Бірақ бір адамның жасаған ізгі ісінен құлағдар болған екінші адамның бойында да қайырым етуге деген ынта оянатыны ақиқат. Осы ретте, әсіресе қолында артық қаражаты бар кәсіпкерлердің мұқтаж жандарға жасаған игі амалдарын айтуымыздың жөні бар. Осындай игі іс Жетісу топырағында жалғасып жатыр. Жақында өңірге танымал меценат-кәсіпкер Асқар Сүлейменов Талғар ауданы Гүлдала ауылынан мұқтаж отбасыға баспана сатып алып берді. Жанболатовтар әулеті бұған дейін ауылдағы монша үшін салынған ғимаратты паналап келген екен.
– Қуаныш Жанболатовтың отбасы ескі моншада тұратынын әрі отағасының мүгедек екенін әлеуметтік желіден көріп, хабардар болдық. Бейнежазбаны көрген облыс әкімі Амандық Баталов Талғар ауданындағы іскер азаматтардан қолұшын беруді өтінді. Алғашқы болып үн қатқан меценат Асқар Сүлейменов отбасына үй сатып алып беретінін айтты, − дейді бізді оқиға барысынан хабардар еткен облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Ал отағасы Қуаныш Жанболатов билік тарапынан мұндай әрекет күтпеген екен. Ол баспаналы болғанын облыс әкімінің өзі келіп, жаңа үйге көшетінін айтқанда барып бір-ақ білген. Ұйғыр ауданының тумасы өндірістік жарақаттың кесірінен бір көзінен айырылыпты. Қазір жұмыссыз. Мұқтаж отбасын жарылқаған меценат Асқар Сүлейменов Қуанышқа ауылдан лайықты жұмыс тауып беруге уәде берді. Демек, бұл игі іс айтуға тұрарлық жайт.
Сондай-ақ Алакөл ауданында да баспанаға мұқтаж отбасылардың өтініші қанағаттандырылды. Жақында аудан әкімі Әлібек Жақанбаевтың тапсырмасымен Бескөл ауылдық округінде екі әулетке тұрғын үй қорынан пәтер берілді. Бескөлдік жалғызбасты әке Николай Одуденко 3 баласын бағып-қағып отыр. Жағажайдағы қонақ үйлердің бірінде қара жұмыс істейтін Николай әулетімен ескі үйді паналап келген еді. Баспана деген аты болмаса, бұл үйде балалардың сабаққа дайындалуына, алаңсыз ойнауына еш мүмкіндік жоқ-тұғын. Балаларының үшеуі де сабақты жақсы оқиды. Виктория алтыншы, Владимир төртінші, ал Сергей екінші сыныпқа барып жүр. Жалғызбасты әкенің жайынан хабардар болған аудан әкімі Николайға Бескөл ауылынан 2 бөлмелі пәтер берді. Қазір орталықтан жылитын үйге қоныстанған әулеттің қуанышында шек жоқ.
Осы Бескөл ауылдық округінің «Загатзерно» ауылында тұратын көп балалы тағы бір отбасының да жағдайы мәз емес еді. Александра Мельникованың 10 баласы бар. Өзі жалғызбасты ана. Бескөлдегі балық зауытында жұмыс істейді екен. Бар тапқан-таянғанын балаларының аузына тосатын Александраның басында баспанасы жоқ. Аудан әкімдігіне жазған өтініші қаралып, жақында бұл әулетке де 2 бөлмелі пәтер берілді.
– Өңірде көп балалы отбасыларға көрсетілетін көмектің көлемі жыл сайын артып келеді. Оларды азық-түлікпен, киім-кешекпен, тұрмыстық заттармен, қыстық көмірмен қамтамасыз ету, басқа да материалдық қолдау көрсету бойынша түрлі шаралар бар. Баспана жайын да қолдан келгенше шешіп жатырмыз. Былтыр аудан орталығы Үшарал қаласында салынған 20 және 60 пәтерлі тұрғын үйден әлеуметтік жағынан аз қамтылған бірнеше отбасыға пәтер бердік, − дейді Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев.
Жалпы, Алматы облысында 2 мыңнан астам көп балалы ана тұрғын үй кезегінде тұр екен. Өткен жылдың желтоқсан айында аймақ басшысының қабылдауына жазылған бір топ көп балалы ана Талдықорған қаласындағы тұрғын үй кезегіне қатысты мәселе көтерген болатын. Сол кезде облыс әкімі А.Баталов «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне үй кезегіне қатысты туған проблеманы бақылауына алып, оңтайлы шешуге уәде берген еді. Мұнан бөлек, Алматы облысында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға деген қамқорлық ниет ерекше деуге болады. Әсіресе көп балалы отбасылардың өмір сүру деңгейін арттыруға баса мән берілуде.
– Облыс әкімдігі көп балалы аналарға көмек ретінде «7-20-25» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз 1 миллион несие беріп, Талдықорған қаласындағы жаңа коттедж қалашығынан және салынып жатқан көп қабатты екі тұрғын үйден пәтер сатып алуларына жағдай жасамақ. Биыл облыс әкімінің оқу грантын тағы да 100 грантқа көбейтеміз. Мұның жартысы көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға беріледі. Ал аз қамтылған отбасылардың тұрғын үйлерін газға қосу бағасын инвесторлар есебінен төмендетуге кірістік. Біз жеке тұрғын үйлерге тегін газ өлшеу қондырғысын орнату үшін де қаржы қарастырып жатырмыз, − дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы