Аймақтар • 22 Ақпан, 2019

Алматы әкімі Германия мен Грецияның елшілерімен кездесті

619 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Германия Федеративтік Республикасы және Грек Республикасы елшілерімен екіжақты кездесулер өткізді. Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, болашақта туризмді дамыту, инновация саласында тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы әкімі Германия мен Грецияның елшілерімен кездесті

Әлемдік экономикадағы дағдарысқа қармастан ГФР мен Алматы арасындағы тауар айналымы өткен жылдың 9 айы ішінде бұрнағы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 45%-ға өсті. Қалада германдық капиталмен 254 компания жұмыс істейді.

Электроавтобустардың үшінші буынын шығаратын қазақстандық-германдық-гонконгтік «Falcon Eurabus» зауыты өзара ынтымақтастықтың жемісі болып табылады әрі оның өңірде алғашқы 300 орынды автопаркі бар.

ГФР елшісі Тило Клиннер жыл сайын өтетін «Қазақстандағы Герман экономикасының күндері» бизнес-форумының іскерлік байланысты нығайтуға оң ықпал ететінін ерекше атады. Қазақстан-Неміс университетінің, DAAD академиялық алмасу жөніндегі Неміс қызметінің және ТМД елдеріндегі жалғыз неміс драма театрының арқасында мәдени және біліми тәжірибе алмасу дамуда.

Өз кезегінде Қазақстандағы Грецияның елшілік миссиясының басшысы Александрос Катранис Алматы өңір үшін барынша тартымды туристік дестинация екенін айтты. Қалаларды технологиялық жағынан дамыту үшін өзара тәжірибе алмасу болашақтағы маңызды іс болатыны атап өтілді.