Шалғай ауылдардағы 127 мектепті кең жолақты интернетпен және 167 мектепті «WI-FI» нүктелерімен толық қамту осы жылдың жұмыс жоспарына енгізілген. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Бастар Есқараев өңірде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 5 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқанын айтты. «Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша "SmartCity" тұжырымдамасы іске асырылуда. Атап айтқанда, Түркістан қаласындағы Отырар мөлтек ауданында 10 көп қабатты тұрғын үйге «E-SHANYRAQ» жүйесіне толықтай интеграциялау жұмыстары жасалынды. Бұл, импульсті қашықтықтан басқарылатын есептегіштер арқылы су, жылу және электр энергиясының берілуі бақыланады. Яғни, тұрғындар интернет арқылы есептеулер мен есеп айырысулардың дұрыстығын тексере алады, үй бойынша шығындармен табыстар бақылауда болады және ТКШ мәселелері бойынша онлайн түрде өтініштер қабылданады», – деді Бастар Әуелханұлы.
«SmartCity» бағдарламасы негізінде биыл пилоттық жоба ретінде Түркістан қаласындағы саябақтар мен көшелерге «Ақылды жарықтандыру» жобасын енгізу жұмыстары қолға алынған. Бұл жарық беру аймағында өздігінен автоматты түрде жарық сөндіріледі немесе азаяды, сондай-ақ автокөліктер жарықтандыру аймағын кесіп өткен кезде ғана автоматты түрде қайта қосылуына мүмкіндік береді. Басқарма басшысының айтуынша, цифрландыру жүйесі, әсіресе мемлекеттік қызмет көрсету саласында кең қолданыста. Мәселен, өткен жылы 10,955 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның 9,350 мыңы электрондық түрде, қалған 1 372 мыңы қағаз түрінде іске асырылған.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы