Әрине, осындай жағдайларда құқы сақталуы үшін мемлекеттің ғана емес, әркімнің өз тарапынан да іс-қимыл болуы тиіс. Осы мәселені оңтайлы шешу үшін елімізде халықтың формальды емес жұмыспен қамтылған бөлігіне құқықтық мүмкіндік беруге бағытталған механизм жасалды. Мұны – Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) механизмі.
Жыл басында облыс әкімі аппараты мәжілісінде әлеуметтік және еңбек құқығының толық пакетін ұсыну үшін өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды формализациялау қажеттігі, ал облыста ондай жандардың саны 18 мың екені, бұл үшін халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс екені айтылды. Қазір облыс аудандары мен қалаларында өзін өзі жұмыспен қамтып отырған адамдарға БЖТ төлеуді түсіндіру жұмысы жаппай жүріп жатыр.
Алдымен «өзін өзі жұмыспен қамту» дегеннің не екенін жұрт біледі. Еш жерден белгілі жалақы алмай, сауда жасаса да, ауылда қолдағы бір-екі сиырының сүтін, адамдардың сұранысына орай киім тоқып, бәліш пісіріп сатса да, жеңіл көлігімен жолаушы тасыса да ешкімге алақан жаймай, күнін көріп отырған жандар баршылық. Бірақ олар ешқандай салық төлемейді. Бірыңғай жиынтық төлем – салықтың төрт түрін, яғни жеке табыс салығын төлеуге, әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларына, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар жасауға мүмкіндік береді.
– Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан төлемдер тек 2020 жылдан бастап жүзеге асырылады. Қазір тек жинақтау жүріп жатыр. Осыны көп адамдар түсіне бермейді. Бірыңғай жиынтық төлемнің 40 пайызы осы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына кетеді. Адамдар қалтасынан шығын шыққандай көреді. Мысалы, ауылдық жердегілер төлейтін Бірыңғай жиынтық төлемнің 505 теңгесі әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі. Есесіне айына 1 мың теңгенің медициналық қызметін алып отырады. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлем жасайтын 2020 жылдан бастап, осы айына 505 теңге төлеп отырған кісілер ауырып, ота жасататындай жағдай туғанда осы қордан емінің құнына қарай қаржы бөлінеді. Ол аз да емес. Мысалы жүрекке жасалатын операциялар кемінде 1,5 миллион теңге тұрмай ма? Мұнан артық мемлекет жасайтын мүмкіндік қандай болуы керек? – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының директоры Сәуле Аймағамбетова.
Бірыңғай жиынтық төлемнің не екенін түсініп болмағандар оны қалтасын қағатындай көреді. Алтынсарин ауданындағы Большая Чураковка ауылында тұратын Гүлнар Сәфиева – өзін өзі жұмыспен қамтып отырған жанның бірі. Алматыға барып, азын-аулақ киім-кешек әкеліп сатады, үйінде 4 сиыры бар, оны сауып, сүтін өткізеді. Күйеуі де қолға іліккен жұмысты қайтармай, күнделікті балаларының нәпақасын табады. Отбасы екі бала өсіріп отыр.
– Мұны түсінбегендіктен «мемлекет жұмыссыздардың өзінен салық алып жатыр» деп ойлайтынымыз рас еді. Аудандық жұмыспен қамту бөлімінен мамандар келіп түсіндірді. Мұның алдымен әркімнің өзіне қажет дүние екенін түсіндім де, мен БЖТ төлеуге бірден келістім. Ауылда тұратындарға ай сайын төлейтін 1263 теңге ешкімге жал байламайтыны анық, жаныңа тимейді. Есесіне қоғамда бар екеніңді сезінесің, әлгі қорлардан керек уақытында жүгірмей көмегіңді аласың, – дейді Гүлнар.
Аудандар мен қалалардағы мамандар өзін өзі жұмыспен қамтыған әр адаммен сөйлесіп, БЖТ-ның тиімділігіне олардың көзін жеткізуге тырысып отыр.
– Ауданда 800-ге жуық белгілі жұмысы жоқ адамдар бар. Әр ауылдық округтерге барып, ондағы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу оңай емес. Адамдар әртүрлі ғой. Қазіргі уақытта ауылдағылар үшін 1263 теңге көп ақша емес. Көптеген жандар түсінген болды, төлемін төлеп те жатыр. Тіпті, түсінгісі келмейтіндер, арқаны кеңге салған, масылдық психологиядан әлі де арыла алмаған жауапсыз жандар «төлейтін ештеңем жоқ, Үкімет далаға тастамас» деп есігін жауып алады. Бірақ түсіндіру жұмыстары барынша жүріп жатыр, – дейді Алтынсарин аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Қойшығара Оспан.
Өзін өзі жұмыспен қамтамасыз еткен қала тұрғындарына да Бірыңғай жиынтық төлем туралы түсіндіру жұмыстары аз емес. «Суына дейін сатулы» қалада қарап отырған адамның күні өтпейтіні аян. Сонау 90-шы жылдары жұмыстан қысқарып кеткеннен кейін Анна Грещенконы өзінің қолөнері – тоқыма асырап келеді. Қарап отыратын күні аз. Сұраныс та жоқ емес. Дүкен толы киім болса да, қолдан тоқыған бұйымға қызығушылық білдіретіндер жеткілікті. Бірақ Анна салық та, зейнетақы қорына төлем де төлеген емес. Содан өзін ауада ілініп тұрғандай сезініп жүретін. «Жер бетінде жүрсек, қарттық қайда қашады, ол да келер. Сонда күнкөріс қалай болар екен?» дегенді ойламайды емес, ойлап қояды. Бірақ бүгінгі күнкөріс қамы ондай ойды серпіп жібере береді. Денсаулық бәрінен де қымбат. Сондықтан әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы Анна соңғы кезде көбірек ойланатынын жасырмады.
– БЖТ туралы өткен жылдан бері естіп келемін. Әлеуметтік медициналық сақтандыру, зейнетақы жинақ қорларына төлемдер де осы Бірыңғай жиынтық төлем құрамына кірді дегенге елең ете қалдым. Соның анық-қанығын білсем деп едім. Бірыңғай жиынтық төлемге кіретін төрт төлем де керек. Қалалықтар үшін 2525 теңге қалтаңды қағатын қаржы емес ғой. Әрине, айына төлеп отыруға болады, – дейді Анна. Бір Анна емес, естігенмен әлі анық-қанығына көзі жетпей, дүдәмал жүргендер баршылық, бәлкім. Тиісті орындарға түсіндіру жұмыстарының жолын көбірек қарастырып, тиімділігін арттыра түсу керек секілді.
Жыл басынан бері облыс аумағында 700-ден астам адам Бірыңғай жиынтық төлем төлепті. Әрине, бұл көп емес, істің бастамасы ғана. Бүгінде ақпарат заманы. Жұрттың көзі ашық. «Бірыңғай жиынтық төлем» дегеннің не екенін телефоннан түспейтін қауым интернетті ашып жіберсе де біліп алады. Адамдардың әлеуметтік тұрмысының жақсаруына мемлекет тарапынан жасалған мүмкіндіктерді әркім дұрыс пайдалануды түсінетін кез жетті. Халқымызда: «Көрпеше төсесең, өзіңе төсейсің» деген сөз бар. Бірыңғай жиынтық төлем механизмі халықтың осы даналығын еске салады. Бұл – мемлекетті жарылқау емес, әркімнің өзі үшін, алдағы өмірінің қауіпсіздігі, әлеуметтік тұрмысының қалыптылығы үшін өз қамын өзі жеуі деп түсінгені абзал. Дегенмен сең қозғалғандай...
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
ҚОСТАНАЙ