Қоғам • 21 Ақпан, 2019

Әлеуметтік мәселелер – әкімдік назарында

268 реткөрсетілді

Елорда әкімі Бақыт Сұлтановтың тұрғындар алдындағы алғашқы есебі түрлі әлеуметтік түйткіл­дер­ге қатыс­ты өрбіді. Оның і­шін­де көп ба­лалы аналардың жағ­дайы, баспана мәселесі мен қала инф­ра­құры­лымының қонақ­тар мен тұр­ғы­н­дарға қолайлылығы және қауіп­сіздігі туралы кеңінен ақпарат берілді.

Көп балалы аналарпәтерлі болады

Астана қаласының әкімі алғашқы сөзді жуырда күллі қазақстандықтардың қабыр­ғасын қайыстырған қайғылы жағ­дайға қатысты мәселеден бастады. Бас қаладағы бес бүлдіршіннің қазасы көп балалы аналардың мәселесімен қатар, басқа да қордаланған әлеуметтік проблемаларды көрсеткенін айтқан Б.Сұлтанов қауіпсіздік тұрғысында жедел шешілуі тиіс түйткілдер бар екенін, басты міндет – осы кедергілерді жою және мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеу екенін жеткізді. Осы орайда ол астаналықтарды алаңдатқан бас­пана мәселесін шешу жолдары қарас­ты­рылып жатқанын атап өтті. Шаһар бас­шысының айтуынша, алдағы уақыт­та көп балалы аналарға пәтерлер жалға берілмек. Сонымен бірге жалға беріл­ген пәтерді бірте-бірте сатып алуға мүм­кін­дік жасалатын болады. «Яғни, енді ай сайынғы маңдай термен тапқан қар­жы­ны пәтер иесінің қалтасына салмай, оны түбінде меншігіне өтетін өз шаңыра­ғына құятын болады», деді Б.Сұлтанов.

Сондай-ақ қала маңындағы ескі үйлер сүріліп жатыр. Оның орнына заманауи талапқа сай, көп қабатты, айналасында мектебі мен балабақшасы, емханасы мен дәріханасы және тағы да басқа әлеуметтік нысандары қамтылған пәтерлер салынуда. Бұл көп балалы аналардың пәтермен қамтылуын ғана емес, бүгінге қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуге жол ашады. 

Әкімнің айтуынша, өзекті мәселе­лердің бірі – көп балалы отбасыларға арналған атаулы әлеуметтік көмек. Осы санаттағы 10 мың отбасының шамамен 4 пайызы ғана есептеу әдістемесінің ерекшеліктеріне байланысты атаулы әлеуметтік көмек алады. «Бұл өте төмен көрсеткіш. Қаншама қаражат бөлін­генімен, тиесілі ақшаны оларға жеткізе алмай отыр. Мұндай жайт қалай орын алды? Біз мән-жайды мұқият зерделеп шықтық. 25 мың отбасының әрқай­­сысын қарастырдық», деген қала басшысы бұл Елбасының тапсырмасы екенін, көп балалы немесе аз қамтылған отбасылар ғана емес, мүге­дектер, зейнеткерлер, Екінші дүние­жүзілік соғыс ардагерлері және өзге де санаттағыларды әлеуметтік тұрғыдан қорғау негізгі міндет екенін, аталған мәселе шешілетінін атап өтті.

«109 нөміріне хабарласыңыз!»

Б.Сұлтанов есептік кездесуінде бұ­рынғы қызметін де еске алып, цифрлар­ды сөйлеткеннен гөрі, қала экономикасы оның тұрғындары екенін, сон­дық­тан маңызды екі құжатты әзір­леуге кіріс­кенін айтты. Біріншісі, 2050 жылға дейін Астананы дамыту стратегиясы. Екін­шісі, қаланы дамытудың ыңғай­лы жоспары. Осы ретте әкім ел Прези­денті халықпен кері байланыс орнату­ға айрықша басым­дық беріп отырға­нын атап өтті. Аталған үдеден шығу үшін жыл басынан бері аудан әкімдері мен қала әкімінің орынбасарлары 33 есеп­тік кездесу өткізгенін, жеке кездесулер тиімді формат болмайтындықтан, «iKomek» қызметі іске қосылғанын жеткізді. Яғни кез келген қала тұрғыны «109» нөмірін теріп, жеке проблемасын айта алады. Бұл ретте былтыр 1 млн өті­ніш түсіп, 100 пайыз орын­далған көрі­неді. Б.Сұлтанов қала тұрғын­дары­­ның әкім­дік қызметіне қатысты пікір­лерін ашық білдіруге болатынын, бар­лық мәсе­ле­нің шешімі қаралатынын атап өтті.

Астанада ағымдағы жылы әлеу­мет­тік сала қызметкерлеріне 2 мың тұр­ғын үй сертификаты берілмек. Был­тыр елордада 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй, яғни 23 мың пәтер салынды. «Нұрлы жол» бойынша бас қала барлық өңірлердің алдында. «110 мың шаршы метр – бұл 1419 пәтер. Көп қабатты 15 үй салынып жатыр. Бұл – шамамен 4,5 мың пәтер, оның 3106-сы ағымдағы жы­лы пайдалануға беріледі», деді қала әкімі. Б.Сұлтановтың айтуынша, 228 апат­ты үй сүріліп, шамамен 3,5 мың отба­сы жаңа пәтерге ие болды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жал­ғасады. «7-20-25» бағдарламасы бо­йынша 1875 отбасы 27 млрд теңге несие алады. Аталған бағдарламаның қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа жылдың алдында білім, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаты түрінде 1 миллион теңгеден 100 субсидия берілген болатын. Биыл тағы 2 мың сертификат беру жоспарланып отыр.

Білім саласы басымдыққа ие

Астана әкімі алданған үлескерлер мәселесі де назарда екенін атап өтті. «Бұл мәселе менің жеке бақылауымда. Біз ведомствоаралық комиссия аясында қабылданған шаралардың нәтижесінде қалада проблемалы нысандардың саны 68-ден 29-ға дейін қысқарды. Нәтижесінде 10344 үлескердің проб­лемасы шешілді. Ал қалғаны бойынша Жол картасы әзірленген, жоспарға сәй­кес 2022 жылға дейін қалған проблеманы түбегейлі шешу көзделіп отыр.

Есептік кездесуде 90 мың студент білім алып жатқан қала ретінде студент­тердің тұрғынжайы да сөз болды. Бүгінде елордада 32 жатақханада 14 мың студент тұрады. Тағы 11 мың студент жатақханаға мұқтаж. Қазір астаналық жоғары оқу орындары­на жатақхана салу үшін 15 жер телімі бөлінді. Жатақ­хана құрылысы мемлекет-жекешелік әріптестігі аясында салынады. Әкімнің айтуынша, колледж студенттері үшін тұрғынжай мәселесі жергілікті бюджеттен мемлекеттік тапсырыс беру ар­қылы хостелдерге орналастыру есебі­нен толық шешілді. Жан басына қаржыландыру үшін бюджеттен ай са­йын 19 млн теңге бөлінеді. Бұл жатақ­хана салуға кететін қаражатты үнем­деуге мүмкіндік береді.

Астана әкімі сондай-ақ қалада халық саны өскен сайын қосымша мектептер құрылысын салуға, балабақшада орын тапшылығын жоюға басым­дық берілетінін айтты. Қазіргі уақытта балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс көлемі 40 пайызды құрайды. Сонымен қатар 4 жаңа балабақша салынбақ. Оның бірі көру қабілеті бұзылған бала­ларға арналады. Мектептер бойынша 2023 жылға дейін 161 мың оқушы орнына жаңадан тағы 120 мың оқушы орны қосылады. Яғни екі есе артатын болады.

Шаһар басшысы биыл тағы педа­гог­терге арналған 1 мың тұрғын үй сертификаты берілетінін, 300 орын­ға арналған жатақхана құрылысы аяқ­талу­ға жақын екенін жеткізді. «Міне, осы жерде кадрға қатысты жекелеген жайт­тар бар. Бүгінде педагогика­лық ЖОО-лар танымалдыққа ие еместігі ешкімге құпия емес. Мұғалімдер­дің жұ­мысы барынша күрделі әрі жалақысы төмен. Бала кезімде ер-аза­мат мұғалімдер көп болатын және балалар оларға мүлдем басқаша қарай­тын. Бүгінде мұғалімдердің жалақы­сы мен мәр­тебесін жүйелі түрде арт­тыру туралы шешім қабылданды», деді Б.Сұл­танов. Қазір мемлекет-жекеше­лік әріптестігі арқылы жан басына қар­жы­ландыруды енгізу айтарлықтай қаражатты үнемдеуге жол ашты. Бұл қаражат мұғалім жалақысын көтеруге жұмсалады. Сондай-ақ Б.Сұлтанов Елбасының білім мекемелерін видеокамералармен жабдықтау тапсырмасына тоқталды. Жыл соңына дейін бұл шаруа толығымен атқарылмақ.

Қала басшысы сонымен қатар «Астана жастары-2019» жол картасы, көп балалы отбасыдан шыққан бала­лар­ға арнайы білім грантын бөлу, жұ­мыс­пен қамту, денсаулық сақтау, қор­шаған ортаны қорғау, қауіпсіздік, жол қозғалысы мен жолаушы тасымалдау және басқа да қаланың күнделік­ті тіршілігіндегі өзекті мәселелерге тоқ­талып, тұрғындарды толғандырған сауалдар бойынша жеке қабылдаулар өтетінін жеткізді.

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Азық-түлік бағасы алаңдатады

Парламент • Бүгін, 08:12

Ұқсас жаңалықтар