21 Ақпан, 2019

«Мен қалай баспаналы болдым?»

1052 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір елімізде пәтер алуға арналған бірқатар бағ­дар­ла­ма бар. Соның тиімділігін ұтымды пайдаланып, бас­пана алып жатқандар жетерлік. Сондай бақыт­ты жанның бірі – Жадыра Нармаханова. Ол «Қол­жетім­ді баспана» бағдарламасы арқылы пәтерге ие болған.

«Мен қалай баспаналы болдым?»

Таяуда кейіпкерімізге хабарласып, пәтерін қалай алғаны туралы баяндап беруін өтінген едік. Жадыраның айтуынша, мұндай қадамға баруына әріптесі Самалдың баспана алуы әсер етіпті. 

«Құрбым баспаналы болған соң, банктен депозит аштым. Ай сайынғы ең төменгі салым – 51500 теңгені құрады. Ол кезде айлығым 100 мың теңгеге жетпейтін, сондықтан осы соманы таңдағанмын. Қыздармен сығылысып бір бөлмелі тар пәтерде тұрдық. Ай сайын пәтерге 20 мың теңге төлейтін едім. Азық-түлікке 5 мың теңгеден жинайтынбыз. Ауылдан кейде сыбаға ретінде бір асым ет салып жібереді. Соны қанағат еттік. Қалған 20 мың теңге жүріп-тұру шығыныма кетті» дейді Жадыра. 

Кейіпкеріміз белгіленген соманы салсам, жеткілікті деп қол қусырып қарап отырмапты. Қосымша жұмыс істеп, тапқан табысын банкке салып жүрген екен. «Депозитіме несие секілді қарадым. Әр айдың 5-іне дейін ақша салатынмын» деп еске алады ол. 

Жадыраның баспаналы болуға құштарлығы артқаны соншалық, қосымша шығындардың бәрінен бас тартқан. Тіпті дүкендердегі көздің жауын алатын әсем көйлектерді көргенде «Сен қазір біреудің үйіне ақша төлеп отырсың. 15-20 мың теңге артық салсаң, тезірек үй аласың» деп өзін тежеп отырған. 

«Көйлек көріп, қатты «ауырып» қалған кезімде дүкенге барамын. Алатын адам секілді түр жасап, киіп көремін. Айнаның алдында 10-15 минут тұрып, ыстық-суығымды басамын. Сосын алуға ойланып тұрған адамның кейпін жасап кетіп қаламын. Киімге деген нәпсімді солай басып жүрдім» деп күледі біздің кейіпкер. 

Нәтижесінде Жадыраның әрекеті берекелі болып, банк­тен үй алуға жетерлік қаржы жиналғаны туралы ақжолтай хабар келеді. Таңғы 6-дан кезекке тұрып, қажетті құжатын өткізіп, пәтерінің кілтіне қол жеткізген. 

«Банкке төлем қабілетімді растауым қажет. Яғни, ай са­йын 150 мың теңге жалақы алуым керек екен. Менің айлығым 130 мың теңгеден аспайды. Бірақ қосымша жұмыстан түскен қаражат қажетті соманы жапты. Үш жылдық еңбек демалысымның ақшасын түгел үйге салдым» дейді ол. 

«Сабақты ине сәтімен» демекші, баспана алғаннан кейін туыстары да көмек қолын созып, бірі қонақ күтетін орындық, бірі тоңазытқыш сыйлапты. «Ыдыс-аяқтарды өзім алдым. Апам көрпеше тігіп берді. Көрпелерімді Қытайға барғанда ырымдап «үйім болса» деп әкелгенмін» деп еске алады Жадыра. 

Біздің кейіпкеріміз үйлі болудың маңызын жақсы түсінгендіктен, ақшасын үнемдеп жұмсауды басты міндеті көреді. «Мен де басқалар секілді шетелге саяхаттап, қымбат көйлек алсам, ешкім айыптамас еді. Бірақ әуелі баспана алу керек деп шештім. Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдалана алдық» дейді ол. 

Жадыраның пікірінше, халық тұрғын үй туралы толық мәліметке қанық емес. Сондықтан түрлі бағдарламаларға сенімсіздік туындап, алаяқтарға алданып қалатынын айтады. «Әлеуметтік желіде отырғанда уақытты құр өткізбей, пайдалы әрі сауатты ақпаратқа қанық болу қажет» деп есептейді ол.

Дайындаған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»