желінің тұтануы болды;
  • 25.03.2018 жылы БАС-ЖЭО (бу ауа үрлеуші станса жылу электр орталығы) қазандық цехының бас ғимаратында 32 дана болатын 2 қатар жабын тақтайшасы құлаған;
  • 31.03.2018 жылы оттегі цехының аумағында сығымдалған ауа желісі мен азот желісі үзілген;
  • 10.11.2018 жылы оттегі цехы аумағынан оттегі конвертерлік цехының оттегі тарату нүктесіне дейін 1000 метрден астам технологиялық құбырдың (оттегі құбыры, азоттық құбыр, сығымдалған ауа) бұзылу оқиғасы тіркелді.

Кәсіпкерлік кодексінің талабына сәйкес уәкілетті органның жылына тек бір рет қана тексеруге мүмкіндігі бар.

2014-2018 жылдар аралығында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық зауытында арнайы тәртіпте 5 тексеріс, сондай-ақ, нормативтік құқықтық актілердің орындалуын бақылау үшін жоспардан тыс тағы 5 рет тексеру жүргізілді. Тексерістер барысында 5153 өнеркәсіптік қауіпсіздік талабының бұзылғаны анықталып, 89 тұлғаға айыппұл салынды. Атап айтқанда, 74 жеке тұлғаға 843 965 мың теңге, 15 заңды тұлғаға 10 056 250 млн теңге айыппұл салынды. 642 қауіпті өндірістік нысанның, техникалық құрылғылардың және ғимараттардың жұмысы тоқтатылды.

Комитет жұмысының басым міндеттерінің бірі - қауіпті өндірістік нысандардағы жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттарды азайту. Осыған байланысты жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін комитет барлық мүдделі органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасасуға дайын.