Парламент • 19 Ақпан, 2019

Сенаторлар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру мәселелерін талқылады

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатта Қаржы және бюджет комитеті еліміздегі мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік және жергілікті мүдделі атқарушы органдармен өткізетін кездесу өтті.

Сенаторлар мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру мәселелерін талқылады

Парламент Сенаты комитетінің төрағасы Ольга Перепечина шараны аша келіп, Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік-жекешелік әріптестікті кеңейту кәсіпкерлікті дамытуға арналған ауқымды әлеует әрі инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетігі болуы тиіс екенін атап өткенін еске салды. Сонымен бірге, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру бюджет ауыртпалығын төмендетуі, жобалардың сапасын арттыруы, бизнесті дамытуға және мемлекет экономикасына инвестиция тартуы тиіс.

Ол сондай-ақ шын мәнінде бюджет шығындары жеңілдемейтінін айта келіп, жобалардың көптігі мен орта мерзімді болуына байланысты бюджет жүктемесінің күрт өсуі ықтималдығын атап өтті. Кейбір жобалар неғұрлым қымбатқа түсіп отыр, банк пайызы, операциялық, инвестициялық және бюджет инвестициясы барысында болмайтын өзге де шығыстар есеп-қисапқа қосылады, мемлекеттік және жеке әріптестер арасындағы міндеттемелерді өзара тиімді бөлуде теңгерім қағидасы сақталмайды.

Ұлттық экономика министрі бірінші орынбасары Руслан Дәленов Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің дамуындағы негізгі көрсеткіштермен таныстырды. 2019 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жалпы сомасы 1,4 триллион теңге болатын 558 мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісім-шарт жасалды.

Қарағанды ​​облысы әкімінің орынбасары Алмас Айдаров аймақтағы мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің өзекті мәселелері мен келешегі туралы есеп бере келіп, мемлекеттік-жекешелік әріптестік барысында жергілікті жобаларды жоспарлау мен іске асырудың жекелеген рәсімдерін реттеуде туындайтын олқылықтарға тоқталды. Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Төлеген Сәрсембаев, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Рабандияр Маймақов, «Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік өңірлік орталығының» басқарма төрағасы Шәкәрім Бұқтығұтов сөз сөйледі.

Кездесу қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстарға талдау жасалып, қажеттілігіне орай Үкіметке жіберіледі, сондай-ақ заң шығару жұмыстары барысында ескерілетін болады.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше