Спорт • 21 Ақпан, 2019

Әділбек Мусин: Жеңіс жауапкершілік жүктейді

519 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Халықаралық жарыстарда өзгелер жүзден жүлде теріп жүргенде, Қазақстан қашан өз «алтын балықтарын» тәрбиелеп шығарады екен деп ойлайтынбыз. Соңғы жылдары біртіндеп сол олқылықтың да орны толып келеді. Рио Олимпиадасында Дмитрий Баландиннің топ жарғанына куә болсақ, былтырғы Азия ойындарында алаш оғландарының да алар асуы биік екендігін аңғардық. Әсіресе 50 метрге баттерфляймен жүзуде қола медальді қоржынға салған, кейіннен 4х100 метрге эстафеталық сында тағы үздік үштікке ілінген Әділбек МУСИНДІ көпшілік жыл жаңалығына балады.

Әділбек Мусин: Жеңіс жауапкершілік жүктейді

– Өткен жыл сіз үшін сәтті аяқталды. Джакартадағы Азия ойындарында қола жүлдегер атандыңыз. Ал оның алдында, 2017 жылы жабық кешендегі Азия ойындарында екі қоланы қор­жын­ға салдыңыз. Индонезияда алғаш­қы үштікке ілінемін деген сенім болды ма?

– Ашғабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарында эстафеталық сайыста екі қола медаль иелендім. Сол үшін де командалас әріптестеріме алғысым зор. Жекелей сында көңіл көншітерліктей өнер көрсете алған жоқпын. Себебі қысқа қашықтық мен үшін қолайсыз.

– Командалық эстафетада қа­зақ­стандықтар жүлдегерлер қатарына ілік­ті. Бұл медальді Азиадада аздаған үзіліс­тен соң иеленіп отырмыз. Психо­ло­гиялық дайындық қалай болып еді? 

– Маусымның басында-ақ эста­фе­талық сынға тыңғылықты дайындалдық. Сол уақытта жігіттермен бірге сайыс қа­лай өрбуі мүмкін деген нұсқаларды қа­тар қарастыра бастадық. Жарыс күні жақындаған сайын толқудың да, жауапкершіліктің де арта түскенін тү­сіндік. Малайзияда өткен соңғы оқу-жат­тығу жиындарында техникалық кем-кетіктердің бәрін түзеп, алдағы әрекет­терімізді пысықтап алдық. 

– Баландинді мықты спортшы ре­тін­де білеміз. Ал дос ретінде ол қандай адам? 

– Дмитрий Баландин – дарыны мен еңбекқорлығын ұштастыра білген спортшы. Ал құрамада жақын танысу арқылы Дмитрийдің нағыз дос, сенімді жолдас ретінде таныдым. Қай кезде сені тыңдап, ағалық ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беруден шаршамайды. 

– Биыл да командамызды маңызды сын күтіп тұр. Ол – Кореядағы әлем чем­пионаты. Бұл додаға басты дайын­дық қайда және қалай өтеді? 

– Кореядағы әлем чемпионатына даяр­лық құрама бапкері алдын ала құрған жос­парға сәйкес өтеді. Өкінішке қарай әзір­ге аталған кестемен танысып үлгерген жоқпын. 

– Әлем біріншілігінде Азия ойын­дарының нәтижелерін қайталап қана қоймай, оны жақсартуға мүмкіндігіміз бар ма? 

– Бапкермен бірге көрсеткіштерді жақ­сартамыз деп алдымызға міндет қой­дық. Әзірге нақты айту қиын. Оның бәрі уақыттың еншісіндегі дүние. Біз өз кезе­гімізде Кореядағы әлем чемпионатын­да барынша сәтті өнер көрсетуге тырысамыз. 

– Жастар арасындағы әлем чемпио­натында алғашқы төрттікке енгенде сізді болашақ чемпион деген болжамдар пайда болды. Қазір сізге ерекше назар аударыла басталғандай емес пе?

– Негізінен жас спортшылар мен олардың ата-аналары тарапынан ерекше назар аударыла бастағанын аңғардым. Олар өздерін қызықтырған сауалдар қойып, бірге суретке түсу туралы ұсыныс жасап жатады. Мұның бәрі көңіліңді көтеріп қанай қоймай, жауапкершілік жүгін де арттыра түседі. 

– Өзіңіз жүзуге қалай келдіңіз және осы спорт түрін не себепті таң­дадыңыз? 

– Жүзу үйірмесіне 8 жасымда ата-анам алып барды. Себебі суды жақ­сы көретінмін, бірақ жүзуден қатты қорқа­тын­мын. Бастапқы дайындықты аяқтаған соң қазіргі бапкерім Александр Кудряв­цевтің қоластына бардым. Сол кісінің еңбекқорлығы арқасында еліміздің ұлттық құрамасы сапына қосылдым. 

Нәтиже пайда бола бастағанда адам­да сол істі жалғастыруға деген құштар­лықтың да арта түсетіні сөзсіз. Сол секілді мен де алғашқы нәтижелерден соң кәсіби спортшы болсам деп армандадым, оның үстіне жүзуді жақсы көремін. Ата-анам да спорттық карьерамды жалғастыруға қарсы болған жоқ. 

– Сіздіңше, құрамамыздың соңғы жылдардағы жетістіктері немен байланысты? 

– Мұның бәрі бапкерлеріміздің еңбегі және ғылыми-кешенді топ жұмысының нәти­жесі. Шетелден келген кеңесші бапкер­лер бізге даярлықтың жаңа әдісте­мелерін қыр-сырын үйретеді. Қажетті жағдайдың бәрін жасап апарған Ұлттық Олимпиада комитетінің де қолдауы зор. 

– Өзіңіздің бір күніңіз жайлы айтып беріңізші. Жалпы, бос уақытыңыз бар ма? 

– Жаттығу үйде өтсе, онда судағы ал­ғаш­қы жаттығу 7:45-те басталып, әрі қарай залда жалғастырамыз. Екінші жат­тығуға дейін бос уақытымыз болады, сол аралықта үйдің шаруаларын бітіруге тырысамын, кейде ұйықтап аламын. Екінші жаттығу 16:00-де басталады. Содан соң үйге кетеміз.

Демалыс күндері достарыммен көздесіп, киноға не боулингке барамыз. Кейде достарымның бірінің үйінде жиналамыз. Ал оқу-жаттығу жиындары кезінде бәрі біркелкі: суда жаттығу, жалпы дене даярлығы, қайта суда жаттығу. 

– Жүзуден бөлек тағы қандай қы­зығушылықтарыңыз бар? 

– Бос уақыт табыла қалса қала сыр­тына шығып, балық аулағанды, тауға шық­қанды ұнатамын. Әртүрлі жанр­дағы әуендерді тыңдаймын. Көлік құрылғыларын зерттегенді, велосипедпен серуендегенді құп көремін. 

Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК,

журналист