Қоғам • 22 Ақпан, 2019

Қай министрлік мемқызметшілерге артық жұмыс істетіп отыр

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі артық жұмыс істеу фактілеріне қатысты кезекті тексерістің нәтижесін жариялады. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА хабарлады.

Қай министрлік мемқызметшілерге артық жұмыс істетіп отыр

Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті директорының міндетін атқарушы Мәдина Наурызбектің айтуынша, мемлекеттік органдарда артық жұмыс істеу фактілері қызметкерлердің жұмыс сапасы мен олардың денсаулығына кері әсерін тигізеді.

Осыған байланысты арнайы жүйе енгізілді. Соның негізінде артық жұмыс істейтін мемқызметкерлерді анықтауға мүмкіндік бар.

«Биыл қаңтар айында мемлекеттік органдарда үстеме жұмыс фактілері бойынша «СКУД» жүйесінің деректеріне кезекті талдау жүргізілді. Өткен жылдың қыркүйек және желтоқсан айларымен салыстырғанда оң серпін байқалады. 2018 жылдың қыркүйегінде 12 739 сағат болса, желтоқсанда меморгандарда артық жұмыс 4 790 сағатқа дейін азайды.

Ал қаңтар айында аталған көрсеткіш 1 194 сағатқа дейін қысқарды», - деді М.Наурызбек Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, бірқатар мемлекеттік органда артық жұмыс істеу фактілері мүлдем жойылды деуге болады. Соның ішінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Әділет министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі бар.

«Қалған мемлекеттік органдарда үстеме жұмыс фактілерінің айтарлықтай азайғаны байқалады. Аймақтарда да солай. Сонымен қатар, жекелеген министрліктерде әлі де үстеме жұмыс фактілері бар. Мысалы, Сыртқы істер министрлігінде қаңтар айында 369 сағат үстеме жұмыс анықталды. Денсаулық сақтау министрлігінде 151 сағат анықталды. Осыған байланысты барлық мемлекеттік органға тиісті шараларды қабылдауға қатысты ұсыныстар берілді», - деп атап көрсетті М.Наурызбек.