Қазақтың біртуар тұлғалары Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың ізі қалған, әндері шырқалғанда аспанда ұшып жүрген аққу-қаз жерге қонатын өңірде дүниеге келген Ә.Ысқақ ата-ананың, ұстаздарының тәлім-тәрбиесін жастайынан бойына сіңіріп, ойына тоқып өсті. Оқуға деген алғырлығымен, зейінділігімен бөлектеніп, қазақ мектебін алтын медальмен бітіргеннен кейін бірден жастардың арман қаласы Алматыға жол тартты. Қазақ ауыл шаруашылығы институтында оқып жүргенде студенттер арасында қазақ тілінің жалынды насихатшысына айналды. Оның «әпенділік» бұл қылығына күле қарағандар да болды. Кез келген мерекелік шара оның қатысуынсыз өтпейтін. Сценарийге дейін өзі жазып, ұлттық нақышта ұйымдастырылуына дейін қадағалап отыратын.
1980 жылы Мәди Бапиұлының жүз жылдығы консерватория залында атап өтілгенде әндерін айтатын, өлеңдерін нақышына келтіріп оқитын жігіттерді жинастырып әкелген. Сол-ақ екен, зал іші өзгеше кейіпке еніп, нұрланып сала берген. Жиналғандар әйгілі композитор, жауырыны жерге тимеген балуан, жүрек жұтқан батыр жайлы кітап жазған Әшімбек Бектасов ақсақалдың естелігін қыбыр етпестен тыңдаған. Кейін төменгі курстағылар Әйіпті сыртынан «кішкентай Мәди» атап кеткен. Орысы ормандай аймақтан білімге сусап келген оған қазақ тілінің қолдану аясының тарылып бара жатқаны кеудесіне өксік, жанарына мұң болып жабысатын. Теріскейдегі теперіш аз болғандай, бас шаһардың өзінде қазақтың ұл-қыздарының орысша сөйлеуі намысына тиетін, зығырданын қайнататын.
Мұхтар Әуезов мұражайында өтетін халық университеті сабақтарынан қалмайтын. Бір барғанында Жолан Дәстеновке «Қазақтар орысша сөйлегенді неге сән көреді, білімпаздық санайды? Жағдай осылай жалғаса берсе, ана тіліміз жойылып кетеді ғой» деген тұрғыда жазбаша сұрақ жолдаған. Композитор ағасының «Бұл сауалды қойған баланы еліміздің ертеңін ойлайтын азамат деп білемін. Халқымыздың рухани байлығы шексіз. Оны дамытатын сендер сықылды жігерлі жастар бар кезде Абай мен Мұхтардың тілі ешқашан жойылмақ емес» деген жауабы көңілін орнына түсірген.
Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа орналаса сала бастауыш «Қазақ тілі ұйымын құруға белсене атсалысып, жетекшілік етті. «Алмалыбақтағы той» деген атаумен Наурыз мерекесін ұйымдастырды. Көп ұзамай «Алтын дән» балабақшасы мен қазақ мектебі бой көтерді. Ә.Ысқақтың ұсынысымен білім үйіне әл-Фараби бабамыздың есімі берілді. Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде де ана тілімізді жаңғырту бағытында жасалып жатқан қарымды қадамдарға өз үлесін қосып келеді. Ол тілмен, ғылыми терминологиямен тек тіл білгірлері айналысуы тиіс деген ұстанымын еш өзгерткен емес. Ойы олақ, тілі шолақ аудармалардың жиі ұшырасу себебін «жолбике» мамандардың көбейіп кетуімен түсіндіреді. Биология пәнін тіршілік тану, анатомияны тән тану, зоологияны жануар тану, ботаниканы өсімдік тану деген атаулармен келіспейді.
«Өсімдіктерді шағылыстырудың» орнына «тозаңдандыру» сұранып тұрған жоқ па деген жанайқайы, басқа да тілге қатысты шетін мәселелер «Оқулықтар талғамға сай ма?», «Ғылыми тіл негізі сөздікте жатыр», «Қазаққа биология да қажет» деген мақалаларында кеңінен қамтылып, республикалық «Зерде» журналында жарияланды. Түпкі ойы тіл тәжірибе алаңы емес, байланыс құралы екені бірінші кезекте ескерілуі керек дегенге саяды. Сөз арасында білікті ғалымның «Еgemen Qazaqstan» газетінің тұрақты оқырманы, сүбелі тақырыптарға қалам тартып тұратын қоғамдық тілшісі екенін де айта кеткен жөн.
Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтына аға лаборант болып орналасқан оның зейнетінен бейнеті көп ғылым соқпағын түпкілікті таңдауына осында жұмыс істеген, атақ-даңқы Одаққа танымал ғалымдар, әсіресе өсімдік генетикасы және селекциясы саласының белді мамандары Н.Удольская мен Р.Оразалиевтің зор ықпалы болды. Надежда Львовна кезінде академик Н.Вавиловтың назарына іліккен, жаздық бидайдың тамаша сұрыптарын шығарған, өзіндік ғылыми мектебі қалыптасқан үлкен ғалым-тұғын.
Қос ғұлама да Әйіптің тұла бойынан ғалымға тән мақсаткерлік, еңбекқорлық, кішіпейілділік қасиеттерді жазбай тани білді. Осы кісілердің қолдауымен 1983 жылы Н.Вавилов атындағы жалпы генетика институтында аспирантурада оқыды. Институттың директоры, ВАСХНИЛ мен Украина Ғылым академиясының академигі А.А.Созинов оны шәкірті ретінде аттай қалап алды. Сол кезде әлі зерттелмеген тың тақырып саналатын өсімдік биотехнологиясын зерттеумен түбегейлі шұғылдануға кеңес берді. Алғаш рет in vitro жағдайында арпаның тетраплоиды, яғни хромосомалары екі еселенген түрлерін ашып, Бүкілодақтық көрмеге қатысып, қола медальмен марапатталды. 1989 жылы кандидаттық диссертация қорғап, биотехнология саласында алғашқылардың қатарында ғылыми дәрежені иеленді. 1999 жылы докторлық диссертацияны да сәтті қорғады. Көп жылғы зерттеу жұмыстарының жемісі ретінде биотехнологиялық жолмен Қазақстанда алғаш шығарылған арпаның «Бастама» және «Ақжол» сұрыптарын атауға болады. Соңғысы аудандастырылып, өндіріске кеңінен енгізілген.
Уақыт өте келе Ауыл шаруашылығы академиясында шетелдермен байланыс жөніндегі ғылыми хатшы қызметі ұсынылды. Кейін Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры К.Сағадиевтің шақыруымен осында ауысып, өсімдік биотехнологиясы кафедрасын құрды. Шетелдермен байланыс жөніндегі проректор лауазымына көтерілді. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне ғылыми жұмыстар және шетелдермен байланыстар жөніндегі проректоры болып жіберілді. Мұнда астықты аймақ үшін кадрлар дайындау мақсатымен ауыл шаруашылығы кафедрасын ұйымдастырды. Сосын Елбасының бастамасымен құрылған Степногордегі технопаркте ғылым және білім жөніндегі вице-президент, Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры қызметтерін атқарды. Қайда жүрсе де абыройлы еңбек етті. Азамат атына еш кір келтірмеді. Адалдығынан айнымады.
Бұл отбасын ғалымдар әулеті десе де жарасады. Жары Ажар – биология ғылымдарының кандидаты. Көп жыл бойы биология және биотехнология институтында жемісті еңбек етті. Тұңғыштары Гүлнұр − М.Айтхожин атындағы молекулярлық биология және биохимия институтының белді қызметкері. Докторантурада оқиды. Үлкен ұлдары Бауыржан – банкте инженер-бағдарламашы. Шаңырақтың кенжесі Нияз – қытай тілінің маманы. Екеуі төрт немере сүйіп отырған бақытты ата, әже.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Солтүстік Қазақстан облысы