Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өткен жылы атқарылған маңызды істерге тоқталды. Соның алғашқысы ретінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында еліміздегі 4 аймақтың толық цифрлы хабар таратуға көшкенін айтты. «Былтыр елімізде аналогтық теле-радио хабар таратуды кезең-кезеңімен тоқтату жұмыстары басталған еді. Бүгінде Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстары және Шымкент қаласы толығымен цифрлы хабар таратуға көшті», деді ол. Осының нәтижесінде ауыл тұрғындары 15, қалалықтар 30 арнаны сапалы форматта көруге мүмкіндік алған. Министрдің мәліметінше, аталған жұмыс алдағы уақытта Қостанай мен Павлодар облыстарында жалғасады. Ал бұл бағыттағы іс 2022 жылы толығымен аяқталады. Бұдан бөлек, министр елдегі әлеуметтік аз қамтылған топ цифрлы телевизия құралдарына тегін қол жеткізгенін айтты. Ал алдағы кезеңде шалғайдағы елді мекендер отандық «Отау тв» спутниктік табақшаларымен қамтылмақ. Осы үшін өңірлерде жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген.
Министр былтыр «Тамаша TV» арнасының іске қосылғанын, сондай-ақ «Мульт» телеарнасының енді қазақша «сөйлейтінін» тілге тиек етті. «Қазақстанда ресейлік «Мульт» телеарнасы жоғары рейтинг көрсетіп отыр. Осыған орай біз аталған арнаны қазақ тілінде таратуға келісім жасадық. Алғашында жекелеген мультфильмдер аударылады. Сонан соң біртіндеп қазақ тілінде xабар таратуды ұлғайту жоспарланып отыр», деді ол. Сондай-ақ министрліктің тапсырысымен отандық телеарналар мен компаниялардың тарих, таным, дәстүр, спорт төңірегінде 46 сериал түсіргенін және жоғары көрсеткішке ие болғанын жеткізді. Қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойы аталып өткен 2018 жылы журналистерді ынталандыратын «Үркер», «Тұмар» ұлттық сыйлықтарын табыстау мен медиа саланы жандандыруға бағытталған «Astana media week» шарасы, сондай-ақ «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңінің табысты өткенін айтты.
Министрлік жұмысының тағы бір бағытына ерекше тоқталған Д.Абаев «Ашық үкімет» порталының мобильді және көзі нашар көретін азаматтарға арналған қосымшалары да іске қосылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған порталдағы деректер саны жыл санап артып келеді. Министр: «Ашық үкімет» порталында 2018 жылы 150 жаңа дерек пайда болды. Бұдан былай Астана тұрғындары порталдың көмегімен қоғамдық көліктердің қозғалысын бақылай алады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезекті көріп отыруға да мүмкіндік бар. Сонымен қатар бала тууына байланысты берілетін мемлекеттік жәрдемақыны алатындардың санын білуге де болады», деді. Сөз арасында «Электронды үкімет» порталының да жылдық жұмысын атап өткен ведомство басшысы 2018 жылы 30 млн-нан астам электронды форматта қызмет көрсетілгенін, порталға 8 млн-нан астам адам тіркелгенін сөз етті. «Электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша Қазақстан БҰҰ зерттеу қорытындысында 39-орыннан көрінді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш», деді ол.
Коммуникациялар бағыты бойынша іске асырылған маңызды жобалардың бірі ретінде Д.Абаев 2018 жылы іске қосылған Astana Hub технопаркін атады. Министрдің мәліметінше, технопарк жұмысының нәтижесі көңіл қуантарлық. Аз уақыттың ішінде 47 стартап таңдалып, 180 млн теңге инвестиция тартылды. Келер жылы оның көлемін 4,8 млрд теңгеге арттыру міндеті тұр.
Сондай-ақ министр Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚО) ілгерілеу барын алға тартты. Оның айтуынша, ел аумағындағы ХҚО-лар азаматтарға 32 млн қызмет көрсеткен, Атырау мен Орал қаласында арнайы ХҚО, сондай-ақ барлық облыс пен қалаларда цифрлы ХҚО-лар ашылды, миграциялық ХҚО-ларды ашу жалғасады.
Ал мемлекеттік мекемелердің сайтын бірыңғайлау ісі алдағы кезде нақты қолға алынбақ. Бұл туралы: «Биыл біз мемлекеттік органдар үшін бірыңғай gov.kz интернет-порталын құрастырамыз. Бұл портал қазір сынақтан өтіп жатыр», деді Д.Абаев. Осы жүйе енгізілсе, мемлекеттік сайттарға кететін қаржыдан миллиард теңге үнемдеуге болады.
Бүгінде интернет қолданушылар қатары қарқынды өсіп келеді. Осы орайда министрлік биыл Қазақстанда 5G интернетіне қол жеткізуді жоспарлап отыр. Интернеттің 5G жылдамдығы алдымен Астана, Алматы қалалары және облыс орталықтарында сынақтан өткізіледі. Бұл үшін ең алдымен Мысырда өтетін Дүниежүзілік радио байланысы конференциясында Халықаралық электр байланысы одағы 5G стандартын қабылдауы керек.
Алқа мәжілісінің соңында сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары – Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев: «Кей анықтамаларды бір мемлекеттік органнан аламыз да, екіншісіне апарып береміз. Олар өздері де бір-біріне қажетті анықтамаларды жолдай алады», дей келе, Д.Абаевқа анықтамаларды қысқартуды тапсырды. Сонымен қатар А.Жұмағалиев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басты міндеті – ұялы телефон арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуге басымдық беру екенін жеткізді. Оның айтуынша, мобильді қосымшалар тұрғындарға қолайлы әрі олардың уақытын үнемдеуге септігін тигізеді. Осыған қоса Вице-премьер мемлекеттік органдар мен отандық компаниялар ІТ-тапсырыстарды шетелге емес, отандық инноваторларға беруі үшін Astana Hub технопаркі корпоративті инновациялардың орталығына айналуы қажеттігін айтты.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»