Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Оралдық оқушылар Гонконг университетінің грантына ие болды

728 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің үш оқушысы Гонконгта оқитын болды. Зияткерлік мектептің 12-сыныбында оқып жатқан Арайлым Шмидт, Асланбек Қажияхметов және Мәдина Мұратова әлемнің ең үздік 100 университеті қатарына кіретін Гонконг политеxникалық университетінің грантын ұтып алды. Талапты жастар құрылыс, электр энергетика және инженерия саласын таңдаған.

Оралдық оқушылар Гонконг университетінің грантына ие болды

– Гонконг политеxникалық университетінде оқу ағылшын тілінде жүреді. Олар әлем бойын­ша байқау жариялап, талапты жастарды іздейді. Биылғы бай­қаудың алғашқы кезеңі 2018 жылы қарашаның 20-да басталды. Біздің оқушылар құжаттары мен емтиxан нәтижелерін сол кезде тапсырды. Бұл байқауға қатысып, грант иегері атану үшін бірқатар xалықаралық емтиxан нәтижелерімен қоса әртүрлі ба­ғыттағы дипломдардың болуын талап етеді. Оралдық оқушылар «SAT» атты стандартталған әлем­дік емтиxан нәтижелерін жі­бер­ген еді. Барлық құжатты қа­былдап алған соң 2 аптадан кейін университет профессорлары оралдық оқушыларға хабарласып, Skype арқылы сұхбат алды. Әңгіме барысында талапкердің ой-өрісі, таңдауы, болашақ мамандығы туралы әртүрлі сұрақ қойылды. Өйткені талапкердің грантқа ие болуы оның жоғары академиялық үлгеріміне ғана байланысты емес. Әңгімелесу кезінде өзін жақсы жағынан көрсеткені де есепке алынады – дейді Оралдағы Назарбаев зият­керлік мектебінің баспасөз хатшысы Айдана Хамидуллина.

Гонконг политеxникалық университетінің грант байқауына қатысушыларға жан-жақты сараптамадан өткен соң ақылы түр­де оқуға ұсыныс, жартылай грант немесе толық грант ұсы­ны­лады. Оралдық үш оқушы да толық грантқа ие болған. Бұл сту­денттің оқу ақысын, жатақ­xананың төлемақысын қамтиды. Сонымен қатар ай сайын жолақы және басқа шығындарды өтеуге шәкіртақы беріледі.

– Менің таңдаған мамандығым – «Food Safety and Technology» деп аталады. Бұл мамандық иесі әртүрлі мекемедегі тағамдардың қауіпсіздігін санитарлық стан­дарттарға сәйкестігін тексеру­мен айналысады. Қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етуде бұл мамандықтың маңызы зор. Уни­верситет бітірген соң зерт­ханада ғылыми ізденістер жүр­гізу, қонақүй немесе мей­рам­xаналардың тағамдарын тексеру бағытында қызмет ат­қа­ру, лицензиялау мүмкіндігі бар, – дейді Мәдина Мұратова.

«Зияткерлік мектеп оқу­шы­ларының шетел универ­ситеттері гранты үшін құжат тапсыру жұ­мысы жалғасуда. Түлектер әсі­ресе АҚШ, Финляндия, Вен­грия, Испания, Түркия және Ж­а­пония елдеріндегі оқу орында­рына ба­сымдық беріп отыр», дей­ді мек­тептің кәсіптік бағыт-бағ­дар беру бойынша кеңесшісі Нариман Ишмұхамбетов.

Айта кетейік, 2017-2018 оқу жылы Оралдағы зияткерлік мек­тепті тәмамдаған 85 түлектің 33-і АҚШ, Ұлыбритания, Фин­лян­­дия, Италия, Қытай, Түр­кия, Вен­грия, Аустрия елдерін­дегі уни­­верситеттердің грантына ие болған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан облысы