21 Ақпан, 2019

Жүзге келген ұстаз

726 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Біздер арнайы іздеп келгенде ғасыр куәгері Байтұма қария таяғына сүйене тұрып, баяу қимылмен қасымызға келіп жайғасты. Күрделі отаның салдары болар, қуаң тартқан жүзінен шамалы әлсіздік байқалғанымен, сұңғақ бойлы, өр келбетті қарияның жылы дидарынан тағдырдың бұл ісіне де мойынсұнбағандық байқалады. 

Жүзге келген ұстаз

Зәулім үйдің терезесінен ақ қарлы сілем­дерге көз тіге қа­рап, біраз үнсіз оты­рып қалған Бай­тұма қарияның жүзі­нен ауылға деген сағыныштың табын сезгендей болдым. Әттең, аяқасты ота жасатпағанда бәлкім, балаларын қолқалап әлдеқашан ауылға тартып кетер ме еді, кім білсін?.. Ғасыр куәгері үшін мына жарық әлемнің ыстығы да, суығы да ауыл өмірімен астасып жатқандығы ақиқат. 

Байтұма Тұрарұлы туып-өскен өңір Тәңір таудың бау­райындағы шұрайлы өлке – Райымбек ауданының Шалкөде ауы­лы. Алғаш ашылған мектепте Нарынқол өлкесінде оқу-ағарту саласының ұйым­дас­тырушысы әрі ауыл мектеп­терінің көбеюіне зор үлес қосқан, бүгінде ең­бек­тері әде­биетіміздің қорында сақтал­ған ақын, публицист Мәлікаждар Құлмұ­ханбетовтен тәлім алған. 

«Балалық шағым Елтайда өтті. Әкем орта шаруа адамы бо­латын. Қолғабысқа жарап қал­ған кезім, қасынан бір елі де қалмаймын. Сондай күндердің бірінде үйге былғары күртеше киген атты кісі келіп түсті. Тұрар әкем «Қонақтың атын байлап, жемшөп салып, су беріп қой», – деді. Тапсырмасын қалт етпей орындап қойдым. Бейтаныс қонақүйге түнеп қалды. Таңертең тұрсам, ол кісі кетіп қалған екен. Үлкен кісілердің әңгімесінен аңғарғаным, мен атын суарған кісі қазақтың біртуар азаматы Ораз Жандосов болып шықты. Әкемді сол үшін жауапқа алып, Ораз Жан­досовтың бұл маңға келіп-кетуінің себептерін сұрап, тиісті орындардың қайта-қайта шақыртқаны бар» деп жадына түйіп қалған осы бір оқиғаны есіне алды. Ал атасы Жұмабек 1916 жылғы ұлт-азаттық көтері­лісiне қатысқан. Әкесi Тұ­рардың есімі жұртшылықты колхоз ұйымдастыруға үндегендердің қатарында аталады. 

«Үлкен атам Итбала батыр жа­йындағы тарихи мәліметтер әлі де зерт­теуді қажет етеді. Итбала батыр Тезек тө­ре­нің сарбазы, сон­дай-ақ ғалым, этнограф Шоқан Уәлихановтың экспедиция­сында болғандығы туралы мәліметтер жайында аз-кем ақпараттар болғаны бол­­маса деректерге әлі қанық бола қой­ған жоқпын. Ал бала күнімде Ит­бала батыр туралы естiген аңыз-әңгiмелер мен ша­ңы­рақ бұйымдарының арасынан жиі кез­дестіретін көне әшекейлер сол тарихи ке­зеңдерден хабар берсе керек-ті», – дейді көнекөз қария. 

Бүгінде 100 жасқа толып отырған қарт ұстаздың әңгі­месіне қарап, жүрек түкпі­рін­де қатталған өткен өмір өткел­дерін жадынан алыстата қойм­ағандығына көз жеткізе түстік. Шәкірт тәрбиелеуге қа­тысты әр әңгімесін сүйіспеншілікпен, ди­дарына қан жүгіре отырып баяндауынан ол кісінің ұс­таздық кәсібіне деген ерекше ын­­тызарлығы байқалады. Жа­лаңаш ауылындағы онжылдық мек­­тептi аяқтап, еңбек жолын 1939 жылы Ақбейіт ауылындағы жетіжылдық мек­­­тепте физика-математика­ пән­­дерінің мұ­­ғалімдігінен бастаған Байтұма ұстаз көп ұзамай әс­кер қатарына алынды. 1941 жы­лы Польша мен Украина ше­карасында әскери оқу-жатты­ғуларынан өтіп жатқанда ІІ дү­ниежүзілік соғыс бас­­­талады. Сұрапыл соғыс жылдары бі­лімді жандардың тә­жірибесі майданның тө­тенше іс-қимыл­дарына ауадай қажет еді. Мектепте физика-математика пәндерін мүдірмей мең­герген жауынгерді майдан шебіндегі тұт­қиылдан соққы беретін әдіс­терге жұ­мылдырды. Кез келгенге тапсырыла бермейтін ды­­быс ұстайтын құрал мен про­­­жектор жарығын басқарған жауынгер Байтұма Тұрарұлы жау ұшағының ал­ған бағытын дыбыс арқылы бақылай ала­тын зеректік қасиетімен де ерекшеленген. Жау ұшағының көзін жоюдағы ер­ліктері «Красная звезда» орталық әс­кери газе­тіндегі мақалаларға арқау болды. Байтұма Тұрарұлы Львов қа­ласынан кейін Киев, Харковь қалаларындағы, Кав­казда әуе қауіпсіздігі операцияларына қа­тысты. Тіптен, есепке жүйрік деп со­­ғыста жабдықтаушы мін­деті де қатар тап­сырылған екен. 

Соғыс аяқталғаннан кейін Жапонияға баруға құрылып жатқан арнайы армия қа­тарында Қырымға алынады. Осы ке­зең­­де соғыстың аяқталуы Қырымдағы әске­ри­лердің елге қайтуымен жалғасын тапты. 

Сұрапыл майдан парақта­рында бұғып қалған бір оқи­ға­ның сырын Жеңістің 25 жылдығына орай «Социалистік Қазақ­стан» газетінен Байтұма Тұрарұлын із­дестірген хат келгеннен кейін ашуға ту­ра келді, дейді әңгімемізге араласқан Ми­ра Байтұмақызы. Газет оқырманы ре­­тiнде хат та өз иесiн тез тапқан болуы­ ке­­­­рек. Хат соңында майдандас қыз­­дар­дың есімдері тізіле жазылыпты. 

– Мі­не, осы ­кезден бастап келген хат­тың­ мән-жайына қарап, әкеміздің май­дандағы өмі­рін түсіне бастадық... «А зо­ри здесь тихие» фильмін үз­бей қа­рап оты­руының да сырын содан кейін ұғын­ған­дай болдық, – дейді Мира апа­йымыз. Бай­тұма Тұрарұлы 1944 жылы әйел­дер батальонында старшина қызметін ат­қарады. Нәзік жандылардың тоқ жүруі үшін арпаны ұнтақтап, қуырып берген кез­дерi үлкен қамқорлығының нышанын­дай. 

Соғыс аяқталғаннан кейiн Мәскеуде қалуға мүмкiндiгi бола тұра, Байтұма қа­рия ауылда қалған әке-шеше мен бауыр­лардың тағдырына алаңдаулы күй кешті. Осылайша 1939 жылдың қараша айында әскерлік міндетін өтеуге кеткен Байтұма Тұрарұлы 1945 жылдың желтоқсан айы­ның соңына қарай ел-жұртқа оралады. Өзі жоқта кенже iнiсi Ұзақбайдың дүниеге келгенiнен де бейхабар едi. 1949 жылы әкесі Тұрар ауыр науқастан 53 жасында дүние салғаннан кейiн екi қарындасы мен екi iнiсiн тәрбиелеп өсiрудi өз міндетіне алады.

Майдан шебінен елге орала салысымен көп ұзамай ол аудандық партия комитетінің шақыртуымен комсомол ұйымының хатшылығына ұсы­нылады.

Алайда ауыл соғыс­тан кейінгі ауыр жылдарда білімді ұстазға зәру болатын. Ұстазы, ол кезде мектеп дирек­торы Мақсат Беласаровпен ақыл­даса ке­ле білімнің соңына түсіп, мұғалім болып қалуды алдағы өміріне мақсат етеді. «Бас­шы табылар, ал болашақ ұрпаққа бiлiм беретін бiлiктi мұғалім ауа­дай қа­жет» деген ұстаз сөзін жадына түйеді. Осы­лайша Байтұма Тұрарұлы Нарынқол орта мектебінде физика-математика пәні­нің мұғалімі қызметінде еңбек ете жүріп жоғары оқу орнын бітіреді, осы мектеп­те қызмет істеп жүріп өмірлік жары Шы­нармен табысады. 

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Байтұма ақсақалдың еңбек жо­лы бүгінде көпшілікке өнеге. Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері атанып, Кеңес Одағы ха­лық-ағарту ісінің озаты төсбелгісімен мара­патталады. Осы қырық жыл ұстаздық ғұмырында көптеген математиктер мен физика саласының май­талмандарын тәрбиелеп шықты. Мате­матик ұстаздан тәлім алған Аужан Сақа­беков, Кәден Бапаев, Тiлеухан Алғазиев, Ораз­хан Рамазанқызы, Батталхан Жа­мал­динов, Жолдасбай Несіпбаев, Ұл­туған Айдарова сынды математиктер­ және басқа да көп­теген шәкірттері әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Ал қарияның немересі, әл-Фа­раби атын­дағы ҚазҰУ оқытушысы 30 жас­тағы Олжас Тұрардың философия докторы (PhD) дәрежесіне жетуі атасының мақ­танышы. Немерелерiнiң барлығы да жоғары бiлiмдi. Бiрi Санкт-Петербургта бол­са, екiншiсi Мәскеуде еңбек етедi.

Қаланың дүбірлі әлемімен астасып­ жататын күнделікті тіршілікке бейжай қарамайтын ардагер ұстаз ел іші жаңа­лықтарын қадағалап да отырады. «Еgemen Qazaqstan» газетінің тұрақты оқырманы ретінде әр нөмірін мұқият қарап, ауыл-аймақ азаматтары жайлы жазылған деректер мен тарихи мақалаларды қызыға оқи­ды. 

«Көзәйнексіз жүруіңізге қарағанда кө­ру қабілетіңіз жоғары ғой деймін» деген сауалымызға «Арғы атам Итбала батыр мерген болған деседі, олай болса көзім­нің қырағылығы сол кісіден дарыған болуы керек» деп жымия жауап берген қария кезекті сұрағымыздың райын ұқ­қандай, «Адамның жаны таза болса, тәні де сау. Рухани ұстанымы жоғары болса, айналасына шуағын төгіп жүреді, үл­гі-өнегесі басқаларға дариды. Алла берген ұзақ өмір сүрудің құпиясы да осымен астасып жатса керек-ті», – дейді. Иә, қырық жылға жуық ұстаздық кәсібі мен жауынгерлік тәртіпті өміріне арқау еткен Байтұма Тұрарұлы бір мезгіл шахмат ойнап тұрудың да пайдасы көп екенін айтады. Ас-су ішкенде ерекше күтім талғамайтын қария қой еті мен сорпасының адамға берер күш-қуаты зор деп біледі. Бүгінде жеті бала өсіріп, немере-шөберелеріне мейірімін төгіп отырған қарт ұстаз көктем туып, наурыз келсе ауылдағы ел-жұртымен қауышсам деп армандайды.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар