Алғашқы мысалды көршілес Ресейден бастасақ, қазіргі уақытта 2016 – 2020 жылдарға арналған «Тұрғын үй» федералдық нысаналы бағдарламасы 5 бағытта жұмыс істейді. Бір бөлімі ретінде жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бекітілген. Бұдан басқа, мемлекет тұрғын үй құрылысының шеңберінде құрылыс салушылар қызметін «Ресей отбасына арналған тұрғын үй» кіші бағдарламасы шеңберінде ынталандырады.
Ал Түркия 2011 жылдың соңында табысы орташа азаматтар үшін шамамен 202 мың, тұрмысы төмен және кедей отбасылар үшін 140 мың үй салды. Тұрғын үй құрылысын дамыту жөніндегі басқармасы 2023 жылға қарай Түркияда шамамен 500 мың тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар тұрақты табысы жоқ немесе табысы төмен халықтың аз қамтамасыз етілген топтары үшін алаңы 45-тен 65 шаршы метрге дейін, жалға берілетін, ай сайынғы төлем мөлшері 80 АҚШ долларын құрайтын − 20 жыл ішінде өтеу мерзімімен тұрғын үй беру көзделген. Бұл ретте тұрғын үйге ақы төлеу қоныстанғаннан соң 2 жылдан кейін ғана жүргізіледі.
Швейцария федералдық, кантоналдық және муниципалдық деңгейлерде қоғамдық мұқтаждық үшін тұрғын үй салатын ұйымдар құруды және олардың жұмыс істеуін қолдайды. Сонымен бірге мемлекет жеңілдікті қарыздар, субсидиялар, салықтық преференциялар, төмен бағамен жер учаскелерін беру, кепілдіктер беру арқылы олардың қызметін ынталандырады.
Беларусь елінің тұрғын үй саясаты 2016 – 2020 жылдарға арналған «Тұрғын үй құрылысы» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. Бағдарлама жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар түрінде мемлекеттік қолдауды алуға құқығы бар азаматтар үшін тұрғын үй салып, инженерлік және көліктік инфрақұрылымы бар немесе осындай аумақтарға барынша жақын аймақта жер учаскелерін беру арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағыттары бойынша жұмыс істейді.
Қарлығаш ҚҰРАМЫС,
«Egemen Qazaqstan»