«Табиғат – туған ұямыз!» – дейді павлодарлық «Болашақ бүгіннен басталады» акциясына қатысушы жастар
Сәрсенбі, 18 сәуір 2012 8:17
Жақында облыс орталығындағы Ертіс өзені жағалауы ауданында «Қаз қонақ» аталатын табиғаты ерекше аумақта «Болашақ бүгіннен басталады» атты жалпы еліміз бойынша өтіп жатқан акцияның аясында жастар сенбілікке жиналды. Жалпы, жастардың бұл бастамасы өте дұрыс. Біз бұдан бұрын да газетімізде облыс орталығында осы акция бастамасымен өткізілген кішкентай бүлдіршіндер және жасөспірімдер қатысқан шаралар жайында жазған болатынбыз. Ал енді бүгінгі өтіп жатқан бұл шара жастар, студенттердің, студенттік құрылыс штабтары мен облыстағы «Жасыл ел» жастар отрядының және облыстың ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Сәрсенбі, 18 сәуір 2012 8:17
Жақында облыс орталығындағы Ертіс өзені жағалауы ауданында «Қаз қонақ» аталатын табиғаты ерекше аумақта «Болашақ бүгіннен басталады» атты жалпы еліміз бойынша өтіп жатқан акцияның аясында жастар сенбілікке жиналды. Жалпы, жастардың бұл бастамасы өте дұрыс. Біз бұдан бұрын да газетімізде облыс орталығында осы акция бастамасымен өткізілген кішкентай бүлдіршіндер және жасөспірімдер қатысқан шаралар жайында жазған болатынбыз. Ал енді бүгінгі өтіп жатқан бұл шара жастар, студенттердің, студенттік құрылыс штабтары мен облыстағы «Жасыл ел» жастар отрядының және облыстың ішкі саясат басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды.
Сонымен, Ертіс өзені жағалауында өткен бұл жолғы шара жалпы жергілікті жұртшылық, табиғат қорғаушылар арасында бұрыннан бері «Қаз қонақ» атты атауға ие болған табиғаттың өзі қолдан жасағандай жағалаудағы «табиғи ескерткіш» аумағын арнайы сенбілік жасап тазалайды. Ал негізгі мақсаты – жастардың туған жерге деген патриоттық сезімдерін оятып, қоршаған ортаның тазалығы мен экологиялық тәрбие тақырыбына арналды. Сөйтіп, осындай айқын бағытты қолға алған пайдалы істі «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанаты, «Қазақстан студенттер альянсы» республикалық студенттік қозғалысы, тағы басқа облыс орталығындағы жастар қоғамдық бірлестіктері қолдады.
Ал орыстар «Гусиный перелет», қазақтар «Қаз қонақ», «Құс қонақ» атап кеткен күн астындағы табиғат ескерткіші деген не? Бұрындары өзен жағалауына көктем келісімен-ақ дала қаздары жайылып жүріпті. Зерттеушілердің айтып жүргеніндей, бұл орынды сонау 1928 жылы палеонтолог Ю.Орлов деген орыс саяхатшысы ашқан көрінеді. Бұл жерден бірнеше мыңдаған тасбақа, кесіртке, махайрод-мысық, жираф және үш тұяқты гиппарион жылқысы сияқты ертедегі сүтқоректілер сүйектерінің қалдықтары табылған. Бұрынғы жануарлардың сүйектері жерленген делінеді. Қазір бұл жер еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қатарына алынды.
Осы «Қаз қонақтың» әлемдегі 20 палеонтологиялық ескерткіштер тізіміне енетіні көмілген тарихи жәдігерлердің көнелігінде. Неоген кезеңінде мекен еткен жануарлардың қалдықтары жерленген жер, аршылған сүйек қалдықтарын үш ашалы гиппарион (жылқы), керік, мастодонт пілдерінің арғы тегі, қылыш тісті жолбарыстар, мүйізтұмсықтар, морж секілді ескек аяқты жануарлардың да сүйектері табылған көрінеді. Сонау жылдары Мәскеуден экспедиция келіп, қазба жұмыстарын жүргізіп, 16 тоннадан астам сүйектерді сол жаққа алып кетіпті. Ал ғалымдар 20 бұғы, 40 керік, 130 мүйізтұмсық, 200 гиппарион жылқысы және басқа да жануарлар қалдықтары табылғанын айтады. Қазіргі уақытта Мәскеудегі палеонтологиялық музейде «Қаз қонақтан» қазып алынған жәдігерлер тұрған көрінеді. Көрінген нәрсені өздеріне таңып ала қоятын орыстар бұл көне сүйектерді ол жаққа бекер алып кеткен жоқ. Сол уақыттарда теміржол басшылары көне тарихи жәдігерлердің өзге ел жаққа вагон-вагон болып кетіп бара жатқанына жаны ашып, әртүрлі сылтау айтып, өз жерімізде қалдырғылары да келген көрінеді. Өктем уақыт басқа еді.
Ал өзімізде аталмыш жәдігерлердің тек көшірмелері ғана қалды, жергілікті өлкетану музейінде бар. Кейін қазақ ғалымдары да зерттейді. Ендігі мәселе – аспан астындағы «Қаз қонақ» музейін жәдігерлерімен қоса сақтап қалуда болып тұр. Өйткені, бір жағынан Ертістің толқыны шайып, тарихи жәдігерлер сумен бірге ағып кетіп жатса, екінші жағынан қала тұрғындары бұл жерді қоқыс төгетін, ит қыдыртатын орынға айналдырып алғандары өкінішті. Ежелгі жануарлар сүйегі жатқан бұл жерді қалай да сақтап қалу керек. Бұл біздің төл тарихымызбен де байланысты, ашылмаған үлкен бір сыр жатқандай. Міне, сондықтан да жыл сайын «Жасыл ел» жастар отряды мен студенттік құрылыс ұйымдары «Қаз қонақ» аумағында сенбілік өткізіп, тазалық жұмыстарын жүргізетіндері де тегін емес.
Биыл да солай. Жастар, студенттер «Қаз қонақ» аумағын тазалады. Сенбілікке 200-дей студент жастар қатысты. Жастар ежелгі жануарлар ескерткіштерінің қалпына келтіруін және сол жануарлардың сүйектерін іздеп тауып, одан әрі зерттеуді де қолға алуда. Облыстық студенттік құрылыс штабы мен «Жасыл ел» жастар отряды сенбілік кездерінде табиғат ескерткіштерін қалпына келтіретін бағдарламаларды да жүзеге асырмақшы. Бұл күні жастар «Қаз қонақта» тазалықты қалпына келтіруден басқа, елдік рухты көтеретін, жастардың ой-өрісін, бойларын шынықтыратын әртүрлі ойындар да өткізді.
Фарида БЫҚАЙ,
Павлодар облысы.