Қазақстан • 18 Ақпан, 2019

Педиатрия орталығында қатерлі ісік ауруына қарсы күрес күніне орай флеш-моб өтті

599 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

15 ақпан - Бүкіләлемдік балалардағы қатерлі ісік ауруына қарсы күрес күні. Бұл күнге орай Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында арнайы флеш-моб өтті. 

Педиатрия орталығында қатерлі ісік ауруына қарсы күрес күніне орай флеш-моб өтті

Флеш-мобқа клиникада емделіп жатқан кішкентай пациенттерді қолдау үшін орталықтың барлық онко-гематолог дәрігерлері қатысты. Қоғамның назарын қатерлі ісікпен күреске аудару, алдын ала тексерілуге шақыру, бұл ауруды жеңуге болатынын көрсету мақсатында өткен шара аясында «Help today» қоғамдық ұйымының және еріктілердің қолдауымен арнайы бейнеролик дайындалды. Флеш-моб, бүгінгі тілмен айтқанда  challenge - ЖАҚСЫЛЫҚ эстафетасы ретінде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына берілді.

Онколог-дәрігерлер: «Қатерлі ісік - соңғы үкім емес, аты жаман ауруды жеңуге болады, әрбір баланың өмірі үшін күресуге міндеттіміз және күресе аламыз! Ең бастысы өмірге деген құштарлықты жоғалтпау керек», дейді.

Ресми деректерге сүйенсек, жылына еліміз бойынша қатерлі ісікке шалдыққан 600-ден аса бала анықталған.  Жылына орта есеппен алғанда республикалық орталықтарда қатерлі ісікке шалдыққан 5000-ға жуық бала емделеді.  

«Осыдан 25 жыл бұрын елімізде балалар лейкемиясы мүлдем емделмейтін қатерлі аурулардың бірі болатын. Ол кездері бұл диагнозбен ауырған балалар 3-6 айға жетпей ауыр қан кету мен түрлі асқынулардан қайтыс болатын. Онкогематология бөлімі қан саситын. Ол кездері диагнозды да тура айтпайтын. Емделушінің кітапшасына тек, қысқаша – ОЛ деп жазатынбыз. Ал қазір ашық түрде жазамыз, айтамыз. Ата-аналармен де, балалармен де ашық түрде сөйлесеміз, ауру туралы түсіндіріп айтамыз. Қазір онкогематология бөлімінде керісінше, балалардың күлкісін жиі еститін болдық. Балалар билейді, ән айтады, ойын залдарында ойнайды, арнайы ашылған смарт-сыныбында білімдерін жетілдіреді. Жіті лейкоз – үкім емес,  қазіргі күні көп жағдайда емделіп кетуде.  Ең қиын 90-жылдары біз неміс мамандарымен әріптестік орнаттық, соның арқасында BFM бағдарламасы енгізілді. Қазіргі күні біз бүкіл әлемде қолданылатын осы бағдарламамен емдеудеміз. Үмітіміз жоғалған сол жылдары елімізде КЭР Германия қайырымдылық ұйымының қолдауымен алғаш рет заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған онкогематологиялық орталықтар ашыла бастады. Қазақстандағы балалар  онкогематологиялық қызметінің дамуына бірден-бір еңбек сіңірген жандардың бірі, Қазақ елінен шыққан, Қарағанды медициналық университетінің түлегі – балалар онкологы Валентин Герайн. Ол көп жыл біздің дәрігерлерге көмек қолын созып, мамандарымыздың біліктіліктерін арттыруға атсалысты, соның арқасында көптеген балаларымыз аман қалды. Ол нағыз  кеңжүректі, қайырымды, ең мейірімді жан. Біз оған және барша неміс мамандарына алғысымызды білдіреміз. Бүгінгі күні жіті лейкозға шалдыққан балалардың өмір сүруі 76 пайызды құрайды. 2013 жылдан бері ісіктерді емдеудің жаңа әдістері қолданылуда. 2012 жылдан бері балалардағы гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау енгізілді, осы жылдан бері сүйек кемігінің ішіндегі аллотрансплантация және аутотрансплантация отасы 150-ден аса балаға жасалды. Көрсетілетін медициналық қызметтерге қолжетімділік пен сапасы жақсаруда. Балалардың оңалту жайы да қарастырылған», дейді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева.

Флеш-моб соңында дәрігерлер, шараға атсалысқан қайырымды жандар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері балалар мен ата-аналарға ақ тілектерін білдіріп, тезірек сауығып кетулерін тіледі.

Қазіргі таңда медицина қатерлі ісік ауруын да емдеуге болатынын дәлелдеді. Бүгінгі күні ол дертті жеңіп, қалыпты өмір сүріп жатқан азаматтар өте көп. Мамандар, қатерлі дертке шалдыққан балалар айналасындағы жандардың қолдауын сезінсе,  мықты бола түспек, дейді. Ендеше, балаларымызға үнемі қолдау көрсетіп жүрейік!