Аймақтар • 20 Ақпан, 2019

Көкшетауда «Бояулар құпиясы» жас суретшілер байқауы өткізілді

1353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Екінші жыл қатарынан «Бояулар құпиясы» атауымен облыстық жас суретшілер байқауы ұйымдастырылып келеді. Бейнелеу өнері арқылы жас жеткіншектердің көркемдік-шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған байқауда қылқалам шеберлері бақтарын сынады.

Көкшетауда «Бояулар құпиясы» жас суретшілер байқауы өткізілді

Қатысушылар екі жас санаты бойынша сынға түсті. 10 мен 14 жас аралығы және 15-тен 18 жасқа дейін. Байқаудың тынысы жыл санап кеңіп, қатысушылардың қатары көбейіп келеді. Биылғы байқауға 88 жас суретші қатысуда. Жарыс үлгісіне сәйкес портрет, натюрморт, пейзаж жанрлары бойынша үй жұмысы және де Ұлы даланың жеті қыры, жастар еліміздің болашағы: үздік лайфхак жанрлары бойынша 3 сағат ішінде қатысушылар туындыларын ұсынуы керек.

–Дәстүрге айналған «Бояулар құпиясы»  соңғы екі жылда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Бірінші кезеңнің қортындысын безбендеген қазылар жас суретшілердің тәп-тәуір шыңдалып қалғандығын  айтып отыр. Біздің міндет –үздігін анықтап, өнерге деген құлшыныстарын арттыру,–дейді өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығы  директорының орынбасары Бақыт Қосқұлақова.

Қоршаған ортасын, өзінің дүниетанымын, бала қиялының ұшқыр ойларын қағаз бетіне түсіруге талпынған жас суретшілердің таңдап алған тақырыптары бүгінгі қоршаған орта секілді жан-жақты, әрі сан бояулы. Ақмола облысы білім басқармасы жанындағы өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығының мұрындық болуымен өтетін аталмыш байқау дәстүрге айналған.  

–Менің бүгінгі байқауға таңдап алған тақырыбым «Ұлы даланың Астанасы» деп аталады. Мен аудандық сайыстан 1- ші орын алып, облыстық байқауда бағымды сынауға мүмкіндік алдым. Мен бұл жерге келгенімнің басты мақсаты жеңіу емес, достармен танысып, шығармашылығымды шыңдау  үшін келдім,–дейді байқауға қатысушы Сандуғаш Сейілова. 

–Мен индуктивтік кескіндеме бойынша еңбек дайындаудамын. Осы бағытта екі жыл көлемінде айналысып жүрмін. Ал, жалпы сурет салып жүргеніме 14 жылдай уақыт болды. Қазіргі салып жатқан туындым «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбында,–дейді байқауға қатысушы Анастасия  Соловьева. 

Талғамы таудай жас суретшілердің қиялына қанат бітіріп, самғар көгіне еркін қалықтау  мақсатында ұйымдастырушылар арнайы шеберлік сыныбын да назардан тыс қалдырмаған. Байқауға қатысқан 88 үміткердің 12- сі жүлделі орындарға ие болса, қалған барлық жас суретшілер марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы