Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

«Хромтау – Алтынсарин» темір жолы қалай салынды?

358 реткөрсетілді

Еліміздің тұңғыш Президенті тәуел­сіздіктің елең-алаң шағы­ның өзінде көлік инфрақұрылы­мын дамыту мәселесіне баса мән берді. Соның ішінде оның аса ма­ңызды құрамдас бөлігі, нақты алға сүйрейтін локомотиві – темір ­жол көлігі. Кеңестік кезең­де ел аумағындағы барлық темір жол желісі Ресейге қарай салын­ғаны белгілі. Есесіне көлденең қа­тынайтын, республика өңір­лерін бір-бірімен байланыстыратын темір жол салынбады.

Мемлекет басшысы ең алдымен осы олқылықтың орнын толтыруға тырысты, сөйтіп қа­жет­ті қаражат пен техникалық мүм­кіндіктерді іздестіре білді. Бұл жөнінде Президент «Өмір өт­кел­дері» атты кітабында былай деген екен: «Ел экономикасы алға басып, қуаттанған кезде тұп-тура жарты триллион ақша бөл­дік те, 1200 шақырымдық жол сал­дық. Бұл сан айтуға ғана оңай. Са­қылдаған сары аяз бен аптап ыс­тықта әр шақырым тұрмақ, әр метр­ге шпал төсеп, рельс салу өте қиын шаруа. Біз соны жасадық». 

Мемлекет басшысының айтып отыр­ған уақыты екі мың жыл­дықтың тоғы­сына сәйкес келе­ді. Бұл егеменді ел атан­ға­ны­м­ызға он жылдан сәл асып бара жатқан кезең еді. Дәл осы тұста елі­міз­дің шығысында «Ақсу – Дегелең» темір жолы пай­далануға берілсе, еліміз­дің батысында ел-жұрт «Хромтау – Ал­тын­сарин» темір жолының игілігін көре бас­тады. Журналист ретінде кейінгі атал­ған аса ірі стра­тегиялық нысан құры­лысы­ның жүру барысын бірнеше рет көзбен көріп, 2,5 жылға созылған темір жол құрылысы аяқталған кезде осы жасампаз оқиғаға куә болудың сәті түсті. 

Бүгінде Мемлекет басшысы­ның баста­масымен жүзеге асқан ғасыр құры­лысы дерлік атау­ға ие аса ауқымды жоба жөнін­де көкейде сақталған бірқатар жайт­тар мен деректерді оқырман­дар наза­рына ұсынғанды жөн көрдім. Сала ма­мандары мен сарапшы­лары 400 шақы­рымды жалғай­тын өте ірі көлемдегі магис­траль құрылысы кем дегенде бес жылға жоспарланатынын мәлімдейді. Ал Президент белгілеген меже − екі-үш жыл. Аталған құры­лыстың күрделілігі сонда, Хром­таудан асқаннан кейін Мұғалжар тауының сілемдері басталады. Бұдан кейін темір жол салушылар бірнеше өзендер мен көлдерді және қараған мен шілік өскен құла дүзді кесіп өтуге тиісті. Оның үстіне тек темір жол емес, оның бойында ондаған көпірлер мен стансалар және бекеттер салынғанын ескерсек, уақыт жағынан ұтудың өзі оңай іс емес екені бірден көрінеді. Сон­дай-ақ Алтынсаринге шыға­тын жолдың бастауында пойыз құрамын 40 градус өрге сүйрейтін күрделі учаскелер бар. Салынған жолдың бұралаң болуы да сон­дықтан. Әйтпесе тепловозға сал­мақ түседі. Сөз жоқ, тау мен тас­ты жарып жол төсеу қол­бай­­лау туғызады. «Хром­т­ау – Алтын­сарин» темір жолы құры­лы­­сы­мен танысу барысында көзіміз ай­қын жеткен жайт – оның сырт адам біле бермейтін иірімдері, қырлары мен сырлары мол екені. Себебі темір жол күнде салына бермейді. Сирек әрі белгілі бір өңір­де тек бір рет салынады. 

Журналистік іссапар кезін­де жобалау­шылардың басқосуы­на куә болып, осында айтыл­ған өндірістік ұсыныстар мен пікірлерге құлақ түргенім бар. Сонда есімде қалғаны «Ырғыз» стансасын салу жобасы біраз талас-тартыс туғызғаны. Өйткені оны жобалау кезінде мамандар жергілікті жердің жағдайы мен ерекшелігін ескермепті. Яғни, әр екі-үш жыл аралығында бұл маңда көктемде үлкен көл пайда болады екен. Оның Бөгеткөл деп аталуы да содан шығар. Осыған қатысты бекетті қай тұстан салу керектігі жөнінде әртүрлі ұсыныс айтылды. Бір тоқтамға келу қиын соқты. Осындай екіұдай пікір­лерді мұқият тыңдап, сара­лағаннан кейін осы істің басы-қасында жүрген сол кездегі Көлік және коммуникация ми­нистрінің бірінші орынбасары Қабиболла Жақыпов бүкіл жауап­кершілікті өзіне алып, кар­таға өз қолымен өзгеріс енгі­зіп, оңтайлы да сәтті шұғыл шешім қабылдай білді. Бұдан кейін техникалық пойыз жүре бастап, темір жол құрылысының жүгі әжептәуір жеңілдеп сала берді. Яғни, көліктің бұл түрі жол құрылысына қажетті жүкті түйе сияқты өзі арқалап жеткізе бас­тады. Жұмыстың ең ауыры – 2,5 миллион текше метр топырақты үю болған секілді. Келесі жылы оның мөлшері 3,5 миллион текше метр болғанын білдік. 14 жыл бұрын «Хромтау – Алтынсарин» темір жол құрылысының аяқ­талуына байланысты түйісу де осы жерде болды. 

Оның ашылу рәсіміне осы үлкен жобаның бас иесі, Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаев қаты­сып, сөз сөйледі. Осы арада атал­ған темір жол құрылысы жалаң емес, кешенді әлеуметтік си­пат­тағы құры­лыс болғанын айту­ға тиіспіз. Айта­лық, Әйтеке би ауда­нында жаңа стра­тегия­лық ны­санның іске қосылуына орай 800 адам жаңа жұмыс орны­мен қам­тылды. Соңғы жылдары мұн­да темір жол депосы салынды. 

Темір жол – өмірді қозғалысқа келті­ретін, оған жаңаша әр мен нәр беретін қуатты құрылым. Бұл ретте құлан жортса, тұяғы тозатын, қыран ұшса, қанаты талатын ұшы-қиырсыз дала өзгеше бір түр мен келбетке енгені, осы арқылы аудан инфрақұры­лы­мы түбірімен өзгерді. Екі мы­ңын­шы жылдардың бас кезін­де «Хро­мтау − Алтынсарин» темір жолы құ­ры­лысына 30 миллард теңге бөлінген екен. Сол кездің өлшемінде мұның өзі бір облыстың жылдық бюджетінің мөл­шері екенін айтсақ та жет­кілікті шығар. 

14 жыл бұрын тұңғыш Прези­де­нтіміз Нұрсұлтан Назар­баев­тың екі жақтан бас­тал­ған темір­ жол құрылысының түйі­суі кезін­де айтқан сарабдал сөзі әлі күн­ге дейін ой-санамда жаң­ғы­­рып тұр­ған­дай. Мемлекет бас­шы­сы­ның айтуынша, «Хром­тау − Ал­тынсарин» темір жолын­сыз бір­­де-бір мемлекеттік бағдар­ла­ма­­ны, соның ішінде тұрғын үй құ­ры­­лысы мен аграрлық мәсе­лені және индустриялық-инно­ва­ция­лық даму бағдар­ламаларын ой­да­ғыдай жүзеге асыру мүмкін емес. 

Мұның мәнісі мынада, деген болатын Нұрсұлтан Әбішұлы, бұрын Қазақстанның өз ішінде жүк тасымалдау үшін пойыздарға Ресейдің шекаралас өңірлері арқылы жүруге тура келетін. Енді бұлай болмайды. Өйткені жаңа жол, біріншіден, еліміздің орта­лығы мен шығысын жалғас­тыр­са, екіншіден, орталық пен батыс­тың арасын жақындата түседі. Бұл жоба солтүстік және орталық облыстардан азық-түлік өнімдерін батыс жаққа тікелей тасымалдай алады. Оның үстіне жаңа темір жол бойындағы мыс, никель, темір рудасы секілді жаңа кен орындарын игеру үшін мол мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ жаңа темір жол жолаушылардың жолда жүру уақытын әжептәуір қысқартты.

 «Хромтау − Алтынсарин» темір жолы­ның іске қосылуы арқылы көрші мем­лекетке кіріп­тар­лықтан, Ресей кеден­­ші­лері мен шекарашылары алдында сағат­тап уақыт жоғалтудан құтылдық. Жүк по­­йызын айтпағанда, Аста­наға жо­­лау­­­шылар пойызы тура тарта­ды. Оның үс­тіне ғасыр құры­лы­сы Ақтөбе және Қос­танай облыс­та­рын­дағы алты аудан­ның әлеу­мет­тік-экономикалық пробле­ма­лары­ның шешілуіне ықпалын тигізді.

Түптеп келгенде, мұның бәрі тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың елге тигіз­ген шапағаты. 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ, 

Қазақстанның құрметті журналисі 

АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар