Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Озық білімді жастар – өркениетті елдің өзегі

746 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының құрылғанына биыл − 20 жыл. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығындағы халықшыл партия бүгінде еліміздің жасампаз дамуының берік тірегі болып, ең ықпалды саяси күшке айналды. Соның бір айғағы ретінде Мемлекет басшысы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Партияның білім, ғылым саласы бойынша көтерген бастамалары мен жүк­теген міндеттері еліміздегі білім ор­да­ларында тиімді іске асырылуда. Тоқсан жыл­дық тағылымды тарихы бар Қазақ ұлт­тық аг­рар­лық университеті мемлекет пен көш­бас­шы партия қойып отырған талаптар бо­­йын­­ша жаңа заман сұраныстарына бейім­деліп, стратегиялық міндеттерді еңсеріп келеді. Осы орайда, Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­си­­тетінің ректоры, ҰҒА вице-прези­денті, ака­де­мик Тілектес Есполовпен әңгімелескен едік. 

Озық білімді жастар – өркениетті елдің өзегі

– Биыл 27 ақпанда «Нұр Отан» пар­тиясының кезекті XVIII съезі өтеді. Өзіңіз басқарып отырған жоғары оқу орнында партияның талаптары мен алға қойған міндеттерін орындау мақ­сатында қандай ауқымды іс-шаралар атқарылуда?

– Елдегі тұрақтылықты, әлеуметтік келі­с­імді, экономикалық жаңару мен ру­ха­ни жаңғыруды басты назарда ұстап ке­ле жатқан көшбасшы партия құрылған күн­нен бастап қазақстандықтардың әл-ауқа­тын көтеруге мол мүмкіндік жасап, ұлт мүддесіне аянбай қызмет етуде. 

«Нұр Отан» партиясы билік пен халық­тың арасына алтын көпір болып, түс­іністік диа­логын орнатты. Алдағы съез­де де елі­міз үшін оң өзгерістер көп болатынына сенімдіміз. Қазақстан бола­шақта әлемнің озық 30 мемлекетінің қа­тарына енуге тиіс. Қазіргі кезде әлемде адам­дар­дың әл-ауқаты мен толық дамуы үшін жағ­дай жасау тәсілдерін жап­пай қайта пайым­дау жүріп жатыр. Заман өзгеріп, соған сай жаңа талаптар қойылуда. Осы бағытта Ел­бас­ы бастамасымен «Әл-ауқаттық қоғам: он­жыл­дықтың 10 мақсаты» атты «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағ­дар­ламасы қабылданып, іске қосылды. Атал­ған маңызды мақсаттарды жүзеге асыру­ға пар­тия мүшелері ғана емес, барша қазақ­стан­дық­тар атсалысуы керек. Біздің оқу орны да бұл мәселені шешуде шет қалып отырған жоқ.

Біздің мақсатымыз – ауылдан келген жастарға заманауи білім беріп қана қоймай, оларды кәсіби маман ретінде дайындау, ел мен жердің қасиетін баға­лай­тын тұлға ретінде қалыптастыру. Қазір­гі кезеңде университеттегі оқу мен тәр­бие жұмысын Елбасының «Бол­а­шақ­­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты маз­мұны терең мақаласындағы тұ­жы­рым­дарды негізге ала отырып қайта­дан қарастырдық. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы – «Нұр Отан» партиясының қазір­гі идеологиялық жұмысының негізгі плат­фор­масына айналды. Осыған байланысты Елбасы ұсынған «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Қазақстанның киелі жер­лерін­ің гео­графиясы», «Туған жер» т.б. жо­ба­­ларын жүзеге асыруда жастардың үлесі мол болу керектігіне мән беріп келеміз. 

2018 жылдың қортындысы бо­йын­ша бізд­ің бастауыш партия ұйымы Аста­на қаласында өткен бастауыш партия ұйым­­дарының республикалық форумында үздік деп танылып, «Өрлеу» номина­ция­сымен марапатталды. Жуырда ғана «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының кезектен тыс өткен ХХIII конференциясында биыл мектеп бітіруші 3 оқушыға Қазақ ұлттық аграрлық уни­вер­ситетінің оқу грантын алуға құқық бере­тін арнайы сертификат табыс етілді. 

Елбасы халыққа арнаған кезекті Жол­дауын­да ел экономикасын нығайту және халық­тың әл-ауқатын арттыру ба­ғы­тын­да жаңа міндеттер қойды. Жол­дауда айтыл­ған он міндеттің бірі – халық­ты қол­жетімді баспанамен қамту мәсе­лесі. Біздің ұжым үшін де бұл өзекті мәсе­ле. «Нұр Отан» партиясының тікелей қол­дауы­мен соңғы жылдары мемлекеттік тұр­ғын үй бағдарламалары бойынша уни­­вер­­ситеттің 185 қызметкері мен жас ма­ма­н­­дары пәтер алуға қол жеткізді. Бұл – уни­­вер­ситеттің партиямен бірлесіп атқа­­рып отырған игі жұмыстарының бір парасы ғана.

Өткен жылы университет Қазақстан­ның жоғарғы оқу орындарының арасын­да бірінші болып «Назарбаев білім және ғылым орталығын» ашты. Мақ­сат – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірлік қағидасы мен ж­асам­­паз идеясын пайдалану арқылы жас­тар­ды әлеуметтендіру және жан-жақ­ты көшбасшы ретінде тәрбиелеу. 

 – Осы орталықтардың мақсаты мен университеттің рухани тынысы туралы айта кетсеңіз.

– «Тарихты тұлғалар жасайды» деген қағидаға сүйенсек, мемлекетіміздің жаңа тарихы Елбасы есімімен тығыз байланысты. Ғаламдық деңгейдегі кемеңгер тұлғаға тән көрегендік қасиеттерге ие «Назарбаев феномені» әр қазақстандыққа үлгі-өнеге. Ұлт көшбасшысы қалып­тас­­­­тыр­­ған қазақстандық патриотизм рухы­­­­­ның қайнар көзі осы құбылыстан бас­­­­та­­­лады. Бұл орталықта жастары­мыз көш­­бас­­шылық қасиеттердің алғышарт­та­рын меңгеріп, шығармашылық өнер­ге үй­­ре­ніп, Елбасы кітаптарын оқып, көр­кем және деректі фильмдерді бірге көріп, маз­­мұ­нына талдау жасап, түрлі пікірт­алас, кездесу­лер өткізуді дәстүрге ай­нал­дырған. Орта­лық – «Менің Прези­дентім», «Елбасы кі­тап­ханасы», «Таза әлем», «Достық» сту­дент­тік ассамблеясы деп аталатын төрт залдан тұрады.

Университет бүгінде елордамыздағы «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітап­ханасымен» рухани, әріптестік қа­рым-қатынас орнатқан. Қазіргі кезде жаңа кітапханамыздың қорында Елбасының ең таңдаулы кітаптарының 1500-ден астам данасы жинақталған. Бұл – біз үшін, білімге ұмтылған белсенді жастарымыз үшін үлкен олжа. 

«Ядролық қарусыз әлем» қағидасын ұстанып, дүниежүзінің алдында жаппай қырып-жоятын ядролық қарудан бірінші болып бас тартқан Елбасы бейбітшілік пен татулықтың ерен үлгісін көрсетіп келеді. Осы орайда университетімізде Президент идеясынан туындаған «Таза әлем» ғылыми-танымдық орталықтың бөлімі жұмыс істейді. 

Студенттік «Достық» ассамблеясы «Нұр Отан» партиясымен, «Жас Отан» жастар қанатымен, Елбасының достық, тату­лық, толеранттылық қағидаларын ұс­танады. Ол Алматы қаласындағы 38 ұл­т­тық этно-мәдени бірлестіктермен ты­ғыз байланыс орнатып, университетте халық­тардың этнографиясынан, тарихынан, мәдениетінен, шаруашылығы мен дәстүр-салтынан мағлұматтар беретін бірден-бір мұражай-көрме жұмыс істейді. 

«Жастар жылы» аясында универси­тет жақында М.Әуезов атындағы ака­демиялық драма театрында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, ұлттық этно-мәдени бірлестіктермен бірге «Бір шаңы­рақ астында» атты «Достық фес­тивалін» өткізді. Бұл шараға Алматы қала­сының жоғары оқу орындарының өкілдері, ғылым мен мәдениет қайрат­керлері, студент жастар қатысты.

Оқу орнындағы тәрбие жұмыстары­ның бір бағыты – жастарды халыққа бел­гілі, атақты тұлғалар арқылы тәрбиелеу. Осы бағытта 2004 жылы университет жанынан құрылған О.Сүлейменов атындағы Әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты жұмыс істейді. Сонымен қатар ауылшаруашылық өндірісі мен ғылымының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан еңбек ерлерінің галереясы да жастарымыздың танымын кеңейтуде. Бикен Римова атындағы қыз балаларға арналған «Әдеп», Бауыржан Момышұлы атындағы ұлдарға арналған «Қарыз бен парыз» клубтарының да жас ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор. Жас­­тарымыз Октябрь Жарылғапов атын­­дағы волейбол және Тимур Сегіз­баев атындағы футбол клубтарында, ұс­таз-ғалым­дарымыз арнайы спорт кешен­­­дерінде саламатты өмір салтын қалып­тас­тыруда.

Мемлекет басшысы елімізде Қазақ­стан халқы Ассамблеясын құру арқы­лы «Береке басы − бірлікте» деген ха­лық даналығын қастерлеп, халықтар ара­сын­дағы өзара келісім мен достық қарым-қатынасты бекемдей түсуде. Осы Ассам­блея 2004 жылы ашылған уни­­вер­ситет­тің «Достық» студенттік Ассам­блея­­сы­­ның құрылтайшысы. Бұл − үлкен се­нім, жас­тар үшін мәртебе және тәрбие өзегі.

Халықтар бірлігін нығайтып, олардың өзара қарым-қатынасын патриоттық тұрғыда қалыптастыру мақсатында 27 ұлттың жастары университеттегі 10 оқу ғимаратында білім алып, 12 студенттер үйінде ауызбіршілікте бірге тұрады. Бар­лық тәрбиелік мәні бар шараларды студенттер өздері ұйымдастырып, жүр­гізіп, ерекше белсенділікпен қатысады. 

Оқу орнымыздағы «Жас Отан» жас­тар қанаты жүйелі түрде әлеуметтік қол­дауды қажет ететін студенттерге жан-жақты көмек көрсетіп, қарттар үйлері мен балалар үйлерінде қайырымдылық шара­ларын өткізіп, университет арда­герлерін қамқорлығына алып келеді.

Бүгінде біздің университетке, оның ішінде «Назарбаев білім және ғылым орталығына» арнайы келушілер саны күн сайын артуда. Белгілеген кесте бо­йы­нша бұл орталықтарға Алматы қала­сы мен басқа аймақтардағы жоғары оқу орын­дары студенттері мен мектеп оқу­шы­лары ерекше қызығушылық танытып, жүйелі түрде келуде. Университетке келу­ші шетелдік қонақтар да орталық жұ­мы­сымен танысып, үлкен әсер алып қайтады. 

Қазіргі уақытта Алматы облысындағы Тұңғыш Президент мұражайына маз­мұн­дас болатын ұлттық тарихи-таным­дық орталық ашылуда. Бұл «Назарбаев білім және ғылым орталығының» жаңа бөлімі. Онда Ұлы дала тарихы мен ұлт­тық құндылықтар қамтылатын болады. Осы­ның бәрі бүгінгі жастар «ұлттық код» пен түп-тамырын білуі үшін іске асырылып отырған игі шаралар. 

– Жуырда ғана «Жастар жылы» аясында «Жас ғалымдардың отан­дық агроөнеркәсіптік кешенінің индус­триалды-инновациялық дамуына үлесі» атты кезекті Халықаралық форумын өткіздіңіздер. Осы игі бастама жө­нін­де тарқатып айтып берсеңіз.

– Бұл – мемлекет тарапынан жас­тарды қолдауға бағытталған маңызды қадам. Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жат­қан бүгінгі жас буын еліміздің ертең­гі үміті, сенімді тірегі. Осы орайда, уни­вер­ситетімізде білім алушылардың 90%-ы – республикамыздың әр аймағы­нан келген ауыл жастары екенін баса айтқым келеді.

Университет ұйымдастырған Жас ғалым­дар форумының мақсаты – Қазақ­­стан­ның аграрлық ғылымы мен агроөнер­кәсіптік кешенінің маңызды міндет­терін шешуде жас ғалымдардың шығар­машы­лық белсенділігін дамыту және интел­лек­туалды күштерін біріктіру. Форум­да жас ғалымдар өсімдік, мал шаруа­шылы­ғын­дағы агроинновация, табиғи ресурстар­ды басқару, жаңа тех­но­логиялар және агро­техникалық қон­дыр­ғыларды пайда­лану, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндеу технологиясы, ветеринария, жасыл эконо­мика, су ресурстарын басқару, тағы бас­қа бағыттар бойынша тәжірибе алмас­ты. Бұл форумда шетелдің сарапшы-ғалым­да­ры университеттегі Агробизнес-инку­ба­тор­дың жас ғалым­дары дайындаған 80-нен астам start-up жобаларымен танысып, оң бағасын бер­ді. Осы форуммен қатар университетте дәстүрлі «Халықаралық қысқы мектеп-2019» өз жұмысын бастады. Екі апта бойы өтетін Қысқы мектеп жұмы­сына әлемнің 10 мемлекеті және Қазақ­станның 14 аймақтық жоғары оқу орын­дар­ы­нан 300-ден аса жас ғалым қатысуда. 

Аталған ғылыми шаралар студент­тері­міздің білімін тереңдетіп, әлемдік ғылыми кеңістікке жол ашатыны сөзсіз. Мақ­сатты түрде жүргізілген осындай жұмыс­тардың нәтижесінде өткен жы­лы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы ғылым жөніндегі кеңес ұйым­дастырған халықаралық конфе­ренция аясында «ҚазҰАУ жас ғалымдарының кеңесі» республика бойынша ең үздік деп танылды. Соңғы 3 жылды алатын болсақ, жас зерттеушілеріміз 100 мыңнан 500 мыңға дейінгі ақшалай сыйақы алып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Біз­дің студенттеріміз ғылыми жобалардың «Science Slam – Алматы» республикалық конкурсында бірінші орынды иеленді. 2018 жылдың қазанында «Жасыл ел» жас­тар еңбек жасақтарының XIV респуб­ли­калық слетінде университетіміз елі­міздің «Үздік жоғары оқу орны» атанды.

– Мемлекет аграрлық салаға жаңа міндеттер жүктеп отыр. Осы міндет­терді іске асыру үшін білікті, білімді мамандар қажет. Алайда, ауылға қазіргі жас мамандар көп бара бермейді. Бұл мәселенің себебі неде?

– Елбасы бұл мәселені «Нұр Отан» партия­сы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында да атап өткен. Бүгінде Қазақстан бойынша үш жетекші аграрлық жоғары оқу орнында тек аграрлық мамандықтар­да 7,5 мың бала білім алады. Соның 70%-ы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқиды.  Ауылға жас мамандардың тартыл­мауы­ның себебі – соңғы жылдары аграр­­лық мамандықтарда оқитын қыз бала­­­лар­дың көптігі. Мысалы, уни­верси­тетімізде кейбір ауылшаруашылық маман­дықтары бо­йын­ша білім алатындардың жалпы санына шаққанда – 68% қыздар. Ер бала­­лардың басым бөлігі 9 сыныптан ке­йін колледжге түсіп, біраз бөлігі әскер қата­рына шақырылып, жоғары білімді ке­йін игерулеріне тура келеді. Алайда, әскер­ден кейін оқығысы келетіндер ҰБТ тап­сыр­ғанда көп жағдайда төмен балдық көр­сет­кішпен оқуға қабылданбай қалып жата­ды. Сондықтан, әскер қатарынан орал­ған жастарға аграрлық сала бойынша оқу­ға тапсырғанда бірқатар жеңілдіктер қарас­тырылуы тиіс деп есептейміз. Атап айт­қан­да, колледж бітірген ер балалар, әскер­­ден келген, өндірісте 3 жылдан ас­там ең­бек өтілі бар жастар 50 балл жина­ғанда кон­курс­сыз қабылдануы тиіс. Осы мәсе­лені біздің ұжым көп жылдан бері көте­ріп, тиісті органдарға бірнеше рет ұсыныс жолдадық.

Осы игілікті іс-шаралардың бар­лығы – жастарымыздың кемел келе­ше­гін қалып­тастыруға негізделген. Бұл бағытта университет мемлекет жүктеген міндеттер мен «Нұр Отан» партиясы қойып отырған жаңа талаптарды тиімді іске асыра бермек.

Әңгімелескен Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»