21 Ақпан, 2019

Жас таланттар жарқылы

926 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елбасы кітапханасында Жастар жылына арналған «Ұлы дала жастары» атты мәдени-көрмелік іс-шаралар топтамасының салтанатты ашылуы өтті. Мәдени шара – Қазақстан бейнелеу өнерінің заманауи үрдістерімен танысуға мүмкіндік беретін бірден-бір жоба.

Жас таланттар жарқылы

Жиынға белгілі отандық суретшілер мен мүсіншілер, музыканттар, Қазақ­стандағы шет мемлекеттердің елшілері мен дипломатиялық өкілдіктердің қыз­мет­керлері, елордалық универси­теттердің жетекшілері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Елбасы кітап­ханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов салтанатты жиынды ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Елбасы кітапханасы Жастар жылына арналған ауқымды іс-шаралар топтамасын бастайды. Солардың қатарында «Жа­с­тар – ел тірегі» кешенді тақырыптық көр­­­мемізді, заманауи суретшілеріміздің, мү­­­сіншілеріміздің, сәндік-қолдан­ба­лы өнер шеберлеріміздің, өнер­­тану­шы­­­ла­рымыздың шығармашы­лығын насихаттауға, қолдауға бағыт­тал­ған бай­­­­қауымызды жариялаймыз. Жас ұр­­­пақтың тәрбиесі – адамзаттың мәңгілік та­­қы­рыбы. Ендеше, бүгінгі көрмеміз де, ал­дағы уақыттағы өнер туындылары жай­­лы іс- шараларымыз да әсіресе жас­тар­дың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып қана қоймай, ел экономикасы мен ғылымын дамытуға да күш салу керек. Олай бол­са, құрметті байқауға қатысушы жас­тар! Сіздерді бүгін бастау алған бай­қау жұмысына белсене қатысуға шақырамын, – деді ол.

Сондай-ақ «Астана қаласының сурет­шілер одағы» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Жанұзақ Мүсәпір сөз алып, жобаның талантты жастарды танытатын берері мол бағдарлама екенін айтты. 

– Елбасы кітапханасы мен Астана қаласының Суретшілер одағы үлкен жобаны қолға алып отыр. Бұл – біздің жастардың алға қойған мақсаттарын, өнер саласындағы ойларын дамытудың бір тетігі. Біздің алға қойған мақсатымыз – жастарды өнерге баулу, олардың шығармашылықтарын халыққа жеткізіп одан әрі әлемге таныту. Болашақта басқа да ауқымды шараларды бірлесе жүзеге асырамыз, – дейді Жанұзақ Мүсәпір.

«Жастар – ел тірегі» атты кешенді тақырыптық көрмеде Қазақстанның жастар әлеуетін іске асыратын білім, ғылым, қоғамдық қызмет, мәдениет пен спорт сынды негізгі салалар қамтылды.

– Менің сурет өнерімен айналысып келе жатқаныма жиырма жылдан асты. Былтыр өзімнің жеке көрмемді өткіздім. Жастар жылына орай ұйымдастырылған бүгінгі көрмеге «Тіршілік қамы» деген туындымды ұсындым. Мұндай көрмелер өзім сияқты жас суретшілерге таптырмас тәжірибе дер едім. Өйткені осындай мәдени шараларға қатысу арқылы көп нәрсені үйреніп, шабытымызды шарықтата түсеміз, – деп ой бөлісті жас суретші Рүстем Беркінбаев. 

Көрме барысында хабарланғандай, жас суретшілер, мүсіншілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері мен өнер­танушылар арасындағы ең үздік көр­кем шығармалар байқауы жария­ланды. Маусым, желтоқсан айларында қорытындыланатын байқау нәти­жесі негізінде үздік шығармалардың көр­месі ұйымдастырылып, байқау жұ­мыс­тарының каталогы басып шы­ғарылады.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»