«Бөбектегі» ертегі әлемі
Бейсенбі, 23 тамыз 2012 7:25
Балалық шақ – бақытты шақ болуы керек. Ғұламалар бізге осындай өсиет қалдырған. «Тәрбие – ұлағатты іс» – деп ұлы ойшыл Әл-Фараби айтпақшы, әрқашан да мәртебелі, әрқашан да мінбері биік игі істер қатарындағы тәрбиенің негізгісі – денсаулық тәрбиесі болып отыр.
Бейсенбі, 23 тамыз 2012 7:25
Балалық шақ – бақытты шақ болуы керек. Ғұламалар бізге осындай өсиет қалдырған. «Тәрбие – ұлағатты іс» – деп ұлы ойшыл Әл-Фараби айтпақшы, әрқашан да мәртебелі, әрқашан да мінбері биік игі істер қатарындағы тәрбиенің негізгісі – денсаулық тәрбиесі болып отыр.
Президент Н.Ә.Назарбаев «Жаңа әлемдегi жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында елiмiздiң дамуының жаңа кезеңiндегi мемлекеттiк саясаттың бiр бағыты медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесiн дамыту болуы керек деп атап көрсеттi. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасының белгілі міндеттерінің бірі – Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiн дамыту және жетiлдiру. Еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызы Назарбаеваның балаларға жасап отырған қамқорлығын тізбелей беруге де болар еді. Десек те, солардың ішіндегі ең маңыздысы – «Республикалық «Бөбек» балаларды сауықтыру-оңалту орталығы» деп батыл айтуымызға болады. Бұл орталық 1997 жылы 5 қарашада ашылған болатын.
Бүгінде «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы еліміздің барлық аумағындағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, балалар үйі мен экологиясы нашар аудандардағы балаларға белсенді түрде көмек қолын созып келеді. Мұның ішінде ең нәтижелі бағдарламалардың бірі ретінде денсаулық сақтау қызмет кешенін айтуымыз орынды. Жыл бойында бұл кешенге еліміздің шалғай аудандарынан 1500-ге жуық бала келіп, денсаулығын жақсартады. Ал мамыражай жаздың демалысында балалар денсаулық сақтау лагерінде болып қайтады. Жалпы, 15 жылдың ішінде мұнда 30 000-дай бала болды.
Орталық қызметкерлері әр баланың әлеуметтік жағдайымен толық танысады. Ең басты мақсат – балалар денінің саулығы ғана емес, сонымен қатар, рухани-адамгершілік қасиеттерді игеруіне ықпал жасау. Бұл үрдістің бірінші қадамы балалардың күнтізбелік кестесінде көрсетілгендей, шаттық шеңберімен басталады. «Өзін-өзі тану» негізінде білім беру тұжырымдамасында үздік деп танылған оқыту түрлері мен мазмұны қолданылады.
Орталыққа келген балалардың толыққанды рухани-үйлесімді дамуы үшін барлық жағдайлар қарастырылған: жарық та әдемі ғимаратпен, тамаша емдік-сауықтыру кешені және бассейнмен қамтамасыз етілген. Барлық жерде балалардың ойдағыдай тынығуына, спорттық ойын кешендері, жазғы саябақтар, бау-бақшалар, ән-би орындары, кітапхана, кино, концерт залдары, психологиялық тынығуға арналып жабдықталған сенсорлы және демалыс бөлмелері мектеп жасындағы балалардың уақытты тиімді өткізуіне зор мүмкіншілік жасайды. «Бөбек» сауықтыру орталығында балалар өз денсаулығын шынықтыру барысында альфа капсула, сауна, тіс дәрігері, физиотерапиялық емдеу, сәулемен емдеу, бумен тыныстау, гидро, тұзды, шырша ванналарын қабылдайды. Қазіргі уақытта сауықтыру 22 күндік курстан тұрады.
Лагерьде балалар көптеген қызықты танымдық іс-шараларға қатысады. Обсерваторияға, кітапханаға бару, КТК (Көңілді тапқырлар клубы) ойындары, ән-би конкурстары, түрлі викториналар және «Бөбек» таңғажайып әлемімен еркін таныса алады. Орталықта өткізген күндерден ұмытылмас сәттер, жаңа танысулар, жаңа достар, естен кетпес әсер алу да осы «Бөбектегі» ертегі әлемінің жарқын көрінісі.
Шолпан ҚОЛЫМБАЕВА,
«Бөбек» ҰҒПББСО Бас директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент,
Ардақ ҚҰЛТАЙ,
«Бөбек» Ұлттық орталығының аға ғылыми қызметкері.