Қазақстан тәуелсіз ел болған сәттен бастап бүгінге дейін футболды дамыту үшін түрлі бағдарламалар жасап, соны жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеп жатыр. Мысалы, 10 жыл бұрын Елбасының бастамасымен Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силвамен ортақ келісімге келді. «Пентакампеондар» еліне футболдың қыр-сырын меңгеруге барған жүзден аса жасөспірімнің қазір бес-алтауы Прьемер-лигада доп теуіп жүр.
Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) бас хатшысы Азамат Айтқожиннің айтуынша, қазіргі таңда федерация футбол орталықтарының жұмысын жақсарту мақсатында 2018-2022 жылдарға арналған даму стратегиясын қабылдаған. Жаңа жоба аясында балаларға футболдың алғашқы қыр-сырын баулитын, техникалық шеберлігін жастайынан шыңдайтын бапкерлерді оқыту қолға алынып отыр.
«Ел футболын дамыту мақсатында балалар мен жасөспірімдер футболында атқарылып жатқан жұмыстар орасан. Мәселен, балалар футболын дамыту үшін 2012-2016 жылдарға арналған бағдарлама аяқталып, еліміздің әр өңірінде кәсіпқой футбол клубтарының жанынан футбол орталықтары ашылды. Қазіргі таңда футбол орталықтары мен академиялардың 250-ден астам түлегі Премьер-лига, Бірінші және Екінші лига командаларының қатарында ойнайды. Жалпы саны 6 мыңнан астам бала еліміздегі футбол орталықтары мен академияларда тегін жаттығады. Футбол орталықтарының жұмысын аймақтық бапкерлер үнемі қадағалап отырады», дейді А.Айтқожин.
Бас хатшының айтуынша, бұдан бөлек те футбол федерациясының балалар футболын дамыту үшін істеп жатқан жұмыстары баршылық. Әрине балалар футболына көңіл бөлген дұрыс. Бірақ отандық футболды өркендету үшін алдымен мынадай мәселелерді шешіп алған дұрыс сияқты. Ең бірінші, легионерлерге басымдық беру отандық футболды өркендетпейді. Оларға 20-30 миллион доллар төлеп елге алдыртқанша, сол қаржыны жас футболшылардың болашағына инвестиция ретінде құйған әлдеқайда тиімді. Сонымен қатар жергілікті басшылық футболға деген көзқарасын өзгертіп, футболға тұрақты қолдау керек. Біздегі өңір футболының дамуы қазіргі таңда әкімнің футболға деген көзқарасына тәуелді болып тұр.
Екінші, әр өңірдегі стадиондарды заман талабына, халықаралық стандартқа сәйкестендіру. Дәл қазір Қазақстанда жөні түзу стадионы бар Астана мен Алматы қалалары ғана. Қалған стадионның жағдайлары сын көтермейді. Стадиондардың талапқа сай еместігін «Астана» мен ұлттық құраманың экс-бапкері Станимир Стоилов жиі сынға алатын. «Біз Қазақстан футболы ілгері дамығанын қаласақ, стадиондарды ретке келтіру керек. Біздің клубтар, футбол федерациялары осы туралы ойланғандары жөн. Қазақстан ішіндегі стадиондардың сапасын арттырмай, Еуропада атой салу мүмкін емес», дейді ол.
Үшінші, футболға бөлінген қаржыны инфрақұрылымды дамыту және жабық манеждерге жұмсау қажет. Егер облыс орталықтарында жабық кешенді манеждер мен шағын стадиондар салынса, басқа қарапайым мәселелер де шешілер еді. Былтыр Ресейде өткен әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысқан Исландия ала доптың айналасындағы мәселені әлдеқашан шешіп тастаған. Жалпы, бұл мемлекет футбол ойнауға қолайсыз аймақ саналғандықтан олар соңғы 15 жылда жабық манеж салуға көшті. Нәтижесінде, Исландия құрамасы FIFA рейтингінде 38-орында келеді.
Ардагер футболшы Юсуп Шадиев те Қазақстанның әлемдік рейтингте жоғарылауы үшін бірінші кезекте балалар футболын дамытып, жабық кешенді манеждер салынатын болса, отандық футболдың өркендейтінін айтады.
«Қазіргі кезде қазақ футболы негізінен солтүстік аймақта өрістеп жатыр. Ол аймақтарға міндетті түрде жабық манеждер қажет. Сол кезде әлем, Еуропа чемпионаттары туралы ойланамыз. FIFA рейтингінде де жоғарылайтынымыз сөзсіз. Әйтпесе, басқасының бәрі бос сөз. Егер инфрақұрылым мен сапалы мамандарды даярлай алсақ, алдағы 15 жылда үздік отыз елдің қатарына кіруімізге шамамыз жетеді», дейді Шадиев.
Футбол тарихында инфрақұрылым мен балалар футболына көңіл бөліп, 10-15 жылда жетістікке жеткен құрамалар өте көп. Солардың бірі – Белгия құрамасы. Осыдан 10 жыл бұрын FIFA рейтингінде 53-орында болған Бельгия қазір рейтинг көшін бастап тұр. Бір қызығы, Бельгия тарихта бірде-бір турнирді жеңбеген. Бельгия құрамасының бас бапкері Мишель Саблон жасөспірімдер мен жастар құрамаларымен жұмыс істейтін Боб Бровайс есімді жаттықтырушымен бірігіп, 2000 жылдардың басында елдегі футболды дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын жасады.
Саблон мен Бровайс көршілес Голландия мен Францияның жаттықтыру тәсілдері мен философиясын зерттеуге кірісіп, «Аякс» және «Барселона» клубтарының «шеберханасынан» өтеді. Зерттеу және тәжірибе алмасу нәтижесінен кейін олар Бельгияның жастар мен жасөспірімдер құрамалары бірдей 4-3-3 жүйесімен ойнау керектігін түсінді. Бірінші кезекте нәтиже маңызды екенін ұғынып, алғашқы революциялық қадамдар жасады. Мәселен, балаларға 2х2, 5х5, 8х8 форматындағы кіші алаңдарда ойнауға мүмкіндік берді. Сол арқылы дриблинг пен допты диагоналды асыруға шыңдады. Осылайша талантты балалар қосымша тәжірибе жинақтап, өздерін дамыта түсті. Бельгиялықтар қазір сол жұмыстың нәтижесін көріп отыр. Құраманың қазіргі жұлдыздары Аксель Витсель, Стивен Дефур, Тибо Куртуа, Кевин Де Брёйне, Насер Шадли және Мусса Дембеленің барлығы да осындай мектептерде дайындалған еді. Сөйтіп Бельгия аз уақытта ТОП құрамалардың қатарына енді. Осындай қажырлы еңбек пен нәтижелі жұмыстың арқасында Бельгия құрамасы бірде-бір біріншілікті жеңбей-ақ, FIFA рейтингінде көш бастап тұр.
Әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген не командасы, не құрамасы жоқ Қатар елі 2022 жылғы әлем чемпионатын өткізеді. Жаз айында ауа райының 50 градусқа дейін ысуына байланысты қатысушы командалар мен футболшыларға жайлы болу үшін стадиондарды кондиционерлермен жабдықтап жатыр. Мемлекеттің футболға деген көзқарасының арқасында Қатар жуырда Азия кубогын жеңіп алды. FIFA рейтингінде қазір 55-орында келеді. Мемлекеттің футбол федерациясы соңғы 10-15 жыл көлемінде бар назарды балалар футболына аударған. Осы мақсатпен олар испаниялық бапкер Феликс Санчес Басты шақырып, 2006 жылдан бастап Аспира академиясында қатарлық балаларды «Барселона» жүйесі негізінде жаттықтыра бастады. Балақайлар ержеткен кезде Санчес оларды жасөспірімдер құрамасының бапкері ретінде баулуын жалғастырды. Нәтижесінде, испан маманының басшылығымен 19 жасқа дейінгі құрама 2014 жылы Азия чемпионатында топ жарса, араға 5 жыл салып сол құрам Санчестің баптауымен өз тарихында тұңғыш рет Азия кубогын жеңіп алды. Акрам Афиф, Әли Алмоез, Бассам әл-Рауи және Әбделкәрім Хассан сынды жас футболшылардың есімі жақын бір-екі жылдықта Еуропа футболын да дүр еткізуі ғажап емес.
Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөнінде жаңа стратегиялық мақсат қойып отыр. Қазір еліміз осы бағыттағы нәтижелі және жүйелі жұмыстың арқасында қарқынды дамып келеді. Алайда әр 5-10 жыл сайын футболды дамыту үшін жаңа бағдарлама қабылдайтын Қазақстан футболы дамыған, инфрақұрылымы жолға қойылған ел ретінде FIFA рейтингінде ТОП-30 елдің қатарына қосылу үшін бізге жоғарыда айтқан олқылықтардың орнын толтыру керек.
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»