Әлемдегі кейбір ғалымдардың пікірінше, халықты ең оңай, халықты жоғарыда аталған сырқаттардан арашалап алудың ең қолжетімді әрі тиімді жолы күн сайын таза ауада жаяу жүру. Мәселен, жапон ғалымдары күн сайын 10 мың қадам (шамамен 6-7 км) жаяу жүрген адамның дені сау әрі көптеген аурудан ада болатынын айтады. Ал Американың Онкологтар қауымдастығы қатерлі ісіктің алдын алудың тиімді жолы ретінде де жаяу жүруді ұсынады. Мұндай материалдар медициналық БАҚ-тарда, ғаламторда өте көп. Өзіміз жүргізген сауалдамаларды да сараптайтын болсақ, шын мәнінде жаяу жүруді күнделікті дағдысына айналдырған азаматтар ішінде жоғарыда аталған ауруларға шалдыққандар жоқ екен.
Өкінішке қарай, біздің азаматтар жаяу жүрмейді, таяқ тастам жерге де көлікпен барғанды дұрыс көреді, өйткені, көпшілігі жаяу жүрудің зор денсаулықтың кепілі екендігін, аталған аурулардың алдын алатынын білмейді, ал білетіндері жаяу жүруге ерінеді немесе осы маңызды мәселеге мән бермейді. Сондықтан халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуіміз керек.
Қазақстанның жаяу жүру және скандинавияша жаяу жүру федерациясы (бұдан әрі – Федерация) жаяу жүруді халық арасында жаппай насихаттап, оны жалпыұлттық қозғалысқа айналдыруды жоспарлап отыр. Федерацияны дамыту үшін қатарымызға қалың бұқараны тартып, ерікті азаматтармен жұмыс істейтін боламыз. Федерацияның ресми сайты www.hodba.kz
Біз бір топ белсенді азамат халқымыздың денсаулығын жақсартуға өз үлесімізді қосу үшін осы Федерацияны құрдық. Енді «Күн сайын 10 000 қадам жүрейік» деп аталатын жалпыұлттық бағдарламамызды қалың жұртшылыққа ұсынамыз. Біздің бүкіл бағдарламамыз бір ғана сөйлемнен тұрса да оның көтерер жүгі ауыр, мән-маңызы жоғары. Яғни, Федерацияның әрбір мүшесі күн сайын 10 000 қадам жүріп өтуге міндеттенеді. Әрбір адамның осы мақсатты орындауы үшін көмектесетін боламыз, яғни оқытамыз, үйретеміз, тиісті шаралар ұйымдастырамыз және қажет болса арнайы дайындаймыз. Біз алдымызға осындай өте қарапайым да қолжетімді, бірақ халық үшін пайдасы аса зор мақсат қойып отырмыз. Шын мәнінде жаяу жүрудің адамның денсаулығын жақсартып, өмір жасын ұзартатындығына еш күмән болмауы керек.
ДДҰ деректеріне сүйенетін болсақ, соңғы кезде обыр, жүрек-қан тамырлары аурулары, простатит, қант диабеті, өкпе қабынуы, бүйрек және бауыр ауруларына шалдығу саны бүкіл әлем бойынша өсіп келеді, біздің еліміз де одан шет қалып отырған жоқ. Ал оның алдын алудың ең тиімді де жалғыз жолы жаяу жүру екендігі қазіргі медицинада дәлелденген. Сондықтан осы қорқынышты аурулардан халқымызды құтқарудың тиімді жолы − күн сайын жаяу жүру. Біз кеңесімізді 1000 адамға тыңдата алсақ, оларды осы зауалдардан құтқардық деп есептейміз. Егер біздің қатарымызға 1 000 000 адам кіретін болса, қоғамдағы миллион жанның дені сау болып, бақытты болуына өз үлесімізді қосқанымыз. Федерация ауруханалар салмайды, адам емдеумен де айналыспайды, бірақ осылайша шын мәнінде мыңдаған адамның өмірін құтқаруға атсалысады.
Біздің елімізде жаяу жүру және скандинавияша жаяу жүру спорт түрінде танылмаған, яғни республикалық спорттық тізбеде спорт түрі ретінде тіркелмеген. Сондықтан бізді осы спорт түрлерін заңды түрде тіркетіп, ресми мойындалуы үшін жүргізілетін үлкен жұмыстар күтіп тұр. Осы мақсатта скандинавияша жаяу жүру спорты бойынша Финляндиядағы халықаралық скандинавияша жаяу жүру федерациясының стандарттары мен нормативтерін қабылдаймыз. Ал жаяу жүру спорты бойынша өзіміздің нормативтеріміз бен стандарттарымызды әзірлейміз және соған сәйкес өзіміздің тәртіптеріміз бен ережелерімізді жасап шығарамыз.
Федерациямыз респубикалық және халықаралық деңгейдегі тиісті аккредиттеу және мойындалу рәсімдерінен өткеннен кейін еліміздегі басқа да мойындалған спорттық федерациялар секілді заңдық негізде өз спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымызға тиісті спорттық разрядтар мен атақтар береміз. Мамандар дайындап, тиісінше өзіміздің жаттықтырушыларымыз бен спортшылар құрамын жасақтаймыз.
Қазақстанның жаяу жүру және скандинавияша жаяу жүру федерациясын еліміздің барлық өңірінде құрамыз. Осыған байланысты, өз денсаулығымен бірге халықтың денсаулығын да жақсартуға үлес қосуға ниеттес азаматтарды құрамымызға кіруге шақырып, Федерация филиалының президенті, вице-президенттері лауазымдарына конкурс жарияладық. Барлық ақпарат www.hodba.kz сайтында.
Жамбыл АХМЕТБЕКОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның жаяу жүру және
скандинавияша жаяу жүру федерациясының президенті