Күн тәртібіндегі басты тақырып Елбасы Жолдауындағы тапсырмалар шеңберіндегі басым бағыттарды жүзеге асыру негізінде өрбіді. Министрлік жиналысында, сондай-ақ өткен жылдың жұмыс қортындылары мен саланың 2019 жылдағы даму келешегі қарастырылды.
Алқалы жиынның шымылдығын Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып, 2018 жылы руханият, туризм және спорт кеңістігінде атқарылған ауқымды шараларға жан-жақты тоқталды. Министр өз сөзінде, әсіресе, өнер мен спорт саласында жетістікке жетіп, Қазақстан атын әлемге танытып жүрген жастардың жұлдызды жеңісіне тоқталып, алдағы уақытта да талантты өнерпаздарға жүйелі түрде қамқорлық көрсетілетінін жеткізді. Бұдан бөлек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атқарылған шараларды да кеңінен баяндады.
Театр мен кино, музыка мен спорт саласында жеткен жетістіктер ауыз толтырып айтарлық. Мәселен, ғаламат даусымен әлем назарын өзіне аударған Димаш Құдайберген, кино мен театр кеңістігінде биік белестерді бағындырып жүрген актриса Самал Еслямова, режиссер Әмір Байғазин, дирижер Алан Бөрібаев, опера мен балет өнерінің үздік солистері – Сүндет Байғожин, Медет Шотабаев, Салтанат Ахметова, Бахтияр Адамжанов сынды өнерпаздардың еңбегіне ерекше мән берілді.
– Мемлекетіміз, оның ішінде Мәдениет және спорт министрлігі Елбасының тікелей қолдауымен жас таланттарымыздың өсіп, биікке қанат қағуына барынша жағдай жасап, кең мүмкіндік ашып отыр. Сол секілді жас көрермендеріміздің талғамының қалыптасуына да руханият әлемі жан-жақты әрі тыңғылықты еңбек етіп келеді. Бұл, әсіресе, кино мен театр саласында айқын көрініс тауып отыр. Мәселен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында сөз болған тарихи тұлғаларымыздың көркем бейнесін экранға шығаруда «Қазақфильм» киностудиясы жемісті жұмыстар атқаруда. Атап айтсақ, олардың қатарына жақында жарыққа шығуы жоспарланған Ақан Сатаевтың «Томирис», Рүстем Әбдіраштың «Алтын тақ» сынды тарихи фильмдерімен қатар, «Алтын адам» бастаған бірнеше анимациялық туындыларды да қосып қоюға болады. Осындай туындылар еліміздің ертеңі үшін қызмет етеді, өскелең ұрпақты ұлтжандылық рухқа тәрбиелейді деп сенеміз. Бұған жақында ғана қабылданған «Кинематография туралы» Заңымыз да толық мүмкіндік береді деп сеніммен айта аламын, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы өз баяндамасында.
Сондай-ақ министр 2018 жылы кадрлық өзгерістер негізінде Мәдениет және спорт министрлігі мен еліміздің белді өнер ошақтарының басшылығына келген жаңа қызметкерлермен таныстырып өтті. Олардың қатарында Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков, вице-министр Елдос Рамазанов, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды және тағы да басқа мамандар бар.
Алқалы жиынды одан әрі «Қастерлі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы, кинорежиссер Ермек Тұрсынов, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев өз саласы бойынша баяндамаларымен жалғады. «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары мен жалпы Жастар жылы аясында әдебиет, мәдениет, өнер және спорт саласындағы үстіміздегі жылы атқарылуы тиіс ауқымды жобалар да жиында жан-жақты сөз етілді.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»