Бұл бастама «Қазақстандағы туберкулезді бақылау жүйесін реформалау мен туберкулездің дәріге төзімді нысандарының менеджментін күшейту арқылы туберкулез ауыртпалығын төмендету» бағдарламасы шеңберінде ЖИТС-пен, туберкулезбен және безгекпен күресу жөніндегі Жаһандық қордың грантының арқасында жүзеге асып отыр.
– Шетелдік азаматтар, олардың арасындағы көпшілігі біздің елімізде тұруға рұқсат алмаған еңбек мигранттары антиретровирустық препараттарды (АРВ) тегін алады. Медицина қызметкерлері жанама реакциялар менеджментін, ең тиімді дәрі-дәрмектер мен емдеу сызбаларын таңдап, кеңес беру үшін ұдайы клиникалық мониторинг жүргізіп отыр. Оның ішінде АИТВ инфекциясы бар жүкті әйелдер ерекше бақылауда, – дейді Алматы қалалық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Марат Төкеев.
Қалалық медицина қызметкерлерінің бұл бастамасы АИТВ-жұқпасының статистикалық даму деректерінің жағдайын көрсетеді. Мегаполисте тіркелетін жағдайлардың төрттен бірі – алыс-жақын шетелдер мен Қазақстанның басқа қалаларынан келген азаматтардың үлесінде.
Туберкулез бен АИТВ адам өлім-жітімінің басты себепшісі болып отырғандықтан, АИТВ-инфекциясын емдеудің тиімділігін тежейтін кедергілердің бірі, яғни науқастардың АРВ-препараттарын тұрақты қабылдауға құлықсыздығы мамандарыд алаңдатып отыр.
Алматы қалалық ЖИТС орталығының қызметкерлері қоғамдық үкіметтік емес ұйымдардың аутрич-қызметкерлерімен және волонтерлерімен бірлесе отырып, еңбек мигранттарын қоса алғанда, халықтың негізгі топтары арасында АИТВ-ға жедел тестілеу өткізіп келеді. Яғни кеңес береді, ақпараттық материалдар таратады, тренингтер ұйымдастырады. Сондай-ақ АИТВ-инфекциясының берілу жолдары және одан қорғану шаралары туралы хабарлайды. Достық кабинеттер мен сенім пункттері арқылы алдын алу құралдарын таратады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ