Қазақстан • 20 Ақпан, 2019

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақысы өседі

1595 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжілістегі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіз­дік комитетінің мүшесі, депутат Қуаныш Сұлтановтың төрағалығымен Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Отырыста қара­латын мәселеге орай Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев баяндама жасады.

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақысы өседі

Министр Е.Тұрғымбаев полиция қызметкерлерінің құқық­тық-әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі Елбасы мен Үкі­мет қолдауының арқасында шешіліп жатқанын жеткізді. Алай­да, жаңа форматтағы полицияны құру бір­қатар мәселелерді шешу­ді қажет етеді. «Ең алдымен, поли­ция қызметкерлерінің жалақысы төмен. Мысалы, полиция сер­жантының орташа жалақысы бүгінде 87 мың теңге, ал лей­тенант­тан майорға дейінгілер 110 мыңнан 147 мың теңгеге дейін ай­лық алады», деді ол. Оның сөзіне сенсек, бұл сома өзге орган­дардағы дәл осындай шенді қызметкерлердің жал­ақы­сынан 10-50 пайызға төмен.

 Министр кадрлық жағдай­ға да тоқталды, мамандар­дың тұрақ­сыздығы жұмыс сапа­сы­ның артуына кедергі кел­тіруде. «Былтыр 8800-ден астам маман қызметтен кетті. Соның 42 па­йы­зы өз еркімен шыққан. Бүгінде 11200 полиция қызметкері жет­кі­ліксіз. Бұл 14 пайызды құрайды. Ішкі істер министрлігінде жұ­мыс осы себепті толыққан­ды атқарылмай отыр», деді Е.Тұрғымбаев. 

Мемлекет басшысы өт­кен жылы: «Полиция мен тұр­ғындардың арасындағы байланыс ескірді. Өкінішке қарай, біздің елде реформа жасауда кенжелеп қалған осы ішкі істер органы болып отыр», дей келе, жедел түрде реформа жүргізуді және штаттық бірлікті қысқартып, үнемделген қаржы есебінен полиция қыз­меткерлерінің жалақысын көтеруді тапсырған еді. Осыған орай, министр Е.Тұрғымбаев отырыстағы баяндамасында: «Қазіргі таңда министрлік Үкімет бекіткен Ішкі істер органдарын жаңғырту жөнінде жол картасын іске асыруда. Оның шеңберінде ішкі істер органдарының штат саны 10 пайызға, яғни 10 мың 860 бір­лікке, осының ішінде бас­шы құрамының саны 1 мың­ға қысқартылды», деді. Ми­нистр­дің мәліметінше, осы қыс­қартудан үнемделген 16 млрд теңге қызметкерлердің жалақы­сын өсіруге жұмсалады. 

Бұдан бөлек, комиссия төрағасы Қ.Сұлтанов Ішкі іс­тер министрлігіндегі реформа­ға талдау жасау үшін Бірік­кен Ұлттар Ұйымынан арнайы сарапшы келетінін айтты. «Бұл маман құқық қорғау, сот органдарындағы адам құ­қығының сақталуына сарап­тайтын болады. Ол біздің реформамызды зерделеп, одан кейін соның негізінде сараптама жасайды», деді ол. Ай­та кетейік, БҰҰ сарапшысы елімізге мамыр-маусым айларында келмек. 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»