Қазақстан • 18 Ақпан, 2019

Он сегіз дүркін жеңімпаз!

210 реткөрсетілді

Ашаң жүзді, қағілез, денелі, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған жігіт бұл жолғы бәсе­кенің жөні бө­лек екенін іштей сезеді. Ташкент қа­ласына сайдың тасындай ірік­теліп келген желмен жарысқан желаяқ­тардың қай-қайсысы болсын Орталық Азия чемпионы тәжінен дәмелі. Жүзіктің көзіндей жұтынып тұрған қимылы Қазақстанның намысын арқалай келген Алмастың нағыз бабында екенін аңғартқандай.  Төреші белгі беруі мұң екен, қазақ­стандық жеңіл атлетші жемтігіне ұмтылған тағы аңша шиыршық атты.

Топ алдына түскен бойы жер ап­шысын қуырып, алға суырылып сала берген. Сол зырлаған күйі сөреге жетіп, дамылдаған. Қар­­сы­ластарынан әжептәуір қара үзіп кеткенін аңғарған. Жақын-алыс қашықтықтарға жүгіріп, аз­ды-көпті тәжірибе жинақтаған оның спринтерлік ұшқырлығына тө­теп беру оңай болмайтын. 15 жасында жасындай жарқырап, өзге мемле­кеттердің өзі құралыптас жүй­рік­терін шаң қаптырған бей­мәлім өрен­нен мұндай биік нәти­жені басқалар күтпегенімен, жаттық­тырушысы шап­пай алатын жеңісіне еш шүбә келтірмеген еді. 

Спорттың «падишасы» саналатын жеңіл атлетикамен айналысу Алмас Бейсеновтің ойына да кірмеген. Атақты футболшыларға еліктеп, аяқдоптың қыр-сырын мең­геру сиқыры баурап алған. Бе­сінші сыныпта оқып жүргенде ғой, құйындай зымырайтын жыл­дамдығын, ұршықша үйірілетін шапшаңдығын, жүйтки жөнелгенде қаңбақтай жеңілдігін байқап қалған дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Виктор Винокуров футбол секция­сына жетекшілік ететін Анатолий Горбуновтан аттай қалап алып, бал­ғынның барғысы келмей бұлта­лақтағанына қарамастан жеңіл атлет­шілер үйірмесіне еріксіз жаз­­дыртқан. Дегеніне көндірген. Жеке қам­қорлығына алатынына уә­де еткен. «Бұлақ көрсең кө­зін аш» демекші, жақсылап тәр­бие­лесе, түбінде мықты спортшы шы­­ғатынын түйсігі алдамапты. Жасөспірімдер, жастар, ересек­тер арасында 1500 және 3000 метрлік қашықтықтарға жүгіруден 18 мәрте Қазақстанның чемпионы атану кез келген спортшының пешенесіне бұйыра бермесе керек. Жеңіл ат­леттердің құрама командасына қабылданып, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Өзбекстан, Бал­тық жағалауы елдерінде өткен ха­лық­аралық байрақты бәсекелерде олжа салған.

Оның «спорт – мен үшін хобби ғана» деуі негізсіз емес. Бәлкім, оттай жалындаған жастық шағын, саналы ғұмырын осы салаға арнап, өмірлік мұрат-мақсатқа айнал­дырғанда алты Алашқа танымал кәсіби спортшы болатыны сөз­сіз еді. Бірақ А.Бейсенов әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінен дене тәрбиесі және спорт мұғалімі мамандығын алып шық­қаннан кейін туған жерге жеткенше асығып, перзенттік парызын өтеуді хош көрді. Таң­даудан қателеспегеніне уақыт төреші. Айыртау агротехникалық колледжінде жұмыс істей жүріп жүздеген түлектерді отаншылдық, саламатты өмір сүру рухында тәр­биелеуге белсене атсалысты. Ба­лалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жеңіл атлетшілер секциясын ашуы, жаттықтырушылық қызметі, жергілікті жердегі спортшы балғындардың облыста, республикада танылуына үлкен еңбек сіңіруі Президентіміздің, Қазақстан халқы Ассамблеясының Алғыс хаттарымен, басқа да марапаттармен атап өтілді. «Спорт саласының озық қыз­меткері» аталымының иегері болды. Бүгінде агроколледж баскетболдан, тоғызқұмалақтан өңірдің, «Ақ бидай» спартакиадасының көшбасшы командасы саналады. 

Тағдырдың тоғыстыруымен Яна есімді сұлу бойжеткенді кездестіріп, жан жары үйелмелі-сүйелмелі үш ұлды дүниеге әкелді. Яна – спортшылар әулетінен. Ядро, диск, най­за лақтырудан, жеңіл атлети­кадан ел біріншілігінің күміс жүлдегері. «Бірге өмір сүру» атты респуб­ли­калық жастар фестивалі барысында «Жылдың ең үздік спортшы отбасы» аталымы бойынша же­ңім­паз атанғанда ұлдарымыздың қолқанатқа жарап қалғанына қуан­дық. Аслан мен Дияр біздің жо­лы­мызды жалғастыруға ниетті. Отбасының тірегі де, алтын діңгегі де – отағасы. Алмас мұндай құрмет­терге әбден лайық», дейді жан жары. Қиын да қызықты кезеңге толы өмірдің бір үзігін Алмас былай те­бірене еске алады: «Биыл «Рухани жаңғыру бағдарламасы шеңберінде Қа­рағандыда 6,5 мың адамның басын қосқан «Арманға жол» марафоны ұйымдастырылды. Мен өз шәкірттерімді үкілеп қостым. Бәрі де өз деңгейінен көрінді. Степан Спасский екі шақырымға жүгіріп, 8-14 жас аралығында қатысушылар арасында жеңімпаз атанды. Мүмкіндігі шектеулі жандар легіне қосылған Анатолий Горб­унов мәреге бірінші болып кел­ді. Данил Наговицын жеті ша­қырымдық жарысты үшінші болы­п түйіндеді. Дмитрий Коваль деген тағы бір түлегіміз Алматыда өт­кен республикалық эстафетада күміс медальға ие болды.Тәрбие­ленушілерім ұстаз сенімін ақтап жатса, бұдан асқан бақыт жоқ».

Былтыр «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қорытындыланғанда қоғамға сіңірген еңбегімен, ұйым­дастырушылық, адамгершілік секіл­ді қасиеттерімен дараланған 102 жеңім­паздың бірі ретінде Алмас Бей­сеновтің де есімі аталды. Іріктеу кезеңінен мүдірмей өткен оған 10085 дауыс жиналуы ел алдындағы биік беделін айғақтаса керек. 

Алмас агротехникалық колледж­дегі спорт залдың биыл күрделі жөн­деуден өтетініне қуанса, кей ұсыныстарының қолдау таппа­ғанына ренішті. Оның айтуынша, аудан орталығында құрамында спорт залдары мен алаңдары, ке­шенді құрал-жабдықтары бар дене­шынықтыру-сауықтыру орталығын салу мерзімі әлдеқашан пісіп-же­тілсе де шешімін таппай келеді. Мә­селенің ащы ішектей созылып кетуіне билік тұтқасын ұстаған кей шенеуніктердің спорт залы салынса жеткілікті деген ұстанымы бө­гесін болып отырған көрінеді. Бірақ бұл ойдың негізсіздігін дәлелдеп берген қайсар жан өзіне жүктелген жастардың аманатын орындағанша тыным табар емес. 

Ол егер 19-шы мәрте жеңім­паз атанып жатса, еш таңырқауға болмас. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Есік неге «тесік»?

Қоғам • Кеше

Ұқсас жаңалықтар