Футбол • 22 Ақпан, 2019

Қазақстанның футболшылары Молдованы ұтты

416 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркияның Анталия қаласында өткен матчқа Қазақстан мынадай құрамда шықты: Непогодов, Ерланов, Малый, Тұрсынбай, Мирошниченко, Шомко, Перцух, Нұрғалиев, Федин, Мұртазаев және Тұрысбек.

Қазақстанның футболшылары Молдованы ұтты

Бәсекенің басынан жерлестеріміз ойын тізгінін қолға алғанымен, олар ұзаққа дейін қарсыластар қақпасын дәл көздей алмады. Молдова сауатты қорғанып қана қоймай, ара-тұра шабуылға да шықты. Үзілістен кейін жуырда ғана ұлттық командамыздың бас бапкері болып тағайындалған чехиялық маман Михал Билек Игорь Шацкий, Марат Быстров және Оралхан Өміртаевты алаңға шығарды. Бұл өте дұрыс шешім болды. Кездесудің 61-минутта Өміртаевтың шірене тепкен добы маңдайшаға тиіп барып, қақпа торынан табылды ­– 1:0. Одан кейін есеп өзгерген жоқ.

Енді Қазақстан құрамасы өзінің келесі кездесулерін 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында өткізеді. 21 наурызда біздің футболшылар Шотландиямен шеберлік байқасады.

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»