Қазақстан • 20 Ақпан, 2019

Қарағандыдағы «Хадия» дүкені мұқтаж жандардың қамқоршысы

736 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды қаласында екі жылдан бері «Хадия» атты қайырымдылық дүкені жұмыс істейді. Мұнда қала тұрғындары мұқтаж жандарға деп киім-кешек, азық-түлік, кеңсе тауарларын және басқа да тұрмысқа қажетті заттар  әкеліп өткізеді.

Қарағандыдағы «Хадия» дүкені мұқтаж жандардың қамқоршысы

Сондай-ақ, дүкен ішінде қайырымдылық жәшік орнатылған. Оған жиналған қаражат аз қамтылған, көп балалы отбасылар мен жалғызбасты аналардың тұрғын үй төлеміне жұмсалады.

– Біз көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, балаларын жалғыз өсіріп отырған аналарға және тұрмыстық қиын жағдайға тап болған мұқтаж адамдарға көмектесеміз. Осы мақсатта қала тұрғындары мен кәсіпкерлерден  балалар үшін заттар, азық-түлік, мектеп заттарын және қаржылай көмек қабылдаймыз,  – дейді «Хадия» дүкенінің ұйымдастырушысы Марат Түсіпов.

Қазіргі таңда «Шығыс» сауда үйінің ғимаратында орналасқан «Хадия» дүкені арқылы 600-ге таман адам көмек алған.

– 2015 жылдан бастап Қарағанды облысында «ҚМДБ Зекет қоры» корпоративтік қоры жұмыс істейді. Бүгінгі күнге дейін қор өкілдері көптеген мұқтаж адамдарға көмек көрсетті. Еріктілердің көмегімен «Хадия» қайырымдылық дүкені ашылды. Мұнда келе алмайтындарға біз азық-түлік пен заттарды өзіміз апарып береміз, – дейді Әнет баба атындағы мешіттің бас имамы Өмірзақ Бекқожа.

Аталған қор құрылғаннан бері бірнеше отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Жиналған қаражат есебінен үш жыл бұрын Сұрыптау стансасында баспанасы жанып кеткен көп балалы отбасы үшін үй салыныпты. Бұдан бөлек, былтыр үйлерінде өрт болған екі отбасының шаңырағына жөндеу жүргізілген.

– Биыл қор мұқтаж жандарға 200 тонна көмір бөлді. Көмек қажет ететін отбасылардың тізімін әкімшіліктен аламыз. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек пен емдеу үшін қаражат жетіспейтін немесе мүлдем мүмкіндігі жоқ ауыр науқастарға қол ұшын береміз, – дейді облыстың бас имамы.

«Хадия» дүкеніндегі барлық заттар мен өнімдер мұқтаж деп танылған жандарға тегін таратылады. Олар азық-түлік беру пунктіне 3 айда бір рет келе алады. Дүкенде бір қолға бір рет 10 затқа дейін беріледі деген талап орнатылған.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды