Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Батыс Қазақстан күшейтілген режимге көшті

467 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының барлық тиісті құрылымдары 15 ақпаннан бастап көктемгі су тасқынының алдын алу үшін күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Өйткені биылғыдай қарлы қыс өңірде соңғы отыз жылда болмаған

Батыс Қазақстан күшейтілген режимге көшті

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің Төтенше жағдайлар бойынша жиналған комиссия отырысында өңірдегі ахуал егжей-тегжейлі сарапқа салынды. Төтенше жағдай болуы мүмкін аудан басшылары, арнайы құрылымдар жетекшілері ықтимал қауіптің алдын алу үшін жасалынып жатқан шаралары туралы есеп берді. Өңір басшысы Алтай Көлгінов кейбір қауіпті аумақтарда қар шығару жұмысын екі есеге арттырып, тәулік бойы жұмыс жүргізуге тапсырды.

Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жасұлан Жұмашевтың облыс аумағында 88 елді мекен көктемгі су тасқынынан зардап шегуі мүмкін екенін айтады. Ол жерде 36 мыңнан астам халық тұрады. Көп жерде қардың қалыңдығы өткен жылдармен салыстырғанда 1,5-3 есеге артық.

Негізгі қауіп Жайық, Қараөзен мен Сарыөзен, Деркүл сияқты трансшекаралық өзендердің аңғарындағы Қазталов, Тасқала, Бәйтерек аудандарында қалыптасқан. Орал қаласының айналасындағы 75 саяжай қауымдастықтарында 14 мыңдай халық тұрады. Мұның 5 мыңы – балалар екен. Бұл да жергілікті биліктің бас ауруына айналған мәселе. Саяжай тұрғындарына қазірден бастап қауіп туралы ескертіліп, эвакуациялық пункттер жасақталып жатқанын айтқан ТЖ департаменті басшысы Жасұлан Жұмашев:

- Саяжай – жыл бойына тұруға арналмаған, тек жазғы маусымда пайдаланылуы тиіс аумақ. Соған қарамастан Орал қаласының маңындағы саяжай тұрғындары жыл сайын мың адамға көбейіп келе жатыр. Мысалы, 2016 жылы 12 мың, былтыр 13 мыңдай, биыл 14 мыңнан асты, - деген мәліметті жария етті.

Дегенмен жергілікті құрылымдар табиғаттың тосын мінезіне барынша дайындалып жатыр. Көктемгі су тасқынының алдын алу ісіне облыстық төтенше жағдайлар департаменті 707 бірлік техникасы мен 2043 адамнан тұратын жеке құрамымен түгел жұмылған.

Биылғы қардың ерекше көптігін мына сандардан-ақ шамалай беріңіз: 2017-2018 жылғы қыс маусымында Орал қаласы көшелерінен барлығы 120 мың тоннадай қар шығарылған. Ал биыл қазірдің өзінде шығарылған қардың көлемі 700 мың тоннадан асып кетіпті! Төтеншеліктер қала маңында қардан бірнеше тау тұрғызған: қар төгуге арналған екі полигон биіктігі 4 метрге дейін жететін қармен толып, жаңадан тағы үш полигон ашуға тура келіпті. Қар шығару ісіне төтеншеліктер мен қала әкімдігінен бөлек, өңірдегі барлық құрылыс фирмалары арнаулы техникасы мен транспортын қосып, жұмылып жатыр.

Қардың қалыңдығынан соңғы күндері Орал қаласында үш нысанның шатыры опырылып түсті. Оның бірі – 13 пәтерлік үй мүлдем жарамсыз болып, тұрғындары басқа баспанаға көшірілді. Жергілікті билік қаладағы ПИК жетекшілері мен мекеме-кәсіпорын басшыларын ғимарат шатырларын тазартуға жауапты екенін ескертуде.

«Қазгидромет» мекемесінің өңірдегі филиал директоры Нұржан Шияп та Орал қаласы, Бәйтерек, Тасқала және Жәнібек аудандарында қардың қалыңдығы жылдағы мөлшерден бірнеше есеге көп екенін нақты цифрлармен салыстырып көрсетті. Бұған қоса биылғы қардың бойында ылғал да көп екен. Медет қылатын бір нәрсе – биылғы тоң жылдағыдан жұқа. Яғни еріген қар жерге жедел сіңіп, ел-жұртты көп әбігерге салмауы да мүмкін.

- Қауіп туады-ау деген аймақтарда алдын алу жұмыстарын ертерек жасап, дайындықты екі есе күшейтіңіздер. Көктем келіп, тоң түсе бастағанда техниканың жүріп-тұруы да қиындайды. Сондықтан алыс елдімекендерді алдын ала азық-түлікпен қамтып, медициналық көмек қажет болуы мүмкін тұрғындарды қауіпсіз жерге шығаруды ұйымдастырыңыздар. Алыстағы малшы қыстақтары да назардан тыс қалмасын. Төтенше жағдай туған жағдайда әскердің көмегін де пайдаланамыз. Жастар белсенділері, «Жас Отан» мүшелері де тартылсын, - деді Алтай Көлгінов өңірдегі аудан басшыларына қарата.

Көктемгі су – елдімекендерге қатер төндіретіні рас. Дегенмен, ол суды тиімді пайдалану, су қоймаларында сақтап қалу, суармалы алқаптар мен жайылымдық аймақтарға шығару ісі де ұмыт қалмауы тиіс. Өйткені бұл – мал шаруашылығын дамытуға әсер ететін, ауылдағы ағайынның жыл бойы берекелі тірлігінің кепілі. Сондықтан жиында бұл мәселе де орынды айтылды. Аудан әкімдерінің есебінше, бүгінгі таңда жергілікті жерде шөп қоры жеткілікті, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандарында көршілес Ресей аумағынан жем әкелу ұйымдастырылған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Батыс Қазақстан