«Тарифтерді төмендеді дейсіздер, ал халық төмендегенін көріп тұрмағандарын айтады. Бірінші кезекте, халық мұны қалтасымен сезінуі керек»,-деді облыс әкімі коммуналды қызмет басшыларына.
Оның тапсырмасымен Ақтөбеде, сонымен қатар облыстың барлық аудандарында 19 ақпаннан бастап арзандатылған тарифтерге қатысты ағымдағы жағдайға мониторинг жасауға кірісетін жұмыс топтары құрылды.
Бердібек Сапарбаев: «Жұмыс топтарына жауапты мемлекеттік органдардың өкілдерінен өзге қоғам қайраткерлері де кіру керек. Пәтерлерді аралап, адамдармен сөйлессін, түбіртектерін алып, салыстырсын. Тарифтерді төмендету – мемлекет басшысының міндетті түрде орындалуы тиіс тапсырмасы, мұны әрбір үй иесі сезінуі керек»,- деп атап өтті.
Еске салайық, жаңа жылдан бастап өңірде коммуналды қызмметтердің барлық түрінің құны төменген болатын. Коммуналды қызметтердің мәліметтеріне сүйенсек, облыста газ, жылу тарифтері 10,2%, жарық 3% арзандады. Сумен жабдықтау 5,5%, су тарту 5,9% төмендеген. Жеделсаты қызметінің тарифі 10% азайып, ПИК қызметі 7,3% арзандады. Домофон қызметі үшін ақтөбеліктер 5% арзан төлей бастады.